Семейде бесқабатты үй өртеніп, 60 адам эвакуацияланды
Семейде бесқабатты үй өртеніп, 60 адам эвакуацияланды
105
оқылды
Семей қаласында өрт шыққан бесқабатты үйден 2 адам құтқарылып, 60 адам эвауацияланды. Бүгін сағат 19:18-де Первый микрорайон көшесінде орналасқан бесқабатты тұрғын үйдегі пәтерден өрт шыққан, – деп хабарлайды Semey News.
"Өрт сөндірушілер келіп жеткен кезде бесінші қабаттағы пәтерде жиһаз бен заттар жанып жатқан. Бірінші кезекте құтқарушылар 1946 жылы туған үй иесін сыртқа шығарған. Қарт кісі иіс тию белгілерімен ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер оның 1938 жылы туған жұбайын түтін тұмшалаған бөлмеден алып шықты. Бұдан бөлек, көпқабатты үйден 60 адам эвакуацияланды. Оның 20-сы бала", – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 17 адам мен 4 техника жұмылдырылған. Өрттің шығу себебі - темекі шегу кезіндегі абайсыздық болуы мүмкін. ТЖД мамандары темекі шегу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың жазатайым оқиғаларға себепкер болатындығын ескертеді. Өрт шыққан жағдайда дереу «101» немесе «112» нөмірлеріне хабарласу қажет.