Жиырма жылдан кейін табылған әке: Көкшетауда өлдіге санаған жігіт әкесімен сотта табысты    
Жиырма жылдан кейін табылған әке: Көкшетауда өлдіге санаған жігіт әкесімен сотта табысты    
291
оқылды

Бірақ жүрек тебірентерлік оқиға басқа жерде емес сот отырысында болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Көкшетау қалалық сотына жүгінген жігіт өзінің туған әкесін өлді деп жариялау туралы өтінішін берген. Алайда, іс материалдары бойынша сот процестеріне әзірленген Көкшетау қалалық соты күтпеген жағдайға тап болған. Өлді деп өтініш жазған жігіттің әкесі сап-сау, тірі болып шықты.

 «Сот отырысы кезінде өзінің жария еткен талаптарын жігіт толықтай мойындайтынын мәлімдеді. Ал сот процесінде WhatsApp мобильді қосымшасы арқылы бейнеқоңырау шалынып, әкесі мен баласын жүздестіргендегі сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көз алдыңызға елестетіңізші, әке мен бала осыған дейін қанша мәрте кездесуі мүмкін еді. Бірақ, тағдырдың жазуымен әке мен бала араға тек 20 жыл салып барып кездесті», – дейді Көкшетау қалалық сотының судьясы Гүлзира Нұрғалиева.

Сот процесінде арызданушының әкесі өзінің ұлы мен қоса немересі де бар екенін көріп, көзіне жас алды. Судья тосынсый болған кездесуден кейін қаны бір туыстардың енді бірін-бірі жоғалтпасына сенгің келеді дейді.

«Адамның жоғалуы, ең алдымен, туған-туыстар мен жақын-жуықтары үшін өте ауыр күйзеліс. Алайда, осы көп уайым мен қайғының артында заң аясындағы мәселелер аса маңызды екенін ескеру қажет. Мәселен, дүние-мүлкін мұра қалдыруға байланысты құжаттарды қайта рәсімдеу және басқа да маңызды құжаттар тағы бар. Азаматтық кодекспен із-түзсіз жоғалып кеткен адамды қайтыс болды немесе ізім-қайым кетті деп жариялау туралы тәртіп қарастырылған. Біз қайта табысқан жандарға барлық жақсылықтарды және бұдан кейін ешқашан бір-бірін жоғалтпауын тілейміз», – дейді Гүлзира Нұрғалиева.

Жиырма жылдан кейін қайта табысқан әке мен бала да бір-бірін енді ешқашан жоғалтпақ емес.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы