Денсаулық сақтау жүйесін дамытуды қолдауға шақырды
Денсаулық сақтау жүйесін дамытуды қолдауға шақырды
133
оқылды

Қазақстан Президенті «Халықаралық қарыз архитектурасы және өтімділік» атты жоғары деңгейдегі жиынға қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет және Үкімет бас­шы­лары деңгейіндегі онлайн форум­ды өткізуге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Канада және Ямайканың премьер-министрлері Джастин Трюдо мен Эндрю Хол­несс мұрындық болды. Іс-шара COVID-19 пандемиясы кезеңінде халықаралық күш-жігерді даму бағытын қаржыландыру саласына қарай жұмылдыруға арналды. Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мемлекеттер тобының төрағасы ретінде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев коро­навирус пандемиясы басталғалы бері Топқа мүше елдер шетелдік инвестициялардың азаюы, сауда-саттық пен ақша аударымдарының төмендеуі, қаржылық қарыз­дар­дың өсуі, орташа алғанда эконо­ми­каның 2,4 пайызға құлдырауына себеп болған бюджет мүмкіндігінің айтарлықтай кемуі секілді аса қауіпті құбылыстармен бетпе-бет келгенін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы мем­лекеттер тобына мүше елдерге арналған Вена бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол кар­тасының өзек­тілігі арта түскеніне тоқталды. Осыған орай, серіктес мемле­кеттерді Аддис-Абеба бағдарла­масында бел­гіленген барлық жеті бағыт бо­йын­ша жүргізілетін жұмыстарды жұмыла атқаруға, сондай-ақ дамыту мақсатындағы ресми көмектің қазіргі деңгейін сақтап қалуға үндеді. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында вакцина салуға және экономиканы қайта қалпына келтіруге біршама уақыт кетіп, соған сәйкес ұзақмерзімді перс­пективада оның салдары ондаған жылдар бойына сақталуы ықтимал екені жайындағы болжамын ортаға салды. Оның пікірінше, азаматтар­дың осал топтарын, елдер мен экономиканы қорғау үшін қазіргі қабылданып жатқан шаралардың барлығы ортақ мүд­дені көздейді. Мемлекет басшысы мұның дағ­дарыстан шығатын бірден-бір жол екеніне сенімді және оны халық­аралық қоғам­дастықтың ортақ міндеті деп санайды. Форумға Аргентина, Венесуэла, Египет, Италия, Канада, Пәкістан, Түркия, Қатар, Франция, Эквадор, Жапония, Ямайка және басқа да мем­лекеттердің басшылары, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Халықаралық валюта қорының, Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымының, Дүниежүзілік банктің, Дүние­жүзілік сауда ұйымының, Еуропалық одақ пен Африкалық одақтың жетекшілері қатысты.