Шетелдіктерге де жәрдемақы төлейміз
Шетелдіктерге де жәрдемақы төлейміз
106
оқылды

Асыраушысыз қалған, жұмысынан айырылған, тіпті өмірге сәби әкелген көп­теген қазақстандық өзіне тиесілі жәрдемақыларды ала алмай жатқанына ша­ғымдануда. Дәл осы кезде оларға әртүрлі сылтау айтып, қаражат аударудан бас тартып отырған Мем­лекеттік әлеуметтік сақ­­тандыру қоры ресейліктерге, Еуразиялық одақтың өзге елдерінің азаматтарына жарты миллиард теңгеден астам жәрдемақы тө­лепті. Олардың шетелдіктер екенін біле тұра солай жасаған. Неге?

Ұлт үстінен түскен «бұйрық»

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бұл Еуразиялық экономикалық одақ­тың ұлтүсті органы – Еуразиялық эко­но­микалық комиссияның шешімі көрінеді. «2018 жылғы 20 ақпанда ЕЭК пен Халықаралық зейнетақы және әлеу­меттік қорлар қауымдастығы (ХЗӘҚҚ) арасында ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Меморандум шеңберінде әлеуметтік қамсыз­дандыру, оның ішінде ЕАЭО және ХЗӘҚҚ-ға мүше мемлекеттердегі азаматтарды әлеу­меттік сақтан­дыру тәртібі айқын­далды. Ал МӘСҚ 2009 жылдан бері ХЗӘҚҚ мүшесі болып есептеле­ді», – деді Еңбек министрлігі. Айтқандай, биыл Қазақстан одақ­қа қатысушы өзге елдер аза­маттарына БЖЗҚ-дан зей­нетақы төлеуді де қолға алды. «2020 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2,3 мыңға жуық азаматы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жалпы сомасы 588,3 миллион теңге сомасында әлеуметтік төлем алды. Бүгінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыз­дан­дыру – жұмысқа орналастырушы мемлекет­тің азаматтарымен бірдей шарттарда және ұқсас тәртіппен жүзеге асырылады. Осылайша, ЕАЭО мемлекеттерінің еңбекшілері уақытша еңбекке жарамсыз болып қалу жағдайына және ана болуына байланысты әлеу­меттік сақтан­дырыла­ды. Өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан міндетті сақтандырылады. Сондай-ақ міндетті меди­циналық сақтандыруға жатады. Тиісінше, жұ­мыс берушілер олар үшін сақтандыру жар­наларын төлеуге міндетті», – деді ведомство. Нәтижесінде, бұдан былай қазақстандық жұмыс берушілер одақ елдерінің азаматтарын жұ­мысқа алса, олар үшін 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар аударып отыруы тиіс. Бұл жатжұрттықтарға қазақстандықтар қатарлы әртүлі жәрдемақы алуға мүмкіндік береді. Бұл үшін тіпті Қазақстанда тұруға рұқсат ететін құжаттарының болуы да талап етілмейді. «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілері Қазақстанның Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ретінде қызметкердің Қа­зақ­станда тұруға ықтиярхатының немесе тұрақты тұруының болуына қарамастан, МӘСҚ-тан жүктілігіне және босануына, жаңа ту­ған баланы асырап алуына байланысты төлем­дер алуға өтініш жасауға құқылы», – деді ми­нистрлік.

Ресей бас тартты, Қазақстан төледі

Еңбек ведомствосының хабарлауынша, МӘСҚ-тан көмек алатын көрші елдер аза­маттарының саны жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, 2020 жылы МӘСҚ Қазақстанға келіп, бала туған Ресей және басқа елдердің 266 азаматына жалпы сомасы 162,4 миллион теңге аударған екен (орта есеппен 610 мың теңгеден келеді). Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы 235 шетелдікке 134 миллион теңге төленген-тін. Сөйтіп, 1 жыл ішінде сомасы бірден 21%-ға, ал алушылар саны 13%-ға артты. Ресей азаматы Наталья Ершова (тегі өзгер­тілді) – баласын Қазақстанда дүниеге әкел­гендердің бірі. Ол бұл қадамға саналы түрде барыпты. «Қазақстандық әйелдер Ресейде «ана капи­талын» алу үшін РФ азаматтығын алады деген қауесетті естігенмін. Бәлкім, солай істейтіндер бар шығар. Солай істесе, адасады, нақты жағдайдан хабарсыз болғаны. Мысалы, «ана капиталы» тек бір рет қана беріледі. Оның өзінде ол шытырлаған ақша емес, арнайы сертификат қана. Оны үш мақсатқа – баспана сатып алуға, балаға білім беруге және ананың зейнетақы жинағына аударуға рұқсат етіледі. Қолға ақша бермейді. Оның өзінде шектеулері толып жатыр. Мысалы, көршіміздің әйелі екінші баласын өмірге әкелгенде оған «маткапитал» аударылды. Алайда олар оны пайдалана алмады, себебі баспанасыз емес, үйлері бар. Баласын дүниеге әкелгенімен, осы капиталды ала алмағандар өте көп. Олар шағымданып, шулап, соттан-сотқа шұбырып жүреді. Біз екінші баламызды туғанда маткапиталды пайдаланғанбыз. Сондықтан екінші рет берілмейді. Осы себепті үшінші бала­мыз­ды Қазақстанда тууға шешім қабылдадық», – дейді ол.

Көршіден теңдікті талап етсе...

Ресей және одақтастардың азаматтарына енді БЖЗҚ-дан зейнетақы төлене бастайтынын әлгінде айттық. 2020 жылғы 7 желтоқсанда ел Парламенті тиісті келісімді ратификациялаған. «2021 жылғы 1 қаңтарда «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім» күшіне енді. Осы келісімнің 1-бабына сәйкес, «еңбекші» деген ұғымға «басқа мүше мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге де қызметті жүзеге асыру арқылы зейнетақы құқықтары қалыптасатын не қалыптасқан мүше мемлекеттің азаматы» деген анықтама беріліп отыр. Осыған байланысты ЕАЭО елдерінен – Ресей, Беларусь, Армениядан және Қырғыз Рес­публикасынан еңбек келісімшарты немесе азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбекші тартқан қазақстандық жұмыс беруші 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап сол жұмыскері үшін оның айлық табысының 10%-ы көлемінде БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын ұдайы аударып тұруға міндетті болады. Бұл жерде ол қызметкері қашықтан жұмыс істесе де, зейнетақы жарнасын аудару қажет болады», – деп түсіндірді ресми блогында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов. Яғни, Қазақстанда қашықтан жұмыс тапқан ресейліктер болашақта Қазақстаннан да зей­нетақы ала алатын болады. «Тәбет ас үстінде келеді» деген тұрмыстық тәм­сіл бар. Сол сияқты құқықтары қазақстан­дықтармен теңестірілген ресейліктер дәндеп, өз азаматтарымызға тиесілі басқа да игіліктерді талап ете бастапты. Мысалы, Ресей азаматы Светлана Б. әділет министрі Марат Бекетаевқа хатында осыны көксейтінін жасырмады. «Мен Семейде дүниеге келдім. Бертінде Ресей азаматтығын алдым. Қазақстанда тұрақты тұрамын. ЖСН-ым да бар. Жергілікті заңнама бойынша құқықтарым Қазақстан азаматтарымен теңестірілген. Медициналық ұйымдарда жәрдем аламын, жәрдемақылар да төленеді. Дегенмен енді ЕАЭО аясында Ресей азамат­тарына Қазақстанның мемлекеттік білім гран­тын иеленіп, отандық колледждер мен жоғары оқу орындарында тегін білім алуына жағдай жасаса дейміз. Әйтпесе, гранттар тек Қазақстан азаматтары мен оралмандарға ғана беріледі екен», – дейді ол. Әділет министрлігі бұл мәселе өз құзырына кірмейтінін ескертіп құтылды. Бірақ мәселені олар алда қайта көтермесіне кепіл жоқ. Осы орайда, біздің шенеуніктер ұлтүсті органның шешімдерін үн-түнсіз, біржақты орындай бермей, Ресейдегі қазақстандықтар үшін де тең жағдайлар туғызуға, сөйтіп әділдікті қалпына келтіруге күш салғаны абзал. Әйтпесе, одақтас бола тұрып, Қазақстан азаматтары көрші елде келімсектің ауыр күйін кешіп жатқаны құпия емес. Мурманскідегі «тұрмыстық сипаттағы» кикілжіңдер де содан туындайтын болса керек.

Елдос СЕНБАЙ