Атбасарда 67 үй су астында қалуы мүмкін
Атбасарда 67 үй су астында қалуы мүмкін
264
оқылды

Су тасқыны биыл ақмолалықтарды әбден әбігерге салатын түрі бар. Өйткені облыста 125 елді мекенге су басудың нақты қаупі төнген. Әсіресе, Атбасар ауданында судан төнетін  қатер жоғары.

Ақмола облысының бас құт­қарушысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, биыл дәл сондай ауыр жағдай тағы қайталануы мүмкін. «Гидрологиялық мәліметтер бойынша, орташа көпжылдық мәні биыл 16 пайызға жеткен. Ауа райын зерттейтін мамандар болжамына қарағанда, қазіргі жағдай 2017 жылғымен ұқсас. Біз ең қиын да күрделі жағдайға әзірленіп жа­тырмыз. Біздің барлық күш­-құ­рылымдарымыз бен техникаларымыз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сақадай-сай әзір­­­лікке көшірілген», – дейді Нұрлан Атығаев. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының айтуынша, бүгінде еріген қар суларын қауіпсіз өткізу бойынша алдын алу шаралары басталып кеткен. Ал сәуірдің басынан бастап Атбасарға қосымша күш тарту мақ­­­­сатында облыстық Төтенше жағ­дайлар департаментінен 8 техника мен 16 құтқарушы жіберілмек. Ал «Қазгидромет» РМК мәлі­­­меті бойын­ша, 5-6 сәуір күні ауа райы жылынып, қар күрт ерімек. Жұмыс өзен бойында ғана емес, қала ішінде де қауырт тірлікке көшіпті. «Қарды барынша қала сыртына шығарып, арықтар мен жолдарды аршып жатырмыз. Қазір аяқтауға таяп қалдық. Егер қаладағы тұрғын үйлерді су басып жатқан жағдайда суды арнайы техникалардың көмегімен сорып төгеміз. Бүгінде 10 автокөлік тоқ­таусыз жұмыс істеуде», – дейді Атбасар қаласының әкімі Марат Асқаров. Дегенмен Атбасарда әлі де болса 67 үй тасқын судың астында қалуы мүмкін. Сондай-ақ қалың қардың құрсауында қалған 500 үйдің тұрғыны қауіпсіз аймаққа көшіріліпті. Су басатын аймақта Атбасар қаласының №1 орта мектебі де қалыпты. «Аталған аумақ су басу қаупі ерекше қауіпті аймақта орналасқан. Біз жасанды кедергі жасап, қаппен қоршау тұрғызып жатырмыз. Қаптарға инертті материалдар мен құм толтырылды», – дейді қала әкімі.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы