Ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтары қажет
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтары қажет

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ұлттық құндылықтарды  дәріптеуде білім саласының рөлі зор деп санайды. Бұл туралы ол «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда айтты.

«Ұлттық құндылық­тары­мыз­ды азаматтарымыздың, әсі­ресе өске­лең ұрпақтың бойына сіңі­­рудің оңтайлы жолын та­буымыз қажет. Бұл ретте негізгі салмақ білім беру саласына түсетіні сөз­сіз. Білім беру оқу бағдар­­­ламасын түсіндірумен шектел­­­мегені жөн. Біздің ұлттық тан­ымда білім әр­­­­дайым тәр­биемен қатар жүр­­­ген. Сондықтан бала адамдық әліп­песін ата-анасымен қатар мек­­тептен үй­ренгені шарт. Білім ме­ке­мелері жанашыр, адал, жауап­­­ты, ең­бек­қор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруі тиіс. Сол себепті оқу бағдар­лама­сына ұлт­­тық құндылықтарды дә­ріптеу са­­бақ­тарын қосып, оны жаңаша жа­сақтау мәселесін қара­ған жөн болар еді», – деді Мәулен Әшім­баев. Сонымен қатар Сенат Спи­кері бұл бағытта интеллиген­ция­­­ның да алатын орны ерекше екенін атады. «Қай заманда да зиялы аза­маттарымыз қоғам үшін бағдар болған. Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Сол үшін оларға алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте, елі­мізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруды өзекті мәселенің бірі деп есептейміз. Олар ХХІ ғасырда ұлттық құн­дылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуы қажет», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ ол ұлттық құн­ды­лықтардың аясы кең екенін, оның тәуелсіздік, жер, тіл, мә­дениет, салт-дәстүр сияқты ерек­ше­­лік­­терді қамтитынын айтып, ада­ми құндылықтарға, хакім Абай­­дың «Толық адам» тұжы­­рымда­масына кеңірек тоқталып өтті. «Ұлы ойшылдың «Толық ада­мына» нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат тән. Нұрлы ақыл аясында қоғамда білім куль­тін қалыптастыруымыз қа­жет. Сол арқылы өмір бойы білім алу дағ­­­­дысын негізгі қағидатқа ай­­нал­­­­дырғанымыз жөн. Өзара сенім, жанашырлық пен жауап­кершілік сияқты құндылықтарды кеңінен дәріптеген абзал. Оның бәрі Абай айтқан жылы жүректен бастау алады. Қоғамда сенім болған жерде адами қарым-қа­тынастың нығаюымен қатар, экономика да дамиды деген заңдылық бар. Ақын өсиет еткен ыстық қайратқа талап пен ең­бекқорлық сияқты қасиеттер жа­тады. Бұлар да жаңа заманда ұлттық ұстанымға, өмір­­­­­лік мақ­сатқа айналуы қажет» де­ген Сенат Төрағасы Мемлекет бас­шы­­­­­сының жаңғыру бағдарын кешенді әрі жүйелі түрде іске асыру үшін осындай идеоло­­гиялық құндылықтарды нығай­тып алу керегін тілге тиек етті. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ұлттық құндылықтар тақырыбы қашанда өзекті және оны дә­ріптеу ауқымды жұмыс екеніне назар аударды. Айта кетейік, Сенатта өткен пар­­ламенттік тыңдаудың қоры­­тын­­­дысы бойынша арнайы Ұсы­нымдар дайындалды. Бұл құжат қатысушылардың ұсыныс-пі­кір­­­лері негізінде тағы да то­лық­ты­ры­­лып, Үкіметке және тиіс­ті ми­­­­нистр­­­ліктерге жіберіледі.

А.СҰЛТАН