Төбелестен кейінгі төбелес
Төбелестен кейінгі төбелес
Арыс қаласында мектеп оқу­шыларының арасында жаппай төбелестен жарыс болып өтті. Жарысқа мектеп оқушылары құлшына кірісті. Ілмигендері де, түшкірсең, ұшып кететіні де, толығы да, күштісі де, әлсізі де, бәрі-бәрі аудандық мәдениент үйіне жиналды. Шеттерінен, «сен тұра тұр, мен атайындар!» Әділ қазылар отыр, қағаз-қа­ламдарын сайлап. Құдай-ай, тө­белескендер ұстаздарын да ұрып кетпесе, жарар еді, Жоға, төбелес ережесінде ондай өзгеріс жоқ қой! Содан не керек, жаппай төбелес басталды дейсің! – Мен сені ұрып жығамын! – Өй, сен кімсің? – Адаммын! – Есексің! – Ал сен тасбақасың! – Бетіңді ет қыламын! – Мен мұрныңды фарш ете­мін! – Ойбай, құлағым! – Ойбай, ішім! Осылай айқайласқан оқушы­ларды тоқтату мүмкін болмады. Әділ қазылар төбелесті бағалап, екі білегін сыбанған ең мықтыларына бағалы сыйлықтар бермек болған, жуан жұдырықтар тоқтар емес. Ішінде өлең айтып, әшейін жүрген оқушылар да болды. Кімді-кімнің ұрып жатқаны да белгісіз. – Ойбай, мені неге үрасың? – Е, неге ұрмаймын? – Асқазаным ауырады менің! – Болса ше? – Медициналық анықтамам бар. Оған қарайтын анау ма, тұм­сығына бір ұрып, шалқасынан түсірді. Ұстаздардың бірі сахнаға шықты. – Құрметті төбелескіш оқу­шылар! Төбелесті тоқтатыңдар! Далаға шығыңдар! Не деген пәле­сіңдер, тоқтамайтын? – деді. Сол екен, оқушылар далаға шықты. Үй­леріне қайтады ма десек, төбе­лестен кейін төбелес басталып кетті. – Кел, шашыңнан тартайын! – Шашым жоқ қой, тақыр­бас­пын! – Бегемот! – Күрке тауық! – Апама айтамын! – Көкеме айтамын! – О, шешең! – О, әкең! Осылай былапыт сөздермен қарулан­ғандар көшеде де жаға жыр­тысты. Абырой болғанда еш­кім аса ауыр жарақат алған жоқ. Әшейін, мұрындары қанағандары бол­маса... Әшейін, жағалары жыр­тыл­ғандары болмаса. Әшейін, түй­мелерінің үзілгендері бол­маса... Арыс қаласында оқушылар ара­сын­да дәл мұндай сипаттағы бай­балам байқау өткен жоқ. Тө­белес­тен кім жарыс өткізбек? Бастары екеу емес шығар? Ал, әскери дайын­­дықтан жарыс өткені шын­дық. Сол жарыста әділ қазылардың жүлделі орындар беру кезінде риза болмаған оқушы­лардың жаппай төбелесті бастап жібергені де шын­дық. Төбелесті әрең тоқтатқан ұстаз­дар оқушы­ларды сыртқа шы­ғарып жібергенде, төбелестен кейін де төбелестің жалғасқаны шын­дық. Карантин талаптарын бұз­ғаны үшін бұл шараны ұйым­дас­тырғандар да әкім­шілік жазаға тар­тылғаны ақи­қат. Оқу­шыларды по­лицей­лердің тергеп жатқаны да шын­дық!

Лара НАМАР