Қазақстандықтар қатаң карантин кезінде құмар ойындарды 6 есе көп ойнаған
Қазақстандықтар қатаң карантин кезінде құмар ойындарды 6 есе көп ойнаған
367
оқылды
Қазақстандықтар 2020 жылы құмар ойындарды жиі ойнап, көп бәс тіккен. Finprom сарапшыларының мәліметінше, былтыр құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 78,6 миллиард теңге болған. Осылайша 2020 жылы рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл 2019 жылмен (13,3 млрд. тг.) салыстырғанда шамамен алты есе көп.  width=  width= Былтыр құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру қызметтері төртінші тоқсанда көбейді. Төртінші тоқсанда бұл көрсеткіш бірден 59,3 миллиард теңгеге жеткен.  width= 2019 жылы ойын аймақтары көп орналасқан өңірлер Алматы мен Ақмола облыстары болса, 2020 жылы Алматы көш бастады: 57,2 миллиард теңге. 2019 жылмен салыстырғанда 80,45% көп. Былтыр ойын аймақтары көп орналасқан өңірлер қатарында Алматы облысы (12,2 млрд. тг.) мен Нұр-Сұлтан (4,5 млрд. тг.) бар. Құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтердің едәуір көлемі Ақмола (3,4 млрд. тг.) және Жамбыл (1,1 млрд. тг.) облыстарында да байқалады. Аталған бес өңірге осы саладағы қызмет көлемінің 99,8%-ы тиесілі. Айта кету керек, "Қазақстандық отбасы - 2020" ұлттық баяндамасында жарияланған сауалнаманың дерегі бойынша, әр бесінші респонденттің ажырасуына ерлі-зайыптылардың біреуінің құмар ойынға әуестігі себеп болған. 2021 жылдың басынан бастап ойын бизнесі туралы жаңа заң күшіне енді. Соған сәйкес құмар ойындарға тәуелді адамдардың туыстары немесе өздері сот арқылы ставка жасау мүмкіндігін шектей алады. Қазақстанда биыл қаңтар-ақпанда ҚР ҚК 307-бабы (Ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша 44 құқықбұзушылық тіркелді. Былтыр дәл осы кезеңде олардың саны - 65 болса, 2019 жылы - 81 болған.  width= Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды және құмарпаздарды ойынға тартқан заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін айтқан еді.
"Кейінгі кезде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алды. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдер заманауи технологиялардың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шара қабылдады. Бірақ бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз...Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз", - деді ол ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
Оның айтуынша, қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 АЕК көлемінде ғана айыппұл салынады. Президент шетелдіктерді ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салуды тапсырды.