Қазақстанды айналып өтетін теміржол
Қазақстанды айналып өтетін теміржол
148
оқылды

Ташкентте Қырғыз Республикасы мен Өзбекстанның үкіметаралық комиссиясының отырысы өтіп, онда Қытайдан екі елдің аумағын басып өтетін теміржол құрылысын салу туралы әңгіме пысықталды. Айта кетейік, бұл желі Қазақстанды айналып өтеді. Жаңа магистральдің іске қосылуы аталған елдердің өнімдерін Батыс Азия мен Таяу Шығыс нарығына шығаруға мүмкіндік береді. Ол Қытай жүк тасымалын Еуроодаққа жеткізетін ең қысқа бағдарлардың бірі болмақ.

«Өзбек тарабы Қытай – Қырғыз Республикасы–Өзбекстан темір­жолының жекелеген учаскелерін жобалауға және салуға, сондай-ақ оның техникалық-экономикалық негіздемесінің әзірлігіне қарай қоса қаржыландыруға дайын екенін білдірді. Қытай–Қырғыз Респуб­ликасы – Өзбекстан те­міржол ЕАЭО үшін жаңа на­­­рықтарды ашады» делінген екі жақты үкі­метаралық комиссия таратқан хабарламада. Мұндай жоба туралы Қытай өзінің халықаралық тасымалға арналған теміржол және авто­мо­­­биль инфрақұрылымын жаң­ғыр­­­туға белсенді кіріскен кез­дер­­­ден, тоқ­са­ныншы жыл­дардың ортас­ы­нан бері айтылып келеді. Сол кез­де-ақ те­міржол комиссия құру ту­ра­лы ал­ғашқы құжаттарға қол қойы­лып, оған үш елдің өкіл­дері кірген: ҚХР, Қырғыз Рес­публикасы және Өз­бекстан. 2003 жылы жобаның алғашқы тех­никалық-экономи­калық негіз­демесі ұсы­­нылды, ол Қырғыз Республикасы аумағы бойынша Торугарт асуы арқылы Арпа жай­лауынан өтіп, әрі қарай Өзген ауданынан Қара-Суу қа­ласына барып, сол жерден Өзбек­станға шығуы тиіс.

Қытай транзиті кімге тиімді?

Ташкент пен Бішкектің өзара экономикалық байланыстарын ны­ғайтуға бағытталған бірлескен жо­балары көп. 2017 жылдың қазан айында екі ел Қытайға жүк жет­кізетін «Ташкент – Ош – Қашғар» көлік дәлізін ашты, мар­шруттың ұзындығы – 900 км. Бұл жобаға қатысатын елдердің барлығына пайда әкелді. Бірін­шіден, үш елді біріктіретін ең қыс­­қа жолдардың бірі пайда болды. Екін­шіден, болашақта оның үш елге де беретін экономикалық ди­видендтері ауқымды. Үшіншіден, жобаны іске асыруға қатысатын елдер арасында қатынас нығая түсті. Жаңа бағыт Қырғыз жүктерін сыртқы нарыққа тасымалдағанда Қазақстанға тәуелділігін азайтты. Өзбекстанға өз тауарларын жеткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік берді, ал Қытай үшін өнім жеткізу жолын әртараптандыра түсті.

Жаңа магистральдің жетістігі неде?

Кезекті бірлескен жоба – «Қы­тай –Қырғыз Республикасы –Өзбекстан» теміржол магистралі бұл мемлекеттердің тауар ай­­налымын бұрынғыдан бетер үдете түспек. Естеріңізге сала кетейік, бұл жоба Алмазбек Атамбаевтың «2013-2017 жылдар аралығындағы Қырғыз Республикасы тұрақты дамуының ұлттық стратегиясы туралы» Жар­лығына енгізілген болатын. Алайда оған дейін 2002 жылы Бейжің осы теміржол жобасы туралы бастама көтерген еді. Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев билікке келген соң «Қы­тай – Қырғыз Республикасы–Өзбекстан» бағытының орнына «Тә­жікстан – Қырғыз Рес­пуб­ли­касы–Қазақстан–Ресей» тар­ма­ғын салуды ұсынған. Бірақ бұл идеяны ешкім қолдамаған соң Қырғыз Республикасы билігі «Қы­­тай –Қыр­ғыз Республикасы–Өз­бекстан» жобасына қайта оралды.

Бұл жоба Қазақстанның мүддесіне қайшы ма?

Сөзсіз жаңа магистраль Қа­зақстанды айналып өтетіндіктен, сол арқылы жүк айналымының едәуір бөлігінен түсетін табыстан қағыла­тындықтан бізге тиім­сіз. Бұл осы себеппен Ресейге де тиімсіз. «Қытай – Қырғыз Респуб­­ли­касы – Өзбекстан» жобасы туралы 20 жылдан астам айтылып келе жатқанымен, оның нақты жүзеге асырылмауының да бір себебі осы», – дейді Қырғыз тасы­малдау­шылар қауым­дас­тығының төрағасы Темірбек Шаб­даналиев. «Жоба бойынша нақты жа­салған істен гөрі көпіртпе, бос сөз көп. Өйткені жаңа магис­­­­тральдің са­лынуы ірі мемлекеттер   Қазақстан мен Ресейдің мүддесіне қайшы келеді. Біз осы теміржол желісін салғанда олар бірталай табыстан да қағылады, саяси ық­палдан да айырылады. Бұл көлік тасымалына қатысты да, бас­қа бағыттарда да біздің тәуелсіз саясат жүргізуімізге мүмкіндік береді», – деді ол. Тағы бір фактор, Қазақстан мен Ресей Қытайдан теміржолмен та­сымалданатын жүк қатынасының монополисі деуге де болады. Қа­зақ­с­­­танның Қытаймен ара­­­лықты жал­ғайтын шойынжолы ұзындығы бойынша Ресейден кейін екінші орын­да тұр. Біздің елдің екі темір­жол тармағы Қытаймен бай­ла­ныс­қан. Реті келгенде айта кетейік, бұл Орталық Азия елдерінің Қазақ­станды айналып өтетін алғашқы трансұлттық маршруты емес. Өткен жылы 26 мамырда Түркия мен Қырғыз Республикасы жаңа жүк та­сымалы бағытының ашыл­­­­­ғанын жариялағаны есімізде.

«Қытай – Қырғыз Республикасы – Өзбекстан» қанша тұрады?

Көлік және коммуникация министрінің бұрынғы орын­­басары Ұлан Уезбаев жаңа жобаға қатысты мемлекет-жеке бизнес әріптестігі туралы келісім жоқ дегенді айтады. О баста жобаның техникалық-эко­номикалық не­гіздемесі $1,5 млрд болған, қазір ол $4,5 мил­лиардқа дейін өсті, әлі де оның құ­ны қым­баттай түсуі ғажап емес. Сарап­шылар те­­міржол құрылысы бас­талғанда тіп­ті $8 миллиардқа жетуі де мүмкін дейді. «Қытай–Қырғыз Респуб­ли­касы–Өзбекстан» жобасының бас­тапқы кезде сегіз нұсқасы ұсы­нылған. Кейін үш елдің сарап­шы­лары екі нұсқаны таңдап алған. Оның солтүстік бағыты – Қаш­қардан Торугарт асып, Арпа және Кара-Суу арқылы Андижанға дейін. Оңтүстік бағыты – Ир­кештам, Сары-Таш және Ош. 2002 жылы ҚХР Қырғыз Респуб­­ликасына жаңа магистральді зерт­­теу үшін 20 млн юань грант бөлді. Ақыр соңын­да қырғыз жағы солтүстік бағытқа таңдау жасаған. Маршруттың жалпы ұзындығы 268 км болды. Жаңа магистраль Қыр­ғыз Респуб­ликасы аумағында Ба­­лыкчи – Кочкор – Кара-Кече – Арпа – Кара-Суу елді мекенін басып өтетін болды. Сол арқылы қырғыз жағы ел аумағын теміржол тармағымен тұ­тастай қамтып қал­мақ. «Жаңа магистраль екі елдің ин­­вестициялық ынтымақ­тас­ты­ғын кеңейтіп, тауар ай­­налымын арт­тыра түседі. Жоба Қырғыз Рес­публикасы мен Өзбекстанның сауда-эконо­микалық байланысын күшейте түсетіні өз алдына, бұл Орта Азия­ның көлік инфра­құ­­рылымын дамы­туға үлес қо­са­тыны сөзсіз», – деп ойын түйін­деді Қыр­ғыз Рес­пуб­ли­касының премьер-министрі Ұлықбек Ма­рипов.

Дәулет АСАУОВ