Көктемгі аңшылық маусымы кикілжіңге толы
Көктемгі аңшылық маусымы кикілжіңге толы
329
оқылды

Биыл көктемгі аңшылық маусымына рұқсат берілді. Жалпы, елімізде сүтқоректілердің – 34, құстардың 59 түрін арнайы рұқсатпен аулауға болады. Тек заң бойынша белгіленген аңшылық нысанда аулануы тиіс аңдардың тізіміне бұғы, аю, сібірлік тау ешкісі, сібірлік елік және доңыз кіреді. Ал құстардан шіл, құр, қаз және үйректің барлық түріне аңшылық етуге рұқсат берілген. Алайда көктемгі аңшылыққа қатысты экологтар мен аңшылар пікірі екіге жарылып тұр. Өйткені көктемде жан-жануар төлдеп, құстар ұя басатын кез. Мұндай сәтте  енесін аңшы атып алса балапан мен жас төл қырылып қалмай ма деп алаңдайтындар  бар. Өйткені лицензиясы бар аңшылардан бөлек заңсыз аң аулайтындар да кездеседі. Міне, осы жағдайлар экологтарды алаңдатса, аңшылар өз уәждерін айтады.

Төрт жылғы тыйымнан соң...

Қазақстанда 2017 жылдың 16 ақпа­нынан бастап көктемде аң аулауға қатаң тыйым салынған болатын. Себебі 2016 жылы заңсыз аң аулау бойынша 4 774 хаттама толтырылып, 4 643 адам әкімшілік, 30 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған-ды. Сонда 51 қару тәркіленіп, аңшылар 2,5 миллион теңге айыппұл төледі. Осылайша, 2016 жылдың 3 қыр­күйегінде ашылған аңшылық маусымы 2017 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасты да, одан кейін бірден аң, құс ату заңға қайшы әрекет болып есептелді. Эколог­тардың айтуынша, мергендердің мылтық асынуына тыйым сала тұрмаса, сондағы бір жыл ішінде жабайы үйректің 2 миллио­ны жойылған екен. Содан табиғат қорғау­шылар мен аңшылар арасындағы дау-дамай басталды да кетті. Нәтижесінде, «еліміздегі құстар саны көктемгі құс ату кесірінен күрт кеміген» деген уәж басым шығып, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Марлен Айна­беков көктемде құс атуға тыйым салы­натынын мәлімдеді. «Зоология институты мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы көктемгі аң аулауға тыйым салу бойынша биологиялық негіздеме жасады. Осыған байланысты 16 ақпаннан 14 маусымға дейін жабайы құстарды атуға болмайды. Ал күз және қыс кезінде құс атуға тыйым салынбады. Көктемгі аң аулауға тыйым салу жабайы құстар санының өсімін сақ­тап қалуға мүмкіндік береді», – деді сонда комитет төрағасы. Алайда «Қансонар» аңшылық шаруа­шылық субъектілері және аңшылар қоғам­дық бірлестігі республикалық ассоциация­сы: «Біз бұл шешімді Қазақстанда био­түрлілікті сақтай отырып, аңшылық шаруа­шылықты жүргізуден бейхабар шенеуніктер шығарған бұйрық деп есеп­тейміз. Ассоциация 20 жылдан астам уақыт бойы әлемнің көптеген елінен келетін аңшылар үшін аңшылықты ұйымдастыру және алдын ала олар үшін құжат ресімдеуді ұйымдастыру бойынша жұмыс істеп келді. Ал енді оның бәріне тыйым салу керек болды. Сондықтан да бұл шешім туризмді дамыту туралы Үкімет қаулысына қайшы келеді», – деген үндеу жасады. Осыған орай, Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің баспасөз хатшысы болған Сәкен Ділдахмет көктемгі аңшылық маусымына тыйым салудағы негізгі себепті атады. Оның айтуынша, көктемгі аңшылық кез келген жануарды қатты алаңдатып, тыныштығын бұзады, сөйтіп құстарды ұя салған жерін тастап кетуіне мәжбүр етеді. Осылайша, ұя салу үдерісі бұзылатын көрінеді. Бірақ сол тыйым салынып жатқан 2017 жылы оған әуесқой аңшы, журналист Ерік Рахым өз уәжін айтты. «Биылдан бастап Қазақстанда көктемгі аңшылық маусым деген жоқ. Оған тыйым салынды. Бұған құстың азаюы себеп болды. Өткен жылдың соңында осындай өзгеріс енгізілгенде ресейлік аңшылар қатты қуанды. Олар үйрек-қаздың Қазақстаннан аман-есен өтетінін және оны өздері армансыз ататынын біліп отыр. Негізі, бұл әбден зерттелмей жасалған іс болды. Меніңше, көктемгі аңшылық маусымына тыйым салғанмен құс көбеймейді. Жалпы, заңды қатаңдатудың қажеті шамалы еді деп ойлаймын. Десек те, өзгеріс енгізіліп қойды. Сондықтан қоян аулау маусымы аяқталған соң (15 ақпан), суыр аулау маусымы басталғанға дейін (15 маусым) мылтығымызды майлап, сейфке салып қоямыз», – деді ол.

Үйректің еркегін атуға рұқсат етілсе де...

Ал енді рұқсатымыз бар. Таяуда ғана Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев тиісті жарлыққа қол қойып, 2017 жылы енгізілген көктемгі аң аулауға тыйым салу туралы ереже күшін жойды. Сонда да бұл шешімге қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко қарсы шығып отыр. Тіпті, ол өз ұйымының аңшылар үшін біраз шектеу енгізуге тырысатынын мәлімдеді. Айта кетсек, Сергей Скляренко бұған дейін де көктемде құстар ұя сала бастайтынын айтып, аң­шылық олардың көбеюіне кедергі келтіріп, басқа да жануарлардың популяциясын төмендететінін түсіндіруге тырысқан. Оған мысал ретінде шетел тәжірибесін де келтіріп көрді. Айтуынша, көктемде аң аулауға Еуроодақтың 28 елінде тыйым са­лынған. Тіпті, АҚШ пен Канадада көк­темде ешкімнің аңға шықпайтынына бір ғасырдан астам уақыт болған. Дегенмен аңшылық маусымына аңшылардың қарсылығын ескерместен тыйым салынғанындай, экологтардың жанашырлығына қарамастан рұқсат беріліп қойды, болды. Төрт жыл тир атудан жалыққан мергендер 1 наурыз бен 15 мамыр аралығында тиісті аңшылық шаруашылығы субъектісі қорықшысының бақылауымен қоңыр аю, үйрек, қара торғай және тізімде көрсетілген басқа да жануарларды аулауға дайын. Ескерте кетсек, ережеге сәйкес, үйрек аулауға аңшыда тек жасанды үйрек немесе тұлыбы болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Ал әуесқой (спорттық) аң аулау арнайы бекітілген аңшылық алқаптарында ғана жүзеге асады. Оған баруға жолдама қажет. Осы орайда баса мән берер бір жайт, құс ату маусымы әр өңірде 15 күнге ғана созылады. Оның өзінде бір уақытта емес, әр аймаққа бекітілген кестеге сай болмақ. Бұл кезде тек үйректің аталығын атуға рұқсат. Еркек-ұрғашысын айыра алмайтын адамның үйінде жатқаны дұрыс. Әйтпесе, біріншіден, жұмыртқаны жарып шығып үлгермеген немесе қарақанаттанбаған балапанның обалына қаласың. Екіншіден, әжептәуір айыппұл арқалайсың. Сонымен, қазір әлеуметтік желілерде аңшылар көктемгі маусымның Жамбыл облысында 1 наурызда, Маңғыстау облы­сында 13 наурызда, Қостанай облысында 24 сәуірде басталатынын жазысып жатыр. Сол сәтте тараздық бір аңшы 5 үйрекке жол­даманы 4 мың теңгеге алғанын алға тартқан.

Экологтар мен аңшылар тіл табыса алмады

Әрине, бұл ретте әлеуметтік желінің өзіндік «әләулайы» бар. Төрт жылдан кейін ашылған маусымды «көп көргендер» де табылды. «Ұшып бара жатқан үйректің аталығы ма, аналығы ма, кім біледі? Қаң­ғырған оқ талдап тимейді ғой», «Не деген өтірік заң, қисыны жоқ?!», «Ұя басатын кезде обалына қалдыратын қандай топас заңгер?», «Құстарға көктемде құрт түсе­ті­нін білмей ме екен?», «Тұқымсыз қалды­райын деген ғой. Несін жейсің, бәленбай жерден арып-ашып келгенде, сүйегін сормасаң?!», «Дұрыс емес қой. Жұмыртқа басып, балапан шығаратын кезде құстарды атуға болмайды. Не деген азғын болып кеттік сонша, үйректің бір жапырақ еті үшін тұқымын құртып?! Атқыш болса, күзде атсын, лицензия алып. Обал емес пе? Қыра берген дұрыс емес» дегендей қарсы пікірлер қарша борап жатыр. Қазір экология саласында жүрген табиғат жанашыры Сәкен Ділдахмет те өзінің Facebook-тегі парақшасына: «Көктемгі аңшылықты ашты. Бекер! Көп балапан енесіз қалатын болды. Тіпті, олар­дың дені жұмыртқа жарып та үлгермейді. Өкінішті. Алайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мұны тү­сін­бейді. Олар құстарды қорғаудың орны­на, соларға қарсы аңшылық жасауды ашу­ға шешім қабылдады!», – деп жазды. Ал табиғаттан өз несібесін қай кезде қалай алуы керектігін өте жақсы білетін кәсіпқой аңшылар ондай «құстарға обал» сарынындағы жалпылама қарсылыққа мән бермейді. Өйткені жылы жақтан ұшып келген үйректің еркегі жұрт ойлаған­дай арық болмайды. Есеппен ұшып, еселеп жейтін барылдауық үйрек оңайлық­пен күйін беретін құс емес. Сонымен қатар оның еркегі көп болады. Көктемде бір аналыққа бірнешеуі таласып, оның төбе­сін таз етіп, жұмыртқаны баспақ түгіл, тууына мүмкіндік бермейді. «Еркек тоқты – құрбандық» дегендей, олардың санын сол үшін азайтып отырған тиімді. Сондық­тан биыл көктемгі аңшылық маусымын ашқан министрлікте де, аңшылар қауым­дастығында да тыйым мен тиімді айыра алмайтын өңкей ақымақтар отырмағанын ескерген жөн.

Еркеғали БЕЙСЕН