Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалуы тиіс
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалуы тиіс

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыс орталығындағы вокзал, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Қазпошта және әкімдік ғимаратында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалуын бақылап, мониторинг жүргізді.

Құрамында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік орган өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар арнайы топ аталған ғимараттардың заң нормалары шеңберіне сәйкестігін тексерді. Рейд кезінде мүгедектерге жағдай жасалуы тиіс ғимараттарда көптеген құқықбұзушылық анық­талды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көлігі тұратын арнайы тұрақтың қарастырылмауы, пандустардың стандартқа сай болмауы, мүгедектер арбаларына арналған есіктер және жуынатын бөлмелердің қажетті параметрлерге сәйкес келмейтіні байқалды. Көрмейтін, естімейтін адамдар үшін рельефті тактильді жабындардың, дыбыстық сигналдардың толық еместігі де белгілі болды. Мұндай мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік нысандарды бейімдеу бойынша рейд жұмыстары тек Көкшетау қаласында ғана емес, аудандарда да жалғасып жатыр. Әзірге мониторинг нәтижелері тиісті органдарға жіберілді. Сондай-ақ жауапты мекемелерге кемшілікті түзеу тапсырылып, ескерту берілді. Бұдан бөлек, партияның қабылдау бөлімінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов жеке кәсіпкер Арман Қазбековтің өтінішін тыңдады. Ұннан жасалған азық-түлік тағамдарын шығарумен айналысатын жеке кәсіпкер шаруашылығын жалға алған ғимаратта жүргізіп отырғанын баяндады. Бұл біршама қиындық тудырған. Сондықтан әкімдік тарапынан бөлінген жерге құны 30-40 миллион теңге тұратын жеке цехтың құрылысын бастамақ ниетте. Кәсіпкер сол үшін көмек көрсетуді сұрап келіпті. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов мәселені толық қарастырып, барлық есебін жүр­гіз­ді. Нәтижесінде, мәселе заң та­­ла­бына сай, мемлекеттік бағ­дар­лама аясында шешілетін болды.

Мадияр ТӨЛЕУ