Алтын көрсе, періште қайтеді?
Алтын көрсе, періште қайтеді?
389
оқылды
Алтын көрсе періште жолдан таяды деген сөз бар. Ол бұрыннан айтылып келеді. Қазір заман басқа, адамдары да басқа. Алтын көрсе, періште қайтеді? «Қойшы, алмаймын! Бәрібір ұсталып қаламын ғой? Одан да, тыныш жүрейін!» деп жолдан таймай, тайғанақтамай, түзу жүріп кетер еді. Ал енді, адамдардың арамы, ойларының харамы, бетінде қытығы жоқ, кірпік қақпастан, кез-келген нәрсені жым-жылас етіп кете салатын ұры-қарылар ше? Олар түзу жолдарынан тайғанақтап, қисалаңдап келіп, байлықтың, алтынның үстіне гүрс ете қалады екен. Осындай ұрының бірі түн жарымында «Қазақалтын» тау-кен ком­бинаты кеңсесінің қабырғасын сипалап тұрды. Сипалағанның бәрі қабырғаға ғашық бола қалады екен деп ойламаңыз. Немесе, есуас біреу ме, қабырғаға жабысып, ерсі қылық көрсетіп жатқаны несі деп, одан да жаман ойламаңызшы. Жаңағы біреу қабырғаны бекер сипалаған жоқ екен, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап алып, тілін жалап алып, дорбасынан балтасын шы­ғарды да, ақырын ғана қабырғаны соққылай бастады. Қанша сағат соқ­қылағаны белгісіз, қабырға опырылып түсті. Адамның қолы сия­тындай болып, жоқ, одан да үлкендеу болып опырылды. Қолына қара қол­ғап киген ұры тура алтын салынған қапшықтың тұсынан ойған ғой! Қолын ішке қарай сумаңдатып, қапшықты сыртқа тартты. Бұл сәті, тек қара қолғап киген қолы ғана бейне камераға түсіп қалды. Демек, алдын-ала, әбден зертегені көрініп тұр. – Құдай маған берді, байлықтың өзі келді! – деді ішінен. – Алтын! Мен алтын адаммын! Алтынды адаммын! – деді тағы да ішінен. – Әй, тоңқаңдап не істеп жатырсың? – деп сұрады біреу. Жоқ, олай демеді ешкім. Сонда алтын кенішінің күзетшілері қайда? Әлде, айда? Әлде, сайда? Түсінсек, бұйырмасын! – Жарайды, алтынды алып кете бер, шашып алма! – деді біреу. Ту сыртынан. Жоқ, олай деген ешкім болмады. Олай айтпайды да ғой. – Осының алдында миллиардтар ұрланды ғой. Мені неге ұстап ал­майсыңдар? – деп айқайлады ол. Жоқ, ол олай айқайлаған жоқ. Еса­лаң емес шығар? – Участкелік полиция бөлімшесіндегі жігіттер қайда қарап отыр? – деп сұрады ол сосын. – Ойбай, жаныңда тұрмыз ғой. – Аа, сәлеметсіздер ме? Алтын көріп, періште сияқты жолдан тайып... – Неге таясың? Аяғыңа таймайтың етік киіп алмайсың ба? – Кешіріңіздер, қабырғаны кейін жөндеп, сылап беремін. – Керегі жоқ, зымыра! Ой, кешіріңіздер,полицейлермен ұры осылай сөйлеседі деймісіздер? Қолын қайырып, жерге етпетінен жатқызып, тепкілеп, басын бұрап өлтіре салар еді! Туу, тағы не деп кеттім? Тура кинодағыдай өйтпейтін шығар? Қолын қайырып, машиналарына салып алып, зымырайды ғой. Менің таң қалатыным, осымен екінші рет қылмыс орын алып отыр. 122 миллион теңге тұратын сом алтынды үптеп кетті! Сонда дейміз ау, бір апта бұрын «Қазақ алтынның» 37 жастағы есепшісі 1 миилиард 533 миллион теңгені есеп шотына аударып алып, күйеуімен тұра қашқаны белгілі, неге тәлтіректеген тәртіпті қолға алмайды? Неге былқылдаған бақылауды қатайтпайды? Сондағы басшыларды айтамыз да? Кә­сіп­орынды қыруар шығынға ұшыратқан үлкенді – кішілі басшылардың бәрін қылмыстық жауапқа тарту керек қой? Қайран, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен алтындарымыз – ай?!  

 Ақмарал АБДРАМАН