Атырауда көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедектер пара алды деген күдікпен ұсталған басшыны босатуын талап етіп, сот алдында жиналды. Бұл шенеунікті жақтаған жұртшылықтың тарапынан болып тұрған бірінші жағдай.
Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланы ұстауға қатысты оқиға жергілікті халықтың назарын аударды. 25 наурыздан бері әлеуметтік желіде Серік Қамидолланың басшылық қызметте халықшыл болғаны туралы дәйекті мысалдар жазылып жатты. Ал жексенбі күні облыстағы көпбалалы аналар мен мүгедектер, ерекше балалары бар аналар облыстық қылмыстық істер мамандандырылған ауданаралық соты алдында талаптарын жеткізуге жиналды. Парамен ұсталған шенеунік аз емес, бірақ осындай күдікпен ұсталған шенеунікті босатуды талап ету өңірде бұрын болмаған жағдай. С.Қамидолланы қолдап, қорғауға келгендер оны босатуды, айыптар дәлелденгенше ең болмағанда үй қамағында болуын талап етті. Жиналғандардың айтуынша, С.Қамидолла өз қызметін жауапкершілікпен атқарып отырған, көптеген адамға көмектескен және облыстағы әлеуметтік аз қамтылған, мүгедектер мен өзге санаттардағы адамдардың тұрмыс жағдайын жетік білетін басшы. Жұртшылық, тіпті пандемия кезінде әкімдерден бұрын өздеріне С.Қамидолланың тарапынан көп көмек болғанын айтты. – Біз мұнда С.Қамидолланы қолдау үшін келдік. Мен екі мыңға жуық оқырманы бар Telegram арнасындағы аналар чатының әкімшісімін. Біз Серік Қамидолла пара алды дегенге сенбейміз және оған жала жабылды деп есептейміз. Басқа шенеуніктерге қарағанда ол біздің барлық сұраққа жауап беріп отырды, өтініштерді жерге тастамайтын. Ол – халықтың адамы. Біз оның босатылуын талап етеміз, – деген Сандуғаш Көкенованың сөзін қариялар мен көпбалалы аналар қостап, басшыны босатуды талап еткен үндеу плакаттарын ұстап сағаттап тұрды. Осы адамдардың барлығы дерлік Атырау қалалық Полиция басқармасының ғимараты алдына жиналды. Олар Қамидолланы үй қамаққа шығаратынын үмітпен күтті.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы