Жолсыз қалған ауылдағы ағайынның зары
Жолсыз қалған ауылдағы ағайынның зары
123
оқылды

Елордадан таяқ тастам ғана жерде Волгодоновка деген ауыл бар. Шамамен отыз шақырымдай қашықта орналасқан. Алайда ауыл жылдар бойы ауызсудан таршылық көріп келген. Бірақ биыл қомақты қаржы бөлініп, мәселенің шешімін табуға тырысқан екен. Ал ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе бұл емес. Астана – Қарағанды республикалық трассасына шығатын айналасы бес-ақ шақырым жолдың жайы. Кезінде тақтайдай тегіс асфальт салынған тасжолдың қазір елесі де жоқ. Тас-талқаны шығып, тегіс жолдың жұрнағы да қалмаған. Ал көктем шыға тіпті езіліп, ойдым-ойдым шұңқырға су жиналып, көліктер мүлде жүре алмайтындай халге жеткен.

Ауылдың іргесінен осыдан 20 жыл бұрын «Нефрит Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қиыршық тас өндіретін карьер ашқан. Сол жылдардан бері жүздеген, тіпті мыңдаған тонна қиыр­­­шық тас күн сайын Бабатай – Волгодоновка арасындағы тасжол арқылы өтеді. 40-50 тоннаға дейін жүк артқан ауыр көліктер жолды әбден езіп, жарамсыз күйге түсірген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, осыған дейін аз-маз болса да тегістеп, қиыршық тас төсе­генімен, соңғы екі-үш жылда ол да қалған. Бірнеше мәрте серіктестік басшылығымен тілдеспек болғанымен, мәселе орнынан да қозғалмапты. Ауыл тұрғындары мәселе шешілмеген соң оны әлеуметтік желілерде көтере бастаған. Облыс әкімінің есептік кездесуінде де аталған жайды көтеріп, өңір басшысының араласуын сұраған. Облыс әкімі аталған мәселеге қанық екенін айтып, биыл жобалық-сметалық құжат­таманың жасалып, келер жылы бір-ақ жолға күрделі жөндеу жұмыстарының басталатынын айтқан. Ал жөндеу жұмыстары екі жылдан соң барып қана аяқталуы мүмкін. «Бірақ бұл жолдан өтетін 40-50 тонналық көліктер оның күл талқанын шығаратыны анық», – дейді тұрғындар. «Компания ауылдың жанын­дағы өзеннің ар жағында шама­мен бір жарым шақырым ғана жерде орналасқан. Қазір қазып-қазып ауылдың іргесіне жақын­дап барады. Ал тастарды жарған кезде кішігірім жер сілкінісіндей болады. Кәдімгідей жер астынан дірілдеп толқын өтеді. Бұл бала­ла­рымыз үшін де аса қорқы­нышты. Дегенмен осындай қо­лай­сыздықтарға қарамастан тұ­ру­ға мәжбүрміз. Тіпті, толқын­ның қатты болатыны соншалық, үйлердің қабырғалары шытынап, жарылып кетеді. Өткен жылдары бір үйдің шатырына тас ұшып қиратқан кезі де болған. Әрине, көп үйлер тозған. Сондықтан мұндай толқындарға шыдас бермейді. Оған қарап жатқан ком­пания басшылығы жоқ. Ал ауыл елорданың іргесінде болса да, осындай қиындықтарға төзуге мәжбүр. Көпшілігі қалаға қатынап жұмыс істейді. Ал ауылға келіп-кету – нағыз қиямет-қа­йымға айналды», – дейді Свет­лана Вознюк. Ауылдағы орта мектепке «Неф­рит Голд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1-4-сынып­тар­ға тегін ыстық тамақ ұйымдас­тыруға меморандум жасаған. Ал ауыл тұрғындары оның бір бәліш пен шайдан аспайтынын айтады. Яғни, әр балаға 150 теңгеден ғана ұсынылады екен. Тұрғындар аталған көмек қаражаттың аздап болса да көтергенін сұраған. Бірақ компания басшылығы бұған да назар аудармапты. Сағыздай созылған жолдың жайын облыстағы тиісті сала бас­шылығынан да білмек болдық. Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығы ком­панияны жолды бұзбауға нұсқау бере алмайтынын айтты. Бас­қарма басшысы бұл жолға жыл сайын ағымдағы жөндеу жұ­мыстары жасалатынын жеткізді. «Иә, аталған жағдайдан то­лықтай хабардармын. Биыл атал­ған жолға күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Қар еріп, көктемгі су тасқыны аяқталған соң жолды қалыпқа келтіру жұмыстарын істейміз. Ал негізгі күрделі жөндеу жұмыстары тек келер жылы бір-ақ жүр­гізілмек. Өйткені жобаға сәйкес, бұл – аса ұзаққа созылатын про­цесс. Қыруар уақытты қажет ете­ді. Шамамен жобалық-сме­талық құжаттама жасауға 10-15 миллион теңге, ал жолды толық­тай күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға 750-800 миллион теңге бөлінбек. Аталған жұмыс ал­дағы облыстық мәслихаттың сес­сиясында қаралатын болады», – дейді Ақмола облысының Жо­лаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқарма­сының бас­шысы Владимир Кулаков. Басқарма басшысы бұл жол­дар­ға көліктік бақылау инспек­циясының ғана құзыры жететінін, бірақ өкінішке қарай көліктердің бақылауға алынбай жатқанын алға тартты. Біз тікелей көліктік бақылау инспекциясының бас­шысымен тілдеспек болдық. Ал­ғаш­қы жұмыс күнін өткізіп жат­қан көліктік бақылау инспек­циясының басшысы мәселені облыс аумағының үлкендігіне және жылжымалы бақылау кө­ліктерінің аздығына тіреді. «Бүгін лауазымға кіріскен алғашқы күнім. Әрине, аталған мәселе бар. Бізде толық облыс аумағында көліктерді бақы­лайтын екі ғана жылжымалы бекет көлігі бар. Оның біреуі әбден тозған. Қазір жөндеуде жатыр. Жалғыз көлікпен облыс аумағын толықтай қамту мүмкін  емес. Бірақ біз соған қарамастан жұмыс істейміз. Алдағы сәрсенбі күні Атбасар қаласында, одан кейін жұма және сенбі күндері осы Волгодоновка ауылына сапарлауды жоспарлап отырмыз. Әрине, біз тексерген кезде алғашқы бес-алты көліктен кейін жолдағы ауыр жүк көліктері сап тыйылады. Одан кейін қайта басталады. Бұл орайда, біздің елордалық әріптестеріміздің де көмегі бар. Елордада Нұр-Сұлтан–Қарағанды трассасында стационарлы бір бекет пен екі жылжымалы бекеттер бар. Біз тиісті шараларды жергілікті атқарушы билік, прокуратура және Полиция департаментімен бірлесіп ұйымдастырамыз. Жұ­мыс­тың нәтижесі болуы тиіс, – дейді Ақмола облысы көліктік бақылау инспекциясының бас­шысы Мейрам Боташұлы. Басқарма мамандары жол­да­ғы бақылау миссиясындағы жұ­мыс­тарының нәтижелерін жол­дамаққа уәде берді. Біз бұдан кейін жергілікті биліктің екпініне де, көліктік бақылау инспек­ция­сына да пысқырып қарамайтын компания басшысымен тілдеспек болдық. Бірақ басшысының телефонына қоңырау шал­ғанымыздан және WhatsApp желісіне жазған сауалдарымызға еш жауап болмады. Мәселе алдағы уақытта да біздің тікелей назарымызда болмақ... P.S.

Мақала аяқталып, басылуға бе­рілген тұста «Нефрит Голд» ком­паниясының басшысы хабар­ласты. Владимир Аль­бертович жыл сайын миллиондап қаржы құ­йып, жолды жөндейтінін ай­тады.«Біз келгенде мұнда мүлде жол болмаған. Мен жыл сайын 300-500миллионға дейін ақша са­лып, жол жөндеймін. Ал жолды бұ­затын менің жүк көліктерім емес. Тасты «мемлекет» тасиды», – дейді ол.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы