Тоқаев «Ұлы түркілер» білім беру қорын құрып, бауырлас елдердің жастары үшін 50 грант бөлуді ұсынды
Тоқаев «Ұлы түркілер» білім беру қорын құрып, бауырлас елдердің жастары үшін 50 грант бөлуді ұсынды
Білім беру саласындағы ынтымақтастық – болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы. Осы ретте Қазақстан Президенті ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырған жөн деп есептейді. Президенттің пікірінше, оны «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде айтты,– деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөлуге дайынбыз деді. Бұл 50 грант «Ясауи стипендиясы» деп аталатын болады. Қазіргі заманда гуманитарлық және академиялық ықпалдастықтың өзектілігі артып келе жатқанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, іргетасы орта ғасырда қаланған Түркістан шаһарының археологиялық және ғылыми тұрғыда әлі толық зерттелмегенін атап өтті.
– Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп,– деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Кеңестің мәртебесін арттырып, институционалдық құрылымын нығайту мақсатында оны толыққанды ұйымға айналдыратын уақыт келгенін айтты. Мемлекет басшысы осы ұсынысты саммит қорытындысы бойынша қабылданатын Түркістан декларациясына енгізіп, бекітуді ұсынды.
– Қазіргі халықаралық саясат пен қарым-қатынаста Түркі әлемінің маңызы арта түскені баршаға мәлім. Ендеше Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша өзіміздің көзқарасымызды білдіруіміз керек. Біздің дауысымыз нық әрі айқын болуға тиіс. Осы орайда біз барлық бастамалар мен ұсыныстарды бауырлас елдермен бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.