Баспана нарығының отыз жылдағы бейнесі қандай?
Баспана нарығының отыз жылдағы бейнесі қандай?

Соңғы отыз жылда баспана нарығында өзгеріс аз болған жоқ. Соның ішінде өсім көп байқалды. Баға да, пайдалануға берілген пәтер де, сатып алушылар саны да өсті. 90-жылдары үй аларда қойылатын талап пен талғамның қазір түбегейлі ауысқанын да көріп отырмыз. Ендеше тәуелсіздік алғалы бері бұл сала қаншалықты қарқынды дамыды? Не өзгерді? Осы жайлы талдасақ.

Отыз жыл бұрынғы талғам мен қазіргі таңдау

Ең алдымен тәуелсіздік алған тұстағы баспана нарығы жайлы сөз қозғайық. Қазақстан егемендігін енді алған мемлекет ретінде тұрғындарының баспананы жеке­шелендіріп алуына бар жағдайды жасауға тырысты. Құжатын түгендеп, атына аударуға мүмкіндік берді. Мұның өзі мемлекеттің халық жағында екенін көрсеткен бірден-бір қадам болса керек. 90-жылдары үй сатып алу қазіргіден гөрі қиындау болған еді. Үлкендердің аузынан «таңдап жатуға да кейде ыңғайы келе бермейтін» деген сыңайдағы әңгімені жиі естиміз. Ендеше, отыз жыл бұрынғы пәтерге қатысты талғам жайлы аз-кем айта кетсек. Ол кездері жылжымайтын мүлік аларда маңызды са­налатын мынадай үш бағыт болыпты: орналасқан жері, бағасы және жөндеуден өтуі. Ол кезде байланыстың қиын болғаны сонша, стационарлық телефон болмаса, бағасын түсіріп тастауға едәуір әсер етеді екен. Хабарландыруларда «еурожөндеу жасалған», «толық жөндеуден өткен», «те­резі пластиктен», «темір есік» деген сөздер кездессе, үйге таласып қалады-мыс. Әрине, қазіргі таңда мұндай сөздердің құны қал­мады. Өйткені бүгінгі тұрғын үйлер жоқ дегенде осындай талапқа жауап береді. Бүгінгі сатып алушылардың мән беретін тұстарына келсек, бағасы, ауданы және орналасу аумағы. Одан соң, қазір терезесінің көшеге емес, аулаға қарап тұрғанын қа­лайды екен. Қай кезде де ең жоғары және бірінші қабаттағы пәтердің бағасы сәл төмендеу ұсынылады. Бұрын бірінші қа­баттағы үйін дүкен не дәріхана қылып тастайтындар көп болған. Бірақ қазір олай етуге жол жоқ. Өйткені 2012 жылдың ор­тасынан бері пәтер жоспарын өзгертуге тыйым салынған.

Мемлекет қамқорлығы

Әр қазақстандық азаматтың баспаналы болуы үшін егемендік алған кезден бастап мемлекет тарапынан бірқатар бастама қолға алынды. Әрі ол бір реттік емес, жүйелі әрі халыққа бағытталған басым қадамдар еді. ХХ ғасырдың соңында кезекке тұрып қана, белгілі бір тізімге ену арқылы ғана үйлі бола алатын кезең аяқталып, жаңа ғасыр бас­талғанда нарық заманына бейімделуге бет алдық. Сөйтіп, 2000 жылдары үй алуға мүм­кіндік беретін алғашқы ипотекалық бағ­дарламалар дүниеге келді. Статистикаға көз жүгіртсек, 2004-2007 жылдары 1 157 200 000 000 теңгеге 200 000 ипотекалық несие беріл­ген екен. Ал күллі әлемді жау­лаған дағдарыс кезінде әлсіреп қалған құрылыс қарқынына қолдау көрсету үшін 2007-2010 жылдары тұрғын үй кешендері құрылысын жергілікті билік жалғастырып, ол үшін қордан қаражат бөлінгенін де айта кету керек. Әсіресе, мемлекет тарапынан баспана саласына жасалған қамқорлықтың айқын көрінісі деп 2004 жылы бекітілген тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған бағдар­ламаны атап өтпесе болмас. Кейіннен араға үш жыл салып кезекті бағдарлама қолға алынды. Ал 2012 жылы «Қолжетімді бас­пана» өмірге келді. Бұл бағдарлама арқылы талай қазақстандық баспаналы болды. Бү­гінгі ахуалға ойыссақ, қазір халықта таң­дау көп. Әркім өзінің табыс деңгейі, әлеу­меттік жағдайына қарай сәйкес бағ­дарла­маны оңай таба алады. 2016 жылы қолға алынған «Нұрлы жер» арзан ипоте­калық шарттарды ұсына отырып, тұрғын үй құры­лысының дамуына, көпшіліктің көп­тен арман еткен пәтерінің кілтін ие­ленуіне жол ашып берді. Бұл бағдарлама арқылы мұқтаждар ғана ала алатынын ескерсек, мемлекет одан өзге азаматтарды да естен шығарған емес. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс істейтін барша азаматтың баспаналы бо­луына мүмкіндік беретін бағдарламаның іске қосылатынын хабарлады. «Әр жұмыс­кер несиеге үй ала алатындай, кейін осы қа­рызды отбасының мүмкіндіктеріне қарай төлей алатындай арзан ресурсты ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан мен «7-20-25» деп аталатын бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Яғни, Қазақстанның әр жұмыс істейтін азаматының мына шарттармен тең­­­­­­гемен ипотекалық қарыз алуға мүмкіндігі болады: кредит бойынша сыйақы мөлшер­лемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан жоғары болмайды. Егер банктер бүгінде алғашқы жарнаның 30, кейде 50 пайы­зын талап етсе, осы бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20 пайыздан ас­пауы керек. Ай сайынғы төлемді азайту үшін кредит мерзімі 10-15 жыл емес, 25 жыл» деп қуанышты хабарды жеткізген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Байқасақ, Елбасы да, қазіргі Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдау кезінде баспана нарығындағы мәселелерді қозғап, оны шешу жолдарын қоса ұсынатын. Соған сәйкес, әр жыл сайын бұл салаға басты назар салып, орындалуын да қатаң талап етіп отырады. Мәселен, Президенттің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында бас­пананы қолжетімді етуді тапсырған. «Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімдігін арттыру. Үкімет жүйесіз бағ­дарламалар қабылдау тәжірибесін тоқ­татып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет. Биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыз­дық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыз­дық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдар­ламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қам­тамасыз етіледі. Бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады. Үкімет бағ­дарламаға қатысуға арналған айқын кри­терийлер белгілеп, оны қатаң әкім­ші­лен­діруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде, көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуге тиіс» деген еді.

Жағымды динамика байқалады

Ал енді тәуелсіздік жылдарындағы пайдалануға берілген пәтер санының динамикасына келсек. Егемендік алған жылы Қазақстанда 84,5 мың пәтер берілген. Бірақ 1999 жылы әлгі көрсеткіш күрт төмендеп, 9,6 мың пәтерге азайған. Десек те, кейіннен біртіндеп қарқын ала бастады. 1991 жылғы көрсеткішке қол жеткен уақыт деп 2016 жылды айтамыз. Өйткені қолда бар дерекке сүйенсек, сол жылы жылжымайтын мүлік нарығында 89,3 мың жаңа пәтер пайда болған екен. Жалпы онжылдықтар көрсеткішімен айтар болсақ, 1991-2000 жылдары — 34,5 млн шаршы метр, 2001-2010 жылдары — 56,5 млн шаршы метр, 2011-2020 жылдары 76,9 млн шаршы метр үй пайдалануға берілген. Осы тұста жыл өткен сайын пәтерлердің көбеюіне әсер еткен фактор жайлы да айта кету керек. 2004 жылдан бастап 2005-2007 жылдарға арналған тұңғыш тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жасалған болатын. Әсіресе, орта санаттағы, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды баспанамен қамту басты мақсат еді. Сөйтіп, қарқынды құрылыс жұмыстары басталып, баласы бар жас от­басы, мемлекеттік орган қыз­мет­кер­­лерлері, мемлекеттік қызметшілер бірі­нен соң бірі пәтер кілтін қолға алып жатты. Бұл тенден­ция әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бар болғаны 2005-2007 жылдардың өзінде тұр­ғын үй құрылысына жалпы алғанда 1113 млрд теңге инвестиция құйылған. Тіпті, жос­пар­дан асырып, 15,8 млн шаршы метр емес, 17,9 млн шаршы метр пәтер беріліпті. Бұл бағ­дарлама кейіннен әрі жылдарға созыла берді. 2012 жылы ұзақмерзімді «Қолжетімді баспана» өмірге келді. «Нұрлы жолдың» мақсаты да осындай болды. Кейіннен өзімізге жақсы таныс ипотекалық бағ­дарламалар жасалды. Бұл саланың дамуын үдету үшін мем­­лекет ипотека мөлшерлемелерін суб­сидия­­лайды. Мысалы, 2019 жылы осы мақсатта бюджеттен 92 млрд теңге бөлінсе, 2020 жы­лы – 210 млрд теңге. Былтырғы 11 ай­дағы есеп бойынша, жаңадан берілген ипотека көлемі 12,4 пайызға немесе 835 млрд теңгеге ұл­ғайған. Тағы бір айта кететін жайт, 2019 жылы да, 2020 жылы да рекорд болды. Атап айтқанда, жыл­жы­май­­тын мүлікке қатысты жасалған келісім са­нына қатысты. Бір жылда 300 мыңнан астам келісім жасалған. Қанша жерден пандемия жылы десек те, 2020 жылдың қо­рытын­дысында көрсеткіш жо­ғары болды. Аз ғана статистика кел­тірейік. Сәуірдегі қа­таң карантин кезінде келісім саны 76 пайызға күрт төмендеген, сөйтіп шіл­­­дедегі екінші локдаун уақытында тағы 18 пайызға қыс­қарған. Әйтсе де, шілдеден кейін өсім бас­талды. Нәтижесінде, был­тырғы көр­сеткіш – 308 мың келісім, 2019 жылғы көрсеткіш 320 мың болған еді. Бұдан бай­қайтынымыз, жылжымайтын мүлік нарығы жыл өткен сайын күш алып келеді. Мем­лекет тарапы­нан көрсетілетін кө­мектің де, азаматтардың баспаналы болуға ұмтылуы да бұған тікелей әсер етіп жатыр.

Айша ЕРСҰЛТАН