Әлеуметтік желіде Жылыой аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерболат Досмағұлов қарамағындағы барлық қызметкерге коронавирусқа қарсы вакцина егуді бұйырған аудиожазба тарады. Бұл ретте вакцина егуге мәжбүрлеу заңсыз екенін ескерген жөн. Тәртіп сақшылары жазбадағы дауыстың Ерболат Досмағұловтың дауысы екенін растады - ол оны what’s app мессенджеріндегі қызметтік чатқа жіберген.
- Бәрің вакцина егуге міндеттісіңдер! Барлығыңды ескертемін! Теңіз полиция бөлімі: «Мен бармаймын» немесе «бас тартамын» деген әңгіме емес! Серікқали Тасқалиев тізім жасайды, бөлім басшылары екпе жасауды ұйымдастыруы тиіс. Әсіресе, Теңіз полиция бөліміне қатысты... Еркебұлан Сембаев, ертең ауысымға түсетіндердің бәрін әкелесіз, оларға бір сағат ішінде вакцина егілу керек. Бүгін ауысымда болғандарға вакцина ертең таңертең егіледі. Мені алдап соғамын деп ойламаңдар. Бәріңе түгел вакцина егілу керек. Мен вакцина қабылдамауды шештім деген ешқандай уәждеріңді қабылдамаймын. Қарсылық білдіргендер кадр қызметіне барып, түсіндірсін. Қалай болғанда да, вакцина егу болашақта міндеттелетін болады. Кешке бәрін тексеремін, - дейді ол.Ресми тексеру жүргізіле ме және АПБ басшысы заңсыз талап еткені үшін жазалана ма, әзірге белгісіз. «Aқ Жайық» басылымы Атырау облысы бойынша Полиция департаментінен осыған қатысты түсінік беруді сұрады. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 77-бабына сәйкес кез-келген медициналық процедура, оның ішінде профилактикалық екпелерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тартуға құқылы. Қазақстанда екпеден бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, кез келген қудалау заңсыз болады. - Егер сіз вакцина егуді мәжбүрлеген жайттың куәгері болсаңыз, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне немесе құқық қорғау органдарына тікелей хабарлаңыз, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Ержан Байтанаев. Қазақстанда полиция қызметкерлеріне екпе салу 1 наурызда басталды. Олар Sputnik V вакцинасын алуда. Бүгінде 1,5 мыңнан астам қызметкер екпе алды.