Жетісуда жаңғақ та өсіріледі
Жетісуда жаңғақ та өсіріледі
115
оқылды

Жер ұйығы Жетісу өңірінде бабын тапса өспейтін дақыл жоқ. Өсімдік шаруашылығы да өркендеген өңірде кейінгі жылдары жеміс бақтары қайта өркен жая бастады. Енді міне, сол бағбандар қатарына осыдан бірнеше жыл аймаққа таңсық жаңғақ өсіруді қосқандар, саланың табыстылығына көз жеткізіп, алқапты арттыра түспек.

Еңбекшіқазақ ауданындағы ор­ман шаруашылығының дамуына өзін­дік үлес қосып жүрген «Мәншүк» шаруа қожалығы биыл тағы  20 гек­тарға жаңғақ ағашының жас көшет­терін отырғызбақ. Қожалық жетекшісі Мәншүк Жексембекованың айтуынша, шаруа­шылық орман жаңғағын өсіру­ді 2017 жылдан бастап қолға алыпты. Алғашында, 2018 жылы 10 гектарға отырғызылған қарқынды бақ келесі жылы алғашқы өнімін беріпті. Же­тісу­лықтардың сұранысына ие бол­ған жаңғақтың пайдалылығын ес­кер­ген қожалық бақтың көлемін ұл­ғайтып, 30 гектарға жеткізуді  жоспарлап отыр. Қазір көшеттер жылыжайда сақтаулы. Мұнда  жұмыс барысында заман­ауи технологиялар қолданылады. Тамшылатып суарудың тиімділігін кө­ріп отыр. Қожалықтың өз  метео­стансасы бар. Соның арқасында ауа райының қалай құбылатынын, ауа тем пературасы мен ылғалдылығын дер кезінде біліп, соған сай шаралар атқарады. Бір гектардан 4 тоннадай жаңғақ алынады деген болжам бар. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қара­ғанда, биыл ескі бақтарды жаңарту есе бінен аймақта 520 гектар жерге көшет отырғызу жоспарланған. Оның 20 гектарына жаңғақ өсіріледі. Ал қалған 500 гектары жеміс-жидек болмақ және 120 гектары қарқынды бақ өсіруге арналады. Күзге жасалған болжам да жоғары. Бәрі дұрыс болса, 157,6 мың тонна жеміс-жидек жи­налады және ондағы алманың үлесі  115,2 мың тонна болмақ. Былтыр өңірдегі бақтардың жалпы алаңы 23,7 мың гектарға жетсе, оның ішінде   алма бағы  14,2 мың гектар болған. Жиналған жеміс-жидек пен жүзімнің жалпы өнім көлемі 151,1 мың тонна ондағы алманың үлесі 107,8 мың тонна болған.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы