Карантиндік шектеу: кәсіпкерлердің кәсібін тұралатпай ма?
Карантиндік шектеу: кәсіпкерлердің кәсібін тұралатпай ма?
101
оқылды

Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда 27 наурызда COVID жұқтырғандар саны 510 адамға жетті. Еске салсақ, осының алдында Жандарбек Бекшин ауруханаға күніне 500 адамнан артық түссе, қатаң локдаун енгізіледі деп мәлімдеген. Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы инфекцияның таралу жылдамдығы бойынша ең қауіпті – қызыл аймақта тұр. Сондықтан Бас санитар Алматыдағы карантин шектеуін 12 сәуірге дейін ұзарту туралы шешім шығарды. 21 наурыздан бастап енгізілген бұл шектеу бизнес өкілдерінің наразылығын туғызған. Сонда бұл шектеудің пайдасы мен зияны қаншалықты?  Қалалардағы қатаң карантиндік шектеу шараларының ұзартылуы – кәсіпкерлердің кәсібін тұралатып, ел экономикасын құрдымға жіберетіні рас па?

«Қазір өте қауіпті кезең. Соған қарамастан тұрақтап қалу керек. Әсіресе, қаржылық жағынан әлсіремеу керек. Былтырғы пандемияның салдарынан қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының тек 30%-ы аман қалды. Ал кәсіпорындардың 40%-ы банкрот алдында, сондықтан жабық. Алдағы уақытты жұмыс істеп, қатарға қосылатыны да белгісіз. Қалғаны банкротқа ұшырады. Міне, сол қалған 30 пайыздың тек жартысы жұмысын сақтап қалуы мүмкін», – деді Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

Осыны білетін кәсіпкерлер карантиннің ұзартылғанына наразы болды. Тіпті, Алматы кәсіпкерлерінің өкілі жұмыссыз тұрған әр күнге 2 млрд. теңге өтемақы талап етті. «Бұл ақша қызметкерлердің айлығын және жалдау ақысын төлеуге жұмсалады. Жұмыссыз тұрған әр күн үшін қаржы бөлінуі тиіс. Қазір 50 мыңға жуық компания мен жеке кәсіпкер шектеуге ұшырады. Бұл – 250 мың қызметкер, өте қомақты сан. Бұл – тек еңбекақы мен жалдау ақысы. Бірақ қазір бюджеттен ешқандай төлем қарастырылмаған», – дейді Алматыдағы Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Максим Барышев. Оның сөзінше, бизнесмендерге  мүмкіндік берілсе, ұжымды және жалдау орнын сақтап қалуға, қайта жұмысқа шығуға дайын.

– Егер бизнесті шынымен шектейтін болса, онда бизнесмендердің жұмыс істемеген әр күніне осы сома берілуі тиіс. Бизнес мемлекеттен қаржыландыру болса ғана аман қалады. Корпоративтік салықты 10 сәуірге дейін төлеу керек, оған ақша жоқ. Ал шектеу 12 сәуірге дейін енгізілді. Корпоративтік табыс салығын шегеру туралы жоспар да жоқ. Не болмаса кірістері азайған, бизнес міндетті жауапкершілігінен босатылған жоқ. Осының басқа жолын қарастыру керек, –  дейді ол.

Карантиннің салдары халыққа ғана емес, ел экономикасына да тиіп жатыр. Өйткені бүгінде Алматыда қоғамдық тамақтану ісінің табысы он есе азайған. Ал сауда үйлері мен сауда желілерінің қызметі шектеліп, жұмыс күндерін сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін өзгертті. Сенбі мен жексенбіде олардың қызметіне тыйым салынған. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпошта» бөлімдерінің жұмыс уақытына шектеу қойылмаған. Алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Дәмхана, мейрамханалардың жазғы ашық алаңдары ғана жұмыс істейтін болды. Онда да тек жартылай толуы керек. Үстелдер арақашықтығы екі метрден кем емес. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қала бюджеті арқылы кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі жолдары қарастырылуда. – Негізі, шектеу шаралары екі апта уақытқа қабылданған. Егер жағдай оңалса, бас санитар дәрігердің қаулысымен қабылданған кейбір шектеулер қайта қаралады. Алматы іргесінде болғанымен облыс аумағына қарайтын кәсіпкерлік нысандардың жұмыстары қайта қаралады. Алдағы уақытта Алматыдағы сауда орталықтарында вакциналау орталықтары ашылып, екпе науқаны қарқын алуы мүмкін,  – деді ол.

Осыған орай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте шағын және орта бизнес мәселелерін қарастырды. «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторларында, шағын және орта бизнес субъектілерінде несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Мамырдан бастап шағын және орта бизнес субъектілерінің, оның ішінде қызмет көрсету саласындағы шектеулерді біртіндеп алып тастауға мүмкіндік болады деген үміттеміз», – деді Тоқаев.