Әлемде әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне қол салатын көрінеді. Осылайша, бір жылда 1 миллионға жуық адам көз жұмады. Қарап отырсаңыз, жаға ұстатарлық статистика. Ал ресми деректер бойынша, жыл сайын елімізде 200-ден астам жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды екен.
Кейінгі екі жылдың бедерінде Жамбыл облысында да суицид жасамақ болған жастардың саны аз емес. 2019 жылы 15-17 жас аралығындағы 12 жасөспірім өз-өзіне қол салса, оның 10-ында жас өскіннің өмірін ажалдан арашалауға мүмкіндік болмаған. Ал өткен жылы 7 жас өз-өзін өлтіруге әрекет етсе, соның 5 жағдайында адам өлімі тіркелді. Мамандар суицид дерегі бойынша адам өлімінің көрсеткіші төмендегенін айтқанымен, жылда онға жуық өрімдей жастың өз-өзіне қол салуы алаңдатарлық жағдай. Осы тұста ерекше назар аударатын жайт – Тараз қаласы Қ.Тұрысов көшесінің бойында талайғы жылдан бері құрылысы аяқталмай келе жатқан нысан бар. Міне, осы ғимарат бүгінде өзіне қол жұмсайтындардың орнына айналғандай. Себебі соңғы жылы қаңырап бос тұрған құрылыс алаңында екі суицид фактісі тіркеліп, абырой болғанда адам өлімі болған жоқ. Алғашқысында аталған ғимараттың 5-ші қабатынан секірмек болған студент қызды дін жолындағы азамат аман алып қалды. «Биіктен секіріп кетемін» деп бекінген студентті райынан қайтаруға құзырлы орган өкілдері мен оқу орнының басшылығы жұмыла күш салғанымен, түк шықпады. Адам жақындаған сайын бойжеткен ғимараттың қиыр ұшына жылжып, жағдай ушыға береді. Тек келіссөзге медресе шәкірті кіріскенде ғана өмірден баз кешкен жасөспірім сабырға келген. Адам естігенін емес, көргенін қайталауға әуес. Сондықтан болса керек, осы қаңыраған бос ғимаратта артынша бір бойжеткен суицид жасамақ болды. Жедел әрекеттің нәтижесінде ол да мезгілсіз ажалдан аман қалды. Өзіне қол салмақ болған қыз да облыс орталығындағы колледждердің бірінде білім алады екен. Оқу орнындағы кезекті емтихандардың бірінен орташа бал алғандықтан шәкіртақысынан қағылатынын біліп, осындай қадамға баруға әрекет еткен. Ол суицидке алдын ала дайындалып, анасына хат та қалдырған. Дегенмен құрбылары дер кезінде хатты оқып, оны іздей бастағанда құрылысы аяқталмаған нысанның 5-ші қабатынан тауып, көмекке Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарын шақырып, ажалдан арашалап қалған. Осылайша, «сақалды құрылыс» бүгінде суицид жасамақ болғандардың ақтық демі үзілетін жерге айналып барады. Жоғарыда айтылған оқиғалардан кейін қаланың қақ ортасында қаңырап бос тұрған нысанды жергілікті полиция қызметінің мамандары бақылауына алғанын жеткізген. Алайда бұдан шығып жатқан нәтиже шамалы. Олай дейтініміз биылғы наурызда тағы бір жігіт осы ғимараттың бесінші қабатынан секіріп кетуге әрекет етті. 7 наурыз күні «102» байланыс желісіне Қ.Тұрысов көшесінің бойында салынып бітпеген нысанның 5-ші қабатынан бір адамның секіргелі тұрғаны туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына учаскелік полицей Данияр Тазабеков жетіп, өз-өзіне қол салмақ болған жігітті райынан қайтаруға тырысады. 29 жастағы азамат өзі жұмыс істейтін кәсіпорын басшысы жұмыс барысында алған жарақаты үшін өтемеақы төлемей жатқанын айтып шағымданған. Жігітті сөзге айналдыра отырып оған жақындай түскен учаскелік инспектор қолынан шап беріп ұстап, оның өмірін аман алып қалды. Өзіне қол салмақ болған азаматқа дәрігерлер мен психологтар көмектескеннен кейін тәртіп сақшылары жігітті өзіне қол салуға дейін апарған кәсіпорын туралы ақпарат беретінін айтқан. Алайда бұл жағдай әлі күнге жұмбақ күйі қалып келеді. Дәл сондай Қ.Тұрысов көшесінде қаңырап бос тұрған нысанға қатысты да құпия көп. Турасын айтсақ, нысан кімге тиесілі екенін ешкім тап басып айта алмай отыр. Бір ғана белгілі нәрсе, 2014 жылдың 1 тамызында «Береке-5» деп аталатын серіктестік нысанды Наталья Багданова есімді азаматшадан сатып алған екен. Әрі 5 589 шаршы метр жерді алып жатқан ғимаратты спорттық сауықтыру кешеніне айналдырмақ болған. Алайда арада 7 жыл өтсе де нысан сол қаңыраған күйі тұр. Сондай-ақ «Береке-5» ЖШС-ның иесі туралы да мәлімет жоқ. Жерге жауапты мамандар ғимарат жекеменшікке тиесілі болғандықтан оның құрылысына араласа алмайтынын айтады. Алайда жуырда Тараз қаласына әкім болып тағайындалған Ержан Жылқыбаев бұқараға үндеу жариялап, қаладағы сақалды құрылыстармен жаппай күресетінін айтқан. Бәлкім, талай жылдан бері жасөспірімдерді өлімге итермелеп келген нысанның иесін тауып, жеке кәсіпкерді жауапкершілікке шақыру шаһардың жаңа басшысының қолынан келіп қалар...Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы