Алматыдағы бизнестің шығыны күніне - 2 млрд. теңге: кәсіпкерлер Президенттен қолдау сұрады
Алматыдағы бизнестің шығыны күніне - 2 млрд. теңге: кәсіпкерлер Президенттен қолдау сұрады
Алматының бизнесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан қатаң карантин кезінде тоқтап қалған компанияларды қаржылай қолдауды сұрайды. LS агенттігінің хабарлауынша, Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев қолдауды тәулігіне 2 млрд. теңгеге бағалады. Оның айтуынша, бұл қаражат тоқтап тұрған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын сақтауға және жалдау ақысын төлеуге көмектеседі. Максим Барышев енгізілген шектеулер вирус жұқтырғандар санын азайтпағанын айтты. Сонымен бірге, Алматыда 250 мың адам жұмыс істейтін 50 мың кәсіпорын қызметіне тыйым салынды. "Мен вирус жұқтырғандар саны көбейсе де, шектеу шаралары күшейтілмеген Нұр-Сұлтанмен салыстырғым келеді. Мысалы, Алматыда тыйым салынған сауда орталықтары, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары астанада жұмыс істейді. Бизнесті жабуға байланысты шаралар қаншалықты тиімді?" - деді спикер. Сонымен бірге, жабық кәсіпорындардың қызметкерлері несиесін, салығын, пәтер ақысы сияқты ай сайынғы міндеттемелерін өтей алмады. "Ішерге асы болмады. Нәтижесінде әлеуметтік шиеленіс орнады. Алматыдағы біздің сауалнамамызға сәйкес, кәсіпорындардың табысы бірнеше есе төмендеді, қоғамдық тамақтану орындарында – 90%-ға дейін төмендеді. Сауалнамаға қатысқандардың 59%-ында жалдау және коммуналдық төлемдерге 54,2%-да жалақыға, 37%-да салық төлеуге қаражаты жоқ", - деді Барышев. Оның айтуынша, аталған төлемдерді кәсіпкерлер 10 сәуірге дейін төлеуі керек. "Сондықтан біз ел бюджетінен қызметкерлердің жалақысы мен жалдау төлемдерін, мүмкін тыйым салу кезіндегі несиелердің бір бөлігін тікелей қаржыландыру туралы ұсыныс жасаймыз. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Алматыда бизнестің өмір сүруіне арналған сома - күніне 2 млрд. теңге. Бұл қаржыға 250 мың адам жалақы алады және олар шектеулерге қарамастан өмір сүре алады. Бизнес мәселелерін бірге шешейік", - деді Максим Барышев Президентке үндеуінде. Айта кетейік, өткен тәулікте Алматыда коронавирус жұқтырған 510 науқас тіркелді. Кеше қаланың бас санитар дәрігерінің «Алматы қаласының аумағында карантин мен шектеу шараларын ұзарту туралы» қаулысы жарияланды. Карантин 12 сәуірге дейін ұзартылды. Сонымен қатар, алматылық тамақтану объектілерінің өкілдері карантин салдарынан миллиондаған шығынға ұшырады. Бұған дейін Алматыдағы кафелер мен мейрамханалардың 20%-ы мәңгіге жабылғаны жазылған еді.