Намаз уақытында «әумин» сөзін дауыстап айтқаны үшін айыппұл төледі
Намаз уақытында «әумин» сөзін дауыстап айтқаны үшін айыппұл төледі
260
оқылды
 

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз селосындағы «Абдолла Хазірет» мешітінде таң намазы кезінде 3 бірдей азамат «Әумин» сөзін дауыстап айтқан. Мешіт имамының намаз кезінде «аумин» сөзін қатты айтуға болмайтындығы туралы ескертпесіне қарамастан, Ақтөбе қаласының жас тұрғындары мұндай қадамға барған. Бұл жөнінде мешіт имамы полицияға хабарлама түсірді.

Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 490-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар аталған үштік Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасының «деструктивті діни ағым жақтаушысы» ретінде тізімдік есепте тұрғаны белгілі болды. Осыған ұқсас оқиға Индер ауданында орналасқан «Әйіп-Қажы» мешітінде де болды. Орал қаласының 28 жастағы тұрғыны кешкі намаз уақытында «Әумин» сөзін дауыстап айтқан. Аталған құқықбұзушылыққа қатысты ҚР ӘҚБтК 490-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, 102095 теңге көлемінде айыппұл салынды. Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасы «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнамасына сәйкес, мешітке келушілер оның талаптары мен ережелерін сақтауға міндетті екендігін ескертеді. Қазіргі таңда Атырауда мешітте тәртіп бұзғандарға 408 мың 380 теңге айыппұл салынды.