«Сақалды құрылыс» суицид мекеніне айналып барады
«Сақалды құрылыс» суицид мекеніне айналып барады
137
оқылды

Әлемде әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне қол салатын көрінеді. Осылайша, бір жылда  1 миллионға жуық адам көз жұмады. Қарап отырсаңыз,  жаға ұстатарлық ста­тистика. Ал  ресми деректер бойынша, жыл сайын елімізде 200-ден  астам жас­өспірім өз-өзіне қол жұм­сайды екен.

Кейінгі екі жылдың бедерінде Жам­был облысында да суицид жасамақ болған жастардың саны аз емес. 2019 жылы 15-17 жас аралығындағы 12 жасөспірім өз-өзіне  қол салса, оның 10-ында жас өскіннің өмірін ажалдан ара­шалауға мүмкіндік болмаған. Ал өткен жылы 7 жас өз-өзін өлтіруге әрекет етсе, соның 5 жағдайында адам өлімі тіркелді. Мамандар суицид дерегі бойынша адам өлімінің көрсеткіші төмендегенін айтқанымен, жылда онға жуық өрімдей жастың өз-өзіне қол сал­уы алаңдатарлық жағдай. Осы тұста  ерекше  назар ау­даратын  жайт – Тараз қаласы Қ.Тұрысов көшесінің бойында  талайғы жылдан бері құрылысы аяқталмай  келе жатқан нысан бар. Міне, осы ғимарат  бүгінде өзіне қол жұмсай­тындардың орнына  айналғандай. Себебі  соңғы жылы  қаңырап бос тұрған құ­рылыс алаңында екі суицид фактісі тіркеліп, абырой болғанда адам өлімі болған жоқ. Алғаш­қысында аталған  ғимараттың 5-ші қабатынан секірмек болған студент қызды дін жолындағы азамат аман алып  қалды. «Биіктен секіріп кетемін» деп бекінген  сту­дент­ті райынан қайтаруға құзыр­лы орган  өкілдері мен оқу орны­ның басшылығы жұмыла күш салғанымен, түк шықпады. Адам жақындаған сайын бойжеткен ғимараттың қиыр ұшына жыл­жып, жағдай ушыға береді. Тек келіссөзге медресе шәкірті кіріс­кенде ғана өмірден баз кешкен жасөспірім  сабырға келген. Адам естігенін емес, көргенін қайта­лау­ға әуес. Сондықтан болса керек, осы қаңыраған бос ғимаратта артын­ша  бір бойжеткен суицид жа­са­мақ болды. Жедел әрекеттің нәти­жесінде ол да мезгілсіз ажал­дан аман қалды. Өзіне қол салмақ болған қыз да  облыс орталы­ғындағы колледждердің бірінде білім алады екен. Оқу орнындағы кезекті емтихандардың бірінен орта­ша бал алғандықтан  шәкірт­ақысынан қағылатынын біліп, осындай қадамға баруға әрекет еткен. Ол суицидке алдын ала дайындалып, анасына хат та қалдырған. Дегенмен құрбылары дер кезінде хатты оқып, оны іздей бастағанда құрылысы аяқталмаған нысанның 5-ші қабатынан тауып, көмекке Төтенше жағдайлар де­партаментінің мамандарын ша­қырып,  ажалдан арашалап қал­ған. Осылайша, «сақалды құры­лыс» бүгінде суицид жасамақ бол­ғандардың ақтық демі үзілетін жерге айналып барады. Жоғарыда айтылған оқиғалардан кейін  қаланың қақ ортасында қаңырап  бос тұрған нысанды  жергілікті полиция қызметінің мамандары бақылауына алғанын жеткізген. Алайда бұдан шығып жатқан нәтиже шамалы. Олай дейтініміз биылғы наурызда тағы бір жігіт осы ғимараттың бесінші қаба­тынан секіріп кетуге әрекет етті. 7 наурыз күні «102» байланыс же­лісіне Қ.Тұрысов  көшесінің бо­йында салынып бітпеген ны­сан­ның 5-ші қабатынан бір адам­ның  секіргелі тұрғаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына учаскелік полицей Данияр Таза­беков жетіп, өз-өзіне қол  салмақ болған жігітті райынан қайтаруға тырысады. 29 жастағы азамат  өзі жұмыс істейтін кәсіпорын басшы­сы жұмыс барысында алған жара­қаты үшін өтемеақы төлемей жат­қанын айтып шағымданған. Жігітті сөзге айналдыра отырып оған жақындай түскен учаскелік инспектор қолынан шап беріп ұстап, оның өмірін аман алып қалды. Өзіне қол салмақ болған азаматқа дәрігерлер мен психо­логтар көмектес­кеннен кейін тәртіп сақшылары жігітті  өзіне қол салуға дейін апарған  кәсіп­орын туралы ақпарат беретінін айтқан. Алайда бұл жағдай әлі күнге жұмбақ күйі қалып келеді. Дәл сондай Қ.Тұрысов көше­сінде қаңырап бос тұрған нысанға қатысты да құпия көп. Турасын айт­сақ, нысан кімге тиесілі екенін ешкім тап басып айта алмай отыр. Бір ғана белгілі нәрсе,  2014 жыл­дың 1 тамызында «Береке-5» деп аталатын серіктестік нысанды Ната­лья Багданова есімді азамат­шадан сатып алған екен. Әрі 5 589 шаршы метр жерді алып жатқан ғимаратты спорттық сауықтыру кешеніне  айналдырмақ болған. Алайда арада 7 жыл өтсе де нысан сол қаңыраған күйі тұр. Сондай-ақ  «Береке-5» ЖШС-ның иесі туралы да мәлімет жоқ. Жерге жауапты мамандар ғимарат жекеменшікке тиесілі болғандықтан оның құрылысына араласа  алмайтынын айтады. Алайда жуырда Тараз қаласына әкім болып тағайындалған Ержан Жылқыбаев бұқараға үндеу жа­рия­лап, қаладағы сақалды құ­рылыс­тармен жап­пай күресетінін айтқан. Бәлкім, талай жылдан бері жасөспірімдерді өлімге итермелеп келген  нысанның иесін тауып, жеке кәсіпкерді жауапкершілікке шақыру  шаһардың жаңа басшысының қолынан келіп қалар...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы­