86 жастағы зейнеткер ауласындағы қарды тазаламағаны үшін айыппұл төлеуі мүмкін

86 жастағы зейнеткер ауласындағы қарды тазаламағаны үшін айыппұл төлеуі мүмкін

Павлодарлық зейнеткерге үйінің айналасындағы қарды тазаламағаны үшін айыппұл салынбақ.

Irbistv.kz-тің мәлімдеуінше, 86 жастағы Галина Белик Мәшһүр-Жүсіп көшесіндегі №305 үйде тұрады. Оның бұл үйде тұрып жатқанына 30 жыл болыпты. Жалғызбасты зейнеткер қыс бойы жауған қарды өзі тазалаған. Соңғы күндері толассыз жауған қардың кесірінен бір ізбен жүретін жол ғана ашып қойған.

– Шама жеткенше  есік алдындағы қарды қақпа сыртына шығарып жүрдім. Сол жерден тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметі күреп әкететін. Кей күндері қалып қалатын. Міне, содан жиналып қалған үйінді ғой. Енді еріп, үйді су алып жатыр. Түнімен су тасыдым,– дейді Галина Белик.

Оның айтуынша, жақында учаскелік полицей келіп, ауладағы қарды тазаламаса айыппұл салатынын ескертіп кетіпті. «Учаскелік полицейлер келіп, бір қағаздарға қол қойдыртып алды. Далаға қар жинағаным үшін айппұл төлеуім керек екен»,– деді ол.

Жергілікті әкімдік болса, жекеменшік секторлардағы қар барынша тазаланып жатқанын жеткізді. «Қаладағы барлық техника қар тазалау жұмысына жұмылдыруда. Зеленострой, Радиозавод, Хромзавод жағы қардан тазалануда. Успенский көпірі жағындағы полигонға 560 мыңдай тонна қар шығарылды. Ал әжейдің үйіне ертең «Жасыл ел» жасағы барып тазалап береді»,– деді   Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінің бас маманы Жансерік Қапзолла.

Біз бұл тұрғыда үй иесін әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салу қаншалықты дұрыс екенін заңгерден сұрауды жөн көрдік. – Заңды тұрғыда бұл дұрыс ескерту. Біріншіден, үй иесі өз үйінің ауласын, айналасын таза болуын қадағалауы тиіс. Мысалы, ауладағы үйіліп қалған қарды уақытында тазаламаса, жолды не болмаса көршінің үйін су басуы ықтимал. Ал ол дегеніміз – маңайындағы көрші-қолаңға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан үй иесі ауласының таза болуына жауапты. Екіншіден, өзгеге кесірін тигізбеуі керек. Ондайда 500 бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл бірден салынбайды. Негізі алдымен ескерту беріледі. Айыппұлдың өзі – 20 АЕК. Егер де үй иесінің денсаулығы келемесе немесе тапқан табысы, зейнетақысы күн көрісінен аспаса, әкімшілік  жауапкершілікке тартылмайды. Алайда заңдық тұрғыда қарт болса да, ауласын тазалауға міндетті. Өзі тазалай алмаса да, ақысын төлеп біреуді жалдауына болады. Өйткені зейнетақы алса да, ол оның табыс көзі болып есептеледі,– дейді заңгер Ержан  Болатбек.