«Алтын Орда» базарының қызметкерлері не үшін пышақ алып жүреді?
«Алтын Орда» базарының қызметкерлері не үшін пышақ алып жүреді?

Жаға жыртысып, жұдырық ала жүгіруге 100 теңге себеп болған. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Оқиға 30 наурыз күні таңғы сағат 9-дар шамасында мына «Алтын Орда» базарының маңында болған. Сауда орталығының тұрағына өтпек болған жүргізушіден күзетшілер алдымен 100 теңге төлеуін сұрапты. Қалтасында бүтін 20 мың теңгесі болған жігіт ақшасын айырбастап келуді өтінген. Тіпті болмаса банк жүйесі арқылы аударма жасай алатынын да айтқан. Бірақ базардағы автотұраққа жауаптылар ұсынысқа келіспеген.

Көлік жүргізушісі Николай Жигунов: «Қызымның туған күніне дайындалмақ болып, әйелім екеуміз азық-түлік алуға базарға барған болатынбыз. Сауда орталығына келгенде автотұраққа кіргізетіндер маған дөрекі сөйлеп, «ақша төлемесең, кірмейсің» деді. Мен оған жөнімді айттым. Көнбеді. Кейін артымыздан келіп көлікті ұрып қоқаң-лоққы көрсетіп, пышақ алып шықты. Сол жердегі адамдар да көлігімізді ұра бастады», – дейді.

Осылайша, жанжал соңы төбелеске ұласқан. Адам қарасы да көбейіп, олар көлікті қолына түскен затпен ұрып, автотұрақтан қуып шыққан. Қазір 28 жастағы жүргізуші бұл істе менің де кінәм бар деп отыр. Дегенмен базар қызметкері онда суық қарумен жүрмеуі керек еді дейді.

Көлік жүргізушісі Николай Жигунов: «Иә, мен де дөрекі сөйледім, мен де кейбір жерлерде қатты кеттім. Бірақ қанша дегенмен де автотұрақтағы жігіттің бізге пышағын ала жүгіргені дұрыс болмады. Әрі олар жабылып көлігімді ұрып, әйелім екеумізге тап бергені, әрине, орынсыз. Жұбайым қазір осы жағдайдан қанша стресс алды», – дейді.

28 жастағы жүргізуші көлігімнің бірнеше жеріне зақым келді деп отыр. Оны қалпына келтіруге шамамен 340 мың теңге қажет дейді. Ал базар басшылығы болса, бұл оқиғада ешкімді жақтамайтынын айтты. Әйтсе де қызметкерінің пышақпен жүрді дегенін жоққа шығарды.

«Алтын Орда» сауда-логистикалық орталығы директорының орынбасары Жұмаддин Патов: «Біздің сауда орталығында қызметкерлеріміз пышақ ұстап, пышақпен жүрмеген. Кешегі автотұрақтағы жұмысшыда да суық қару болмаған. Ол жігіт бізде 1 жылдан аса жұмыс істейді. Бұған дейін мұндай жағдай болған емес. Бірінші рет болып тұр», – деді.

Автотұрақтың жұмысшысы қазір облыстық ауруханада жатыр. Ал полиция бұл іс бойынша сотқа дейінге тергеуді бастаған. Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы: «Дерек сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР-ның Қылмыстық Кодексінің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, яғни, «бұзақылық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді. Базар басшылығы модерницазия жұмыстары бітсе, электронды терминал қоюды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Алматы облысында «Отметка» төлеуден шаршаған автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойғанын жазған болатынбыз.