Тұрғындардың арызын тыңдады
Тұрғындардың арызын тыңдады

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы мен оған қарасты төрт ауданның партиялық филиалында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бірыңғай тақырыптық қабылдау» акциясы өтті.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына тұрақты түрде назар аударып, партия атынан құзыретті мемлекеттік органдар мен азаматтарға диалог алаңын ұсынуды мақсат еткен жиын негізінен мүгедек жандардың мұңын тыңдауға арналды. Өздерін толғандырған мәселені ортаға салған 19 мүмкіндігі шектеулі азаматты тыңдаған «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары, фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов көтерген мәселелерге орай тиісті сала өкілдерінің қатысуымен нақты жауап беріп отырды. Қоғамдық қабылдауға қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Ұлдана Бекбау қатысты. Алайда мұң-мұқтажын арқалап келген 19 мүгедек жанның 14-і тұрғын үй мәселесін көтергенімен, қоғамдық қабылдауға келуі тиіс Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов төбе көрсетпеді. ІІ топ мүгедегі Кенжетай Шпеков 2000 жылдан бері Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Бірақ тұрғын үй кезегіне тіркелмепті. Ол баспаналы болу үшін қандай құжаттар жинап, кезекке қалай тұруы қажетін сұрады. Одан соң І топ мүгедегі Сәуле Нұрбекова да тұрғын үйдің азабын тартып келе жатқанын жеткізді. 2002 жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Бүгінде 30 жастағы мүгедек қызы үй кезегінде сегіз мыңыншы болып тұрса, 2014 жылы тіркелген өзі бүгінде 875-ші орынға жылжыпты. Көз жасына ерік берген ана биыл зейнеткерлікке шығатынын, кезек келгенде үй ала алмай қалмаймын ба деген күмәнін жасырмады. Құзырлы органдардың өз кезегін қызының атына ауыстырып беру мүмкіндігі бар-жоғын білгісі келеді. 2006 жылы тұрғын үй кезегіне тұрған мүмкіндігі шектеулі жан Мұратбек Дүйсебаев дәл осындай мәселенің титықтатып отырғанын айтып, шағымданды. Жұбайы да І топ мүгедегі екен. Мұратбек Дүйсебаев осыдан екі жыл бұрын Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысының мүмкіндігі шектеулі жандардың кезегі келгенше уақытша үй береміз деген уәдесіне сеніп жүргенін айтады. Қоғамдық қабылдауға келуінің де себебі– сол, уақытша үйден әлі үмітті екен. Өкінішке қарай, осы тұрғын үйге қатысты сауалдар жауапсыз қалды. Себебі тиісті сала басшысы қоғамдық қабылдауға келген жоқ. Айта кетейік, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы – «Nur Otan» партиясының басым бағыттарының бірі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың негізгі мәселелерін сараптап, партия тарапынан оларға жан-жақты қолдау көрсету үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды. Одан бөлек, бүгінде Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған такси қызметі бар. «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Вадим Тороповтың айтуынша, қазір күн сайын 50 шақты мүмкіндігі шектеулі жанды оңалту орталықтарына, оқу орындарына тасымалдау үшін 19 жеңіл көлік қызмет көрсетеді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы