IV тоқсан қалай басталады?
IV тоқсан қалай басталады?

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады. 30 наурыздағы мәлімет бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облысы «қызыл аймақта». Ал Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары «сары аймақта». 1 сәуірде IV тоқсан басталады. Көптің көкейінде «қызыл аймақтағы» өңірлер  қалай оқиды деген сұрақ бар. Сонымен, жаңа тоқсан қалай басталады?

Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, «жасыл және сары аймақта» орналасқан өңірлерде мектеп оқушылары аралас форматта оқиды. Аралас формат қандай дерсіз. Мұндай форматта 70% пәндер мектепте, 30% пәндер қашықтан оқытылады. Сыныптағы бала санын 25-тен асырмау керек. Асып кеткен жағдайда 2 топқа бөлінеді. Мысалы, бір сыныпта 28 оқушы бар болса, соның 25-і бір топта, қалған үшеуі басқа сыныпта оқиды. Ал «қызыл аймаққа» келсек, мектепалды даярлық тобы, 1-5-сыныптардың оқу­шылары аралас форматта білім алады. Халықаралық мектептің 1-7-сынып оқушылары аралас форматта оқыту режиміне көшеді. 9,11 (12)-сынып оқушыларына сабақ аптаның 6 күнінде аралас форматта жүреді. Ескере кетерлігі, сыныптағы бала саны 15-тен аспауы шарт. Осы орайда денешынықтыру пәні қалай өтеді дейтін сұрақ туады. Мәселен, солтүстік өңірлерде таза ауада сабақ өткізу мүмкін емес. Өйткені қар еріп, жердің миы шығып жатыр. Оңтүстік аймақта да жағдай осыған саяды. Бұл турасында жауаптылар денешынықтыру сабағы ауа райы қолайлы болған жағдайда таза ауада өтетінін айтты. «Жасыл және сары аймақтарда» сабақ кезінде бетперде тағу міндеті алынып тасталғаны бар. Республиканың барлық өңірінде контингенті 300 оқу­шыға дейін мектептерде балалар дәстүрлі форматта оқиды. Ал мектептегі бала саны 300-ден асып кетсе, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың матрицасына сай шара қабылданады. Яғни, сары және жасыл аймақтағылар аралас форматта оқыса, «қызыл аймақтағы» 1-5, 9,11 (12)-сынып оқушылары ғана аралас форматта оқиды. Демек, қалған оқушылар қашықтан оқуды жалғастырады. Эпидахуал қалыпты өңірде сабақтан тыс уақытта 15 адам­нан аспайтын топтарда оқу­шыларды жеке оқытуға да мүмкіндік бар.

Министрдің сөзіне мән бермейтіндер бар ма?

Осы тұста бірден мәселеге көш­кенді жөн көрдік. Өйткені IV тоқсанда контингенті 300 оқу­шы­ға дейін мектептер дәстүрлі форматта оқиды. Тұмаудың өршіп тұрған кезі екенін, корона­вирустың жаңа штамдары анық­талып жатқанын былай қойғанда, мектеп формасы дейтін мәселе бар. Білім және ғылым министр­лігінің өкілдері де балаларға сабақ­қа еркін киіммен баруға рұқсат берілгенін сан мәрте айтты. Ал ата-аналар кей облыс пен аудандағы білім ошағының бас­шылары мектеп формасын кию­ге міндеттеп жатқанын атап өтті. Директорлардың есінде болса, пандемия басталғалы арада 1 жыл өтті. Мектеп жасын­дағы баланың бойы тез өсетінін ескерсек, ата-аналар жаңа мектеп формасын алуға мәжбүр. Жоқ дегенде ұл-қызына жаңа ақ жейде мен көк түсті шалбар алуы керек. Осындай қаржылай мәселе тумас үшін министр мектеп формасын кию туралы талапты жеңілдеткен-ді. Бірақ кейбір ата-аналар да мектеп басшыларының форма алу­ға міндеттеп жатқанын жет­кізді. «Алты балам бар. Оның бесеуі мектепте оқиды. Оқу жылының аяқталуына 1,5 ай қалғанда қа­шық­тан оқу форматында оқи бер­сек болмас па еді? Әлде дирек­торға өтініш жазсақ бола ма? Олар бізге мектеп формасын киіп келуді тапсырды. Оның үстіне маска, антисептик, сулы майлық тағы көптеген нәрселерді әкелуді міндеттеп отыр», – дейді Жамбыл облысында тұратын ата-ана Әсем Тоқмырзаева. Жоғарыдағы бір ғана мәселе. Бұдан кейінгі кезек мектептегі бөліп оқыту турасында болмақ. Үлкен қалаларда мектепте ғ, д сыныптары бар екенін білеміз. Яғни, бала саны көп. Кей сынып­та тіпті 40 бала бар. Оқушыларды екі сыныпқа бөлсе, сынып жет­пей қалуы мүмкін. Сыныпты бы­лай қойғанда, парта жетіс­пейді. Одан қалса бір сыныпта 29 бала болса, қалған төртеуі басқа сыныпқа барып оқығысы кел­мей­тіні тағы бар. Өйткені сынып­тағы бала саны 25-тен аспау ке­рек.

Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы жағдай

Нұр-Сұлтан қаласында ка­ран­тин қатаңдағандықтан, 11-сынып оқушылары ғана ара­лас форматта оқиды. Демек, 1-10-сынып оқушылары қашық­тан оқи береді. Ал Алматыда мек­тептер онлайн форматқа көшкен. «Мутацияланған штамдар­дың ерекшелігі, олар балаларға да әсер етеді. Мысалы, өткен жылдың бірінші жартысында 281 бала індетке ілікті. Ал биыл ал­ғаш­қы үш айда 1 468 бала корона­вирус жұқтырды. Балалар ара­сында инфекция жұқтыру дерегі көбейгендіктен, қатаң шектеу шараларын қабылдадық. Барлық мектепті онлайн формат­қа кө­шір­дік. Орта мектептерде 1-5-сы­нып, халықаралық мек­теп­­те 1-7-сыныптар аралас фор­матта оқиды. Әр сыныпта 15 бала­дан аспайды. Оқушы саны 15-тен аспайтын кезекші сынып­та 9 және 11-сыныптар оқиды. Бұл шектеулер жеке немесе мем­ле­кеттік мектепге бірдей қол­да­нылады», – деді Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бек­шин. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, мектептерде карантин талабының қатаң сақталуын қадағалау керек. Білім басқарма­лары, әр мектептің әкімшілігі тиісті санитарлық талаптарды сақ­тау жұмысын толық жүргізуге міндетті. Одан кейін әлеуметтік арақашықтық, оқушылар мен педагогтердің жеке гигиенасына мән берген жөн. Сондай-ақ вице-министр оқушылар ауырған жағдайда не науқастармен байла­ныста болса, ата-аналары оқу форматы туралы өтініш білдірсе қашықтан оқи алады. Жалпы, IV тоқсанда негізгі пәндер штаттық режимде, ал музыка, еңбек информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік негіздері сияқты пәндер қашықтан оқытылады. Сабақтың ұзақтығы – 40 минут. Қолда бар мәліметке сүйенсек, Жамбыл облысында IV тоқсанда 229 мектеп дәстүрлі форматта оқиды. Қызылорда облысында да білім беру дәстүрлік форматта жүргізілмек. Алайда ата-аналар алаңдаулы. Көпшілігі қашықтан оқу кезеңін жалғастыруды сұрап отыр. Олар білім алу маңызды екенін жете түсінеді. Бірақ денсаулық баға жетпес байлық екені тағы бар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ