Діни экстремизммен күрес – ортақ міндет
Діни экстремизммен күрес – ортақ міндет
210
оқылды

Халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмнің қатері мол. Осыған байланысты елімізде «Экстремис­тік қызметке қарсы қимыл жасау туралы» заң қабыл­да­нып, бірқатар діни ағымның қызметіне шектеу де қо­йылды.

Ұлттық қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ бірқатар халықаралық келісім-шарттарды орындау мақ­сатында халықаралық тер­рористік ұйымдардың респуб­лика аумағында әрекет етуіне тыйым салынды. Дегенмен олар өз жұмыстарын астыртын жүр­гізуін қоймай отыр. Сонымен қатар  жат ағымдар мен секталар өз қатарын толықтыру мақ­са­тында түрлі әдіс-айлаға барады. Жақында Қарағанды облысы­ның Дін істері басқармасы «Діни экстремизм мен терроризмнің ал­дын алу» тақырыбында жо­ға­ры оқу орындары және колледж студенттерімен онлайн кездесу өткізді. «Экстремистік және терро­рис­тік діни ағымдарға қарсы тұру өте өзекті. Жастардың психи­касына әсер етіп, теріс ағы­мға тартушылар олардың жанды тұстарын біледі. Көбіне жастарды өз қатарларына қосу үшін интернет арқылы үгіттейді. Интернетпен  жұмыс істеуінің бірнеше себебі бар. Атап айтсақ, жас аудиторияға қолжетімді, жасырын байланыс, ақпарат берудің жоғары жылдамдығы, арзан және пайдаланудың қарапайымдылығы», – дейді Қарағанды облысының Конфе­ссияаралық қатынастар проб­лемаларын зерттеу және талдау орталығының мамандары. Иә, жастарға ой саларлық жиындар Қарағанды облысында жақсы жолға қойылған. Мы­салы, 2020 жылы дұрыс жолдан адаспау үшін қажет мағлұмат берілді.  Жиынға келген маман­дардың мәліметінше, террорис­тердің бойындағы жантүршігер­лік әрекеттерге бастайтын ауыт­қулар жай ғана радикалды әрекет­терге икемділіктен немесе лингвистика ғылымының кейбір жанрларын білмегендіктен пайда болады екен. «Лингвис­тиканың дінге не қатысы бар?» деп ойлауыңыз мүмкін. Ал егер, дін жолында адасушы араб тілін білмесе, онда ол арабтың мә­дениетінен де хабары жоқ деген сөз. «Нұр-Мүбарак» Ислам мә­дениеті университеті жанындағы экстремизмнің алдын алу сала­сын­дағы мамандарды қайта даяр­лау институтының дирек­торы Асқар Сабдиннің айтуын­ша, Құран мен хадистен хабары жоқ, исламның іргелі төрт мәсһабының бірін де білмейтін әсіредіншілдер осылайша өздері байқамай тығырыққа тіреліп, қате бағытқа түсіп кетеді. Олардың айтуынша, кейінгі жыл­дары жиһадшылар қатары азайып, оның орнына біртіндеп саяси заңдарды қол­даған сыңай танытуға бейім­делгендер пайда болуда. – Зорлық-зомбылықты жақ­тайтын радикалды экстремистер көлеңкеге кеткен уақытқа кел­дік. Олардың орнына көп­шілік алдында рөл ойнайтын, қоғам­мен өз тілінде сөйлесе алатын жастар келді. Сондықтан да біз тамырын дөп басып, олардың экстремистік арандатушы сөз­деріне дер кезінде жауап беріп отыруға тиіспіз, – дейді теолог. Асқар Сабдин: «радикалдар арасында үш айқын бағыт бар. Алғашқысы – исламда құптал­май­тын және халифтер мен діндар­лар арасындағы басты проблема – дінді саясиландыру. Екіншісі – эсктремизм күшейген сайын сәләфизм бағытындағы діндарлар арасында сыбайлас жемқорлық тамыр жая түседі. Үшінші және қауіптісі – алдың­ғы екеуінен кем емес, астыртын әрекет ету мәселесі. Бұл жағдай­да адамның сыртқы келбеті ал­дам­шы болып, зайырлы құнды­лық­тарға бейімділігін көрсетеді. Ортасын сөзіне сендіреді, ал шын мәнінде іштей жасырын жа­ман ойын іске асырып, дес­трук­­тивті әрекеттерге барады. Дәл осындай теріс пиғылды адамдар қазақстандық қоғамның мемлекеттілігі мен бірегейлігін бұзып, берекесін қашыруға барын салады», – деді ол. Дәріскер теологияның екі түріне тоқталды. Олар: автори­тар­лық және ұтымды. Екін­шісінің жақтаушысы әлемнің екінші ұстазы атанған көрнекті ойшыл бабамыз әл-Фараби болса, қазіргі ислам әлемінде бірін­ші түрі басымдыққа ие екен. Сонымен қатар авторитар­лықтың рөлі күшеюде. Сон­дықтан да дінтанушылар үшін радикализм сияқты ұғымдарды терең білу – маңызды. Теологтың мәлімдеуінше, тағы бір басты мәселе – адамның өзіне сенім­сіз­дігі. «Көбінесе экстремистік көзқарастағы адамдар діни мәтіндердің мағынасын жете түсінбейді. Олар өздері оқыған бір дерекке сүйеніп алып, сол пікірін өзгертпейді. Бірақ олар бір сөздің түрлі астарлы мәні болуы мүмкін екенін ойламайды. Лингвистика ғылымының жан­рларымен таныс емес радикалдар метафора, аллегория, сөздің көпмағыналылығы сынды сөз түрлендіру тәсілдерін мүлдем білмейді», – деді ол. Иә, адасып барып жол тап­қан­ша, басқа сүрлеуге түсіп кетпеуді ойлауымыз керек. Ол үшін дін атын жамылған, теріс пиғылдарын іске асырмақ болған экстремистер мен лаң­кес­терге қарсы тұру – бәрімізге ортақ міндет. Егер біз лаңкес­тер­дің лас әрекеттерінен тазарған әлемді көргіміз келетін болса, күш-жігерімізді дәл осы мақсат­та жұмсауымыз керек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы