Коронавирус әлем елдеріне таралғалы бері адамзат алаңдаған екі нәрсе болды. Оның бірі – індетке қарсы вакцина табу болса, екіншісі – вирустың мутацияға ұшырауы. Дегендей-ақ былтыр жыл соңында індеттің өзгеріске ұшыраған британдық штамы пайда болды. Сол кезде індеттің қауіпті түрінен еліміз де секем алған. Ақыры 27 наурыз күні Алматыда науқастардың арасында вирустың британдық және Оңтүстік Африка штамын жұқтырғандар анықталды.
Штамм қайдан келді
Әуелі Алматы қаласында вирустың британдық және оңтүстікафрикалық штамға ұқсас белгілері анықталғаны жайлы хабар тараған болатын. Яғни, 17 наурызда қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалының зертханасы қаладағы коронавирус жұқтырғандардан алынған зертханалық үлгілерді зерттей келе «британдық», «оңтүстікафрикалық», «бразилиялық» штамға тән мутация түрін тапқан. Көп ұзамай анықталған штамм түрлерін нақтылау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, жедел ПТР скрининг жасаудың жаңа әдісі енгізілді. Сол күні Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мутацияның қай штамға жататыны толық геномдық зерттеу аяқталғаннан кейін бір ай ішінде белгілі болатынын айтқан. Дегенмен зерттеу нәтижесі көп күттірмеді. 27 наурызда Алматыда коронавирустың британдық және Оңтүстік Африка штамы анықталғанын қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады. Бұл штамның қауіптілігі сол алдыңғыларымен салыстырғанда жұғу деңгейі 70 пайыздан жоғары екені бұрын да айтылған. Соның алдында коронавирус жұққан балалар мен жастар көбейген еді. «Соңғы уақытта қалада байқалып жатқан ауру өсімі де соның әсерінен» деп қорытындылады Бекшин. Қазір Алматы қаласы коронавирус бойынша «қызыл аймақта» тұр. Биыл мегаполисте індет жұқтырғандар саны 13 мыңның төңірегіне жеткен. Былтыр ауырғандардың көбі 1980 жылдан кейін туғандар болса, биыл 1990 жылдан кейін туғандар. Мектепке дейінгі балалар арасында ауырғандар 2 есе артқан көрінеді. Ал мектеп оқушылары арасында ауырғандар 3 есе өскен. Бұл тұста ең басты сауал туындайды. Яғни, вирустың бұл штамы қайдан келді? Қаланың Денсаулық сақтау басқармасы әдеттегідей оны «шетелдерден оралған қазақстандықтар» жеткізгенін айтады. – Саяхаттан немесе басқалай мақсатпен елге келіп жатқандар көп. Болжам бойынша, Алматыда британдық штамның пайда болуына Түркия арқылы түрлі елдерден қазақстандықтардың оралуы себеп болуы мүм- кін, – дейді басқарманың баспасөз қызметі. Негізі, Жандарбек Бекшиннің жауабы осыған ұқсаған еді. Ол «Стамбұл әуежайлары Жер шарының оңтүстік бөлігі үшін негізгі хаб саналады» деген. Әйткенмен болар іс болып, бояуы сіңді. Ендігі мақсат – штамның одан әрі таралып кетпеуі.Вакцина құтқара ма?
Қазір Алматы қаласында карантин талабы күшейтіліп жатқанын білеміз. Әйтсе де, мәселе мұнымен біте қоймайтыны анық. Қаланың жергілікті билігі халықты жаппай вакцинациялау үшін «Спутник V» вакцинасының ірі партиясын күтіп отыр. 25 наурыз күнгі мәліметке сүйенсек, қалада 12 550 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырыпты. Тіпті, вакцинациялау мәселесін нақтылау үшін 26 наурызда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыға арнайы барған. Министрдің айтуынша, осы аптада қалаға кемі 750 мың доза вакцина жеткізілмек. Ал сәуірде елімізге 3 млн доза вакцина келмек. Оның дені қарағандылық фармацевтикалық зауыттың өнімі болмақ. Барлығы ресейлік «Спутник V» және «Спутник Lite» вакцинасы екені айтпаса да түсінікті. Айтпақшы, Қазақстан әлем бойынша сенімді екпе саналатын Sinovac пен Pfizer өнімдерін елге жеткізу бойынша келісім жасауға кірісіпті. Айтпақшы, жаңа штамм жайына келгенде вакцина мәселесін неге қозғадық? Британдық штамм тараған кезде ғылымдар оған қарсы күресте ресейлік «Спутник V» вакцинасының тиімділігін дәлелдеген болатын. Пайым бойынша, ол генетикалық ақпаратты тасымалдайтын вектор ретінде зиянсыз модификацияланған вирус секілді қолданылады. Бұл ақпарат ағзаға болашақ инфекцияларға қарсы иммунитетті күшейтуге көмектеседі. Демек, қауіптілігі зор штамның келуімен вакцинаға деген сұраныс артуы мүмкін. 2020 жылдың соңында британдық штамм шыққан кезде Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың мутациясы үлкен жылдамдықпен таралып жатқанын растап еді. Бізде де осы хал сияқты. 2021 жылдың қаңтарында «жаңа мутацияның адам өлімінің жоғары көрсеткішіне қандай да бір ықпалы барына дәлел табылғанын» хабарлады. Жаман айтқымыз келмейді, алайда қазіргі жағдайды ескерсек, жақсыға да жори алмаймыз.