Атырауда шетелдіктерге берілетін қағаз үшін пара алған шенеунік ұсталды
Атырауда шетелдіктерге берілетін қағаз үшін пара алған шенеунік ұсталды

Атырау облысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы бір жапырақ қағаз үшін 500 мыңдап пара алған. Сөйтіп, Серік Хамидолла шетелдіктердің жұмыс істеуіне рұқсат беріп отырған.

43 жастағы шенеунік бұл лауазымға 2019 жылы тағайындалған. Небәрі екі жылда ол істі болып, қазір оның сыбайластары да тергеліп жатыр. Алайда жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері күдіктінің нақты қай жерде және қанша ақша алғанда ұсталғанын жасырып отыр.

«Күдікті 2020-2021 жылдары аралығында ЖШС-нің директорларынан шетелдік жұмыс күшіне рұқсат қағаз беруге көмек көрсетіп, жалпы қамқорлық көрсеткені үшін пара алған. Қылмыстық іс тергеп-тексерілуде. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне қатысты өзге де ақпарат жария етілмейді»,– деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеушісі Асқарбек Ермұқашев.