Шағатай тілінде жазылған қолжазбаның ұзындығы – 3,5 метр. Сақталуы орташа деңгейде. Тарихи жәдігерді Жүсіп атаның ұрпақтары атадан-балаға мирас етіп, көздің қарашығындай сақтап келген. Бұл жайында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Бұл қағаздардың қолымда сақталып қалу себебі, 8 жасымда атам, 18 жасымда әкем өмірден өтті. Атам әкеме, әкем маған аманаттап кетті. Өткен ғасырда бұл қағаздардың бармаған жері қалмапты. Кеңестік жүйе бұл қағаздарды қолдануға, тарихымызбен шұғылдануға рұқсат бермеді. Ол кезде діни-тарихи жазбаларды сақтаудың өзі қылмыс саналғаны белгілі. Атам Юлдашқожа 1933 жылы "діндар" деп абақтыға жабылған екен. Марқұм әжем мен әкем бұл қолжазбаларды бірде жерге көміп, бірде шатыр бұрышына жасырып, қалайда назарға түсірмеуге тырысыпты. Бұл қолжазбалар жайлы білетін болса, бабамыздың жағдайы одан сайын ауырлайтыны анық еді. Тарихшы емеспін, бірақ мұра боп сақталып келе жатқан қағаздардың бір күні сұрауы болатынына сенім арттым. Қызығушылықпен мұны оқи алатын кісілерге көрсеттім.
Сейдәлім қарияның мұрағатында Жүсіп ата шежіресін растап, бірнеше жерден мөр басылған құжат та сақталған. "Құжатты оқыған мамандардың айтуынша, мұның ішінде шежіре жайлы пікірлерді мақұлдаған бір топ жауапты тұлғалардың ортақ ұйғарымы, пікірлері жазылыпты",– дейді Сейдәлім Нуршиддинұлы."Аллаға шын ниетімен ғашық болуы себепті жергілікті халық «Ғашық Жүсіп ата» деп атап кеткен тұлғаның тарихы мен ұрпақтары жайлы баяндайтын шежіре Сейдәлім Юлдашев қарияның мұрағатынан табылып отыр. Аңыздарда Ахмет Яссауидің замандасы, шәкірті, жиені болып келетін Жүсіп атаның әулиелік қасиеті жайлы айтылады. Ал жазба дерек мүлдем болмады. Кейбір деректерде дінге қарсы қиын-қыстау кезеңдерде Жүсіп атаға қатысты жазбалар жерге көміліп, шіріп жоғалған, ал бір бөлігі бақша дәндерін салатын стақан етіп қолданылған деп айтылады. Бүгінгі танысып отырған қолжазба жоғалған мұраның дәл өзі болса екен деп үміттеніп отырмыз. Жүсіп ата жайлы тарихнамада оның Қожа Ахмет Яссауимен байланысы және өзге де тың жаңалықтардың беті ашылуы әбден мүмкін. Бұл мәселемен арнайы мамандар ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізіп, анықтайтын болады",– деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Қожа Ахмет Яссауиге қатысты деректерді жинақтау мақсатында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған "Яссауи ізімен" ғылыми-танымды экспедициясы алдағы уақытта еліміздегі және шет елдердегі Яссауи бабамызға қатысты мұраларды іздеу, зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырады.