Елордада халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін 8 орталық ашылды

Елордада халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін 8 орталық ашылды

Елордада халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін орталықтары бірінші кезекте көпбалалы аналардың, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өкілдері болып саналатын түрлі бастамашыл топтардың ұсынысымен ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Қалада 2020 жылдан бастап түрлі бастамашыл топтардың ұсынысымен, әкімдіктің қолдауымен 8 орталық ашылды. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейді. Бұл орталықтар табысты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында «Strong Mothers» білім беру орталығы, «Алтын Шаңырақ Ұясы» киім тігу цехы, «Бақытты Шаңырақ» қызмет көрсету бойынша көпсалалы орталық және т.б. бар. Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі», — деді Дәурен Бабамұратов.
Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін Нұр-Сұлтанда тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық жұмыс істейді. Мұндай орталықтар жұмысты жүйелендіруге және «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Оның айтуынша, Open Akimat аясында қалалық әкімдік бастамашыл топтардың өкілдерімен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, туындаған мәселелерді түсіндіреді.
«Нұр-Сұлтан қаласында түрлі бастамашыл топтардың әрбір сұранысымен тиісті, атаулы, екпінді жұмыс бар. Ол ылғи әрі тұрақты жүргізіледі. Бұдан басқа, әрбір азамат қала әкімі Алтай Сейдірұлына тікелей жүгіне алады. Тек 2020 жылдың өзінде қала әкімі 1200-ден астам азаматты жеке қабылдады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында 100-ден астам адам елорда әкімінің жеке қабылдауында болды. Азаматтардың мәселелерінің 70%-дан астамы сол жерде немесе бір-екі күн ішінде шешіледі. Елорда әкімдігі әрдайым ашық деп сеніммен айта аламыз, қала тұрғындарының мүдделерін қозғайтын әрбір бастама тыңдаусыз қалмай, назарға алынады», — деп түйіндеді Дәурен Бабамұратов.
https://www.youtube.com/watch?v=jwWz6w6u4pQ