«Бәрінен бұрын импортқа тәуелді өнімдердің, жоғары экспорттық сұранысы бар тауарлардың, сондай-ақ маусымаралық кезеңде дәстүрлі түрде қымбаттайтын көкөністердің бағалары өсімі байқалады. Мәселен, жұмыртқа бағасы өндірісінің 8,4%-ға қысқаруы, жем мен пестицидтердің 25%-ға қымбаттауы, сондай-ақ құс тұмауының таралуы салдарынан қымбаттады. Ал, күнбағыс майы мен қант бағаларының өсіміне әлемдегі бағалардың өсуі, көрші елдердегі егіс алқаптарының қысқаруы және экспорттық өнімнің қымбаттауы себеп болды»,– деді Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов.Айта кетерлігі, апта сайынғы статистикалық деректерге сәйкес ел өңірлерінде 1-санаттағы он жұмыртқаның бағасы 340 теңгеден бастап 485 теңгеге дейін қымбаттаған. Жыл басынан бері бағаның өсуі 11,9%-ды құрады. Осы ретте, мемлекет бағаны реттей алатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізіміне тек 1-санаттағы жұмыртқа ғана жататынын айта кеткен жөн.
Бағаны қолдан қымбаттатқан
Бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бағаларды тұрақтандыру бойынша жол картасын әзірледі. Құжат 44 нақты шарадан тұрады. «Жыл басынан бері монополияға қарсы орган 2 нан өндірушіге, 2 күнбағыс майын өндірушіге және 2 сауда желісіне қатысты 6 тергеу жүргізген. Бағаны төмендету туралы 13 жұмыртқа өндірушіге, 7 күнбағыс майын өндірушіге, 2 қанттың көтерме жеткізушісіне, 3 қарақұмық жармасын көтерме жеткізушіге 25 хабарлама жіберіліпті. Бұдан басқа, азық-түлік тауарларын өндірушілермен және ірі супермаркеттермен нан, ұн, макарон, сүт өнімдері, тұз, сиыр және құс еті бойынша 73 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалған. Жыл басынан бері екі айда тауық жұмыртқасы құнының өсуі +11,5%-ды құрады. 34 ірі құс фабрикасының 13-інде жұмыртқа сату кезінде бағалық сөз байласу белгілері анықталды. Соның нәтижесінде, 13 өндірушіге бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді. Мысалы, монополияға қарсы орган Қостанай облысының тауық жұмыртқасының бағасын бір мезгілде 33%-ға дейін көтерген 2 ірі құс фабрикасының іс-әрекеттерінде бағалық сөз байласу белгілерін анықтады.