Көкшетаулық жас кәсіпкер отандық костюм үлгілерін тігіп жүр
Көкшетаулық жас кәсіпкер отандық костюм үлгілерін тігіп жүр
132
оқылды
Ер азаматтарға арналған заманауи, бірақ, ұлттық нақышта тігілетін костюмдерге тапсырыстар да көбейе бастаған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Қайрат Сейтқазин есімді жас дизайнер - өзінің бала күнінен бергі арманын іс жүзінде жүзеге асырған жас кәсіпкердің бірі. Табиғат берген дарыны мен талмай еңбектенген талабының арқасында өз ісін ашып, заманға сай әрекет ете бастаған. Осыған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген Қайрат ойындағы арманы маза бермеген соң, ақыры осы салаға түбегейлі бет бұрғанды жөн санапты. Қазір Қайраттың жаңадан ашылған ательесіне көкшетаулық белгілі тұлғалардан да тапсырыстар түсе бастапты. Қайрат өзінің тігін ательесін «1217» деп атағанды жөн санапты. Бұған еліміздің шежіресіндегі ақтаңдақ беттерге айналған сонау ХХ ғасырдың 17-жылдарындағы тарихи оқиғалар себеп болған көрінеді.  width= «1917 жылы желтоқсанның 5-17 аралығында Қазақ елінің алғашқы астанасы Орынборда ІІ жалпы қазақ съезі өткізілді. Бұл жиынға қазақ автономиясының түкпір-түкпірінен қазақтың небір зиялылары жиналды. Екі аптаға жуық созылған құрылтай аясында 12 желтоқсан күні «Алашорда үкіметін құру туралы» Жарлыққа қол қойылды. Бұл Қазақ елінің тарихында алтын әріптермен қалған аса маңызды тарихи оқиға еді. Міне, осы оқиғаға сәйекес тігін шеберханамды осылай атауды жөн деп таптым. Тарихымыздағы дәл осы оқиғадан кейін біртуар қазақ зиялылары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар костюм кие бастағаны тарихтан мәлім», - дейді тігін шеберханасының иесі Қайрат Сейтқазин.  width= Тігін ательесінде ер азаматтарға арналған костюм-шалбарлар, қазақы стильдегі сырт киімдер мен бас киімдер тігіледі. Сондай-ақ, қыздарға арналған сәнді заманауи әрі ұлттық нақыштағы көйлектер мен киім түрлері, әйелдерге арналған бешпеттер, үкілі тақиялар, ұлттық үлгідегі сырт киімдер жасалады екен. «Тапсырыстарды қысқа мерзімде орындауға тырысамыз. Өлшемін алған соң бірден іске кірісіп, бас-аяғы 5-6 күнде тігіп береміз. Тапсырыс берушінің қалауы бойынша ұлттық үлгідегі ою-өрнектерді де қолданамыз. Бағасы қолжетімді. Костюмдердің бір данасының бағасы 32-40 мың теңгеге қойылып отыр», – дейді сәнгер әрі дизайнер Қайрат Сейтқазин. Жас кәсіпкер өз ісін ашпастан бұрын Көкшетауда ұлттық үлгіде костюм тігетін тігін шеберханасының жоқтығын да ескеріпті. Жас жігіт өз ісі арқылы ұлттық әрі қазақы өнімдердің нарыққа шығуына жол ашқысы келетінін айтады. «Мен бұл шеберхананы ашпас бұрын көп іздендім. Зерттей келе, арнайы костюм тігетін маталардың да өз елімізден әлі шықпайтынын анықтадым. Өкінішке орай, еліміздегі барлық сәнгерлер мен дизайнерлер қажетті маталардың бәрін Қытай мен Түркиядан тасиды екен. Өз еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің кенжелеп қалуы бұл салаға да елеулі зиянын тигізеді деп ойлаймын», – дейді сәнгер-дизайнер. Қайрат болашақта өз кәсібін одан әрі өркендетіп, шеберханасын үлкен компанияға айналдырғысы келетінін айтты. «Мен бұл шағын шеберханамда барынша жұмысымды жетілдіріп, ірі тапсырыстарды үздіксіз қабылдайтын іргелі компанияға айналдыруды қалаймын. Көкшеліктер менің бұл ниетімді құп көріп, «Қайраттың костюмдері» деген брендпен жаңаша ұлттық костюм пайда болса, бұл тамаша емес пе?!. Бұл менің басты арманым...», – дейді алдағы жоспарларын бүкпесіз айтқан Қайрат Сейтқазин. Жас кәсіпкердің шеберханасына қазірдің өзінде тапсырыс көбірек түсе бастаған. Әңгіме барысында оған жергілікті өнерпаздар мен зиялы қауым өкілдері, мәдениет үйлері мен өнер мекемелерінің «Қайраттың костюмдеріне» тапсырыс бергенін білдік. Біз де жас кәсіпкердің ісіне табыс тілеп, Ұлттық өнімдердің нарықта өзіндік орны болғанын тілейтінімізді жеткіздік.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы