Алматы қаласы мәслихаты 3 сессия және тұрақты комиссиялардың 31 отырысын өткізді
Алматы қаласы мәслихаты 3 сессия және тұрақты комиссиялардың 31 отырысын өткізді
172
оқылды
Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының наурыз айындағы жұмысының қорытындысы жарияланды. VII сайланымдағы Алматы қаласы мәслихаты 3 сессия және тұрақты комиссиялардың 31 отырысын өткізді. Мәселен, наурыз айында тұрақты комиссиялардың 9 отырысы өтті, онда халықты жұмыспен қамту, жер мәселелерін шешу, құрылыс, қаланың қауіпсіздік жүйесі және жол трафигін талдау, жеке мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру, сондай-ақ қалада бірыңғай тіркелген салық мөлшерлемелерін белгілеу мәселелері бойынша 10-нан астам мәселе қаралды. Осы есептік кезеңде "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру туралы шешімдер қабылданды, сондай-ақ Алматы қаласындағы көші-қон процестерін реттеу ережелері бекітілді. Мәслихат депутаттары тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін анықтау ережесін бекітті, сондай-ақ әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу мәселелерін шешті. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша VII сайланым Алматы қаласының мәслихаты өз жұмысында ашықтық және айқындық қағидаттарын, сондай-ақ "Алматы – 2050" стратегиясын және "Алматы-2025" Даму бағдарламасын басшылыққа алады. Мәслихат хатшысы Станислав Канкуров қала тұрғындары көтерген мәселелерді шешу үшін депутаттардың қызметіне де назар аударды. Осы айда мәслихат депутаттарына қала тұрғындарының тарапынан 150-ге жуық хат келіп түсті. Олардың жартысынан көбіне оң шешім қабылданды. Сондай-ақ, наурыз айында депутаттардың заңтану саласындағы құзыреттерін, көпшілік алдында сөз сөйлеу және әлеуметтік маркетинг дағдыларын дамыту үшін оқыту семинарлары өткізілді. Жекелеген депутаттарға мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өту үшін кәсіби семинарлар өткізілді. Мәслихат хатшысы азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату үшін депутаттардың әлеуметтік желілерді пайдалануының маңыздылығын атап өтті. Ол үшін мәслихат депутаттарына жергілікті өкілді органның халықпен тиімді коммуникация жүйесін жолға қою жөнінде оқыту вебинары өткізілді. Осы айда депутаттар онлайн және офлайн форматта 70-тен астам кездесу өткізді, оған 10 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар, депутаттар жеті сала бойынша тұрақты комиссиялардың жұмысы бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Депутаттардың ұсыныстары негізінде, атқарған жұмыстарының рейтингісі туралы (KPI) жобасы дайындалуда, бұл жалпы депутаттардың тиімділігін, тәртібі мен жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін болады.