Бір құмалақ
Бір құмалақ
Біз полицейлерді құрметтейміз. Олар біздің қорғанымыз дейміз. Дегені құрысын. Кейде опық жейміз. Павлодардағы Ерік Сарыбаев  деген полицей туралы мынадай ән шығарып тастадым ғой! Павлодарда полицей бар Ерік деген, Қала жұрты дәл осыған сеніп келген, Ал, ол болса, тапаншасын шошаңдатса, Сатушылар қорыққаннан беріп келген! Ол кәдімгі ұры, Ақшаның да құлы! Дейді оған бәрі, Құры әрі, құры! Ол кәнігі ұры! Ол кәнігі ұры! Бермесе де, ақшаларын тартып алған, Тартып алған заттарын артып алған, Ана дүкен, мына дүкен ақша алып, Үйінде арақ ішіп, жатып алған! Ол кәнігі ұры, Ақшаның да құлы, Дейді оған бәрі, Құры әрі, құры! Ойпырмай, мүндайлар да болады екен, Мұндайларға көңілің солады екен. Құқық қорғау саласы не боп кеткен? Әшейін, ауызбен орақ орады екен! Қалай, сізге ұнады ма? Сене алмай, өзіңізге өзіңіз келе алмай, есіңіз шығып кеткен болар? Павлодардағы жұқсыз ұры тапан­шасын көрсетіп, ана дүкеннен де, мына  дүкеннен де бопсалап ақша алып жүрген. Құдайым-ау, сенген қойым сен болсаң... Мына заман не болып кеткен өзі? Полицияның өзі ұры болып шықса, тапаншасымен «Атып кетем, ақша бер!» деп тұрса, өзгелер не істемек? Шабытым келіп, тағы бірп ән шығарып тастайын ба? Полиция, полиция ұры болды, Қалтасында күн сайын пұлы болды. Екі қатын қосылса, өсек айтып, Павлодарда сұғанақтың жыры болды! Дай, Индийский чай, Немесе Екі кило май! Дай, Екі пашка хальва, Сигареттен бар ма? Жасайын ба, селфи? Бересің бе, деньги? Осылай ән шығардым ұры полицейге. Бір дүкеннен оның жолы болмады. Тапаншасын кезеп, ақша сұрап еді, айқайлап, өзін ұрып, дүкеннен қуып шықты.  Сол күні ол қолға түсті. Сөйтсек, ол мұның алдында басқа бір дүкен кассасынан 120 мың теңгені қорқытып алып кеткен екен! Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, ұрлықты екінші кәсібіне айналдырған полицей 22 жастағы кіші сержант болып шықты! Павлодар станциясы желілік полиция бөлімінде қызмет еткен. Соның кесірінен Павлодар желілік полиция бөлімінің бастығы мен орынбасары жеп отырған тәтті нандарынан айырылды! Басшылық қызметтегі тағы  8 адам жазаланды. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді деген осы да! Полицияға мұнда құмалақтар қалай кіріп кетеді десеңізші?  

Ақмарал АБДРАМАНОВА