Ақмола облысында киіктер аштан қырылып жатыр
Ақмола облысында киіктер аштан қырылып жатыр
123
оқылды
Ақмола облысының Қорғалжын және Целиноград ауданы аумағында 30-дан астам киіктің өлексесі табылды,– деп хабарлады inform.kz Ақмолада облыс бойынша орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновтің айтуынша, биылғы жылдың 9-наурызында «ПО Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының орталық өңірлік филиалы инспекторлары Саумал көлінен 10 шақырым аумақтан 14 киіктің өлексесін анықтаған.
«Тексеріс барысында киіктер қалың қар мен күрделі ауа райының салдарынан шөп теуіп жей алмағандықтан аштан қырылғаны анықталды. Жануарлардың өлекселері арнайы мал қорымында залалсыздандырылды»,– деді Лашынтай Дүйсенов.
Орын алып отырған жағдайға байланысты және киіктердің жаппай қырылуын болдырмау үшін Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына Қорғалжын, Егіндікөл, Жақсы және Атбасар аудандарының әкімдеріне киіктер жүретін аумақтардағы қарды күреуді ұйымдастыру туралы нұсқау берілді.