Екінші мәрте ана атанған Гузалия Гафурова Токио Олимпиадасына бара ала ма?
Екінші мәрте ана атанған Гузалия Гафурова Токио Олимпиадасына бара ала ма?

Төртжылдықтың айтулы аламанында ел мен облыс намысын боксшы Әбілхан Аманқұл, еркін күрестен Әлішер Ерғали, су добынан Алтай Әлтаев және дзюдодан  Елдос Сметов қорғайды.

Биылғы лицензиялық жарыстарда да бақ сынайтын спортшылар баршылық. Алайда жамбылдық жанкүйерлерді  өткен жылы екінші мәрте ана атанған мемлекет мақтанышы Гузалия Гафурова Токио төрінде өнер көрсете ала ма деген сауал мазалауда.    width= – Гузалия Гафурова сөзсіз әйелдер арасында беделді спортшылардың бірі. Бірақ 2020 жылы екінші сәбиіне аяғы ауыр болып, желтоқсан айында бөпелі болғандықтан  біраз спорттық жаттығулардан шеттеліп қалды. Гузалия жаттығуларын 2021 жылдың наурыз айында бастады. 2021 жылдың 11-13 маусымы аралығында Париж қаласында лицензиялық турнир өтеді деп жоспарлануда. Егер бабына келіп жатса, Париждегі лицензиялық турнирде жолдамаға таласып көреді,– дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков. Биыл каратэ спорты тұңғыш рет Олимпиадалық ойындар санатына енгізіліп отырғандықтан өңір ғана емес, республика Гузалия Гафуроваға сенім артатыны анық.

Ал «алтын қызымыз» бірінші сәбиін  босанғанда екі жылдық үзілістен кейін Индонезия жерінде жасындай жарқылдап, екі дүркін Азия чемпионы атанған болатын. Қайсар қызымыз бәлкім, бұл жолы да лицензиялық жарыста қажетті ұпайды жинап, ерлігін қайталар.  Біз Гузалияның тілеуін тілеп, тақым қысамыз!

Саятхан САТЫЛҒАН,

 Жамбыл облысы