Тараздың 17 ауласы су астында қалды
Тараздың 17 ауласы су астында қалды
130
оқылды

Табиғаттың тосын мінезіне жауапты ма­мандар дайын болмай шық­ты. Олай дейтініміз, ағын су сая­жай­лар мен иіндер былай тұрсын,  орта­лық­тағы  көшелерге дейін жетті. Сонда аудандарды айтпағанда, облыс ор­та­лығындағы үйлердің ауласын су басуына не себеп?

Ресми мәліметке сүйенсек, жауын суы  ең әуелі 26 наурыз күні Аққозиев көшесінің бойындағы №22, 40, 34 және 30 үйлердің аулаларын шайып кеткен. Одан кейін бір­неше күн ішінде қаладағы тағы бірқатар кө­­шедегі үйлерді су басып қалыпты. Әри­не,  сол күндері арнайы техника мен  ма­ман­дар су басқан үйлерде қызмет етіп, апат салдарын  жоюға барын салды. Аталған күн­дері жауын-шашынның салдары­нан туындаған су тасу және басу салдарын жою мақсатында «Өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінің» жалпы  28 маманы, 7 тех­никасы мен 7 мотопом­пасы және  «Жасыл ел – Тараз» ЖШС-нің  30 қыз­меткері, 5 техникасы мен  5 мо­то­­помпасы  күшейтілген режимде жұ­мыс істеген. Әрине, жауапты сала мамандарының жұмысын жоққа шығаруға болмас. Алайда ай-күннің аманында облыстың бас шаһары қалай су астында қалып отыр? Тараз қала­сы әкімдігі мамандарының берген мәліме­тіне сүйенсек, мәселенің туындауына қала аумағындағы арық жүйелерінің тұрғындар тарапынан уақытылы тазаланбауы себеп көрінеді. Сондай-ақ   теміржолдың арғы бетіндегі  көшелермен  өтетін «Қарасу-1» каналының бойында соғылған көпір, қор­шау, шарбақтар мен қоралар  ағын суға   ке­дер­гі жасап, салдарынан каналға  күл-қо­қыс жиналып, жолдың бойындағы үй­лердің ауласына жайылыпты. Қала әкім­дігіне қарасты бөлім мамандарының зер­делеуі барысында арық-каналдардың үс­тіне  заңсыз құрылыс салып немесе қоршау қойып, судың ағуына кедергі келтірген  360 тұрғын үй мен 15 кафе анық­талған. Бүгінде оларға түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізіліп, облыстық жер инс­пекциясы мен  мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқар­масына ақпарат берілген. Енді сол мекемелер заңсыз құ­рылыс иелеріне айып­пұл салу, құрылысты сүру сынды жұмыстар жүргізеді деп күтілуде. Сол қорытындыға сәй­кес, Тараз қалалық әкімдігі сотқа беру шара­сын да қолданбақшы. Алайда әлемдік пандемияға байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне жарияланған  мораторийге сәйкес, құзыр­лы органдардың қолы бай­лаулы екен. Сондықтан олар  қазір тек  ес­кер­ту және тү­сіндіру жұмыстарын  жүргізуде. – Жеке тұрғын үй секторларындағы арық-атыздар сан жылғы күл-қоқысқа толған. Жеке сектор болғандықтан, өз аулаларыңыздың таза әрі жайлы, қауіпсіз болуын әр тұрғын өзі қамтамасыз етуі қажет. Алайда  каналдардың іші тұрғындар тарапынан лақтырылған күл-қоқыстарға тола. Соның салдарынан су ағатын құбырлар бітеліп қалған. Азаматтардың өз қолымен тастаған қоқысы өз айналасына зиян келтіріп отыр. Коммуналды-шаруа­шылық мекемелері каналдарды  тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізгенімен, мәселе шешілмейді. Сондықтан әр азамат  тазалықты өзінен және отбасынан бастап, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуі қажет.  Қала көркін сақтауға бірге атсалы­сайық! – деп қала әкімдігі осы жағдайдан кейін бұқараға үндеу де тастады. Бірақ мұндай шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың көңілі толма­ғандай. – Жыл сайын айтатынымыз бір әңгіме, баяғы жартас – сол жартас. Мен каналдар мен арықтарды, әсіресе Тараз қаласының аумағындағыларды үнемі тазалап отыру керегін айта-айта шаршадым. Тасқын Талас, Байзақ және Жуалы аудандарында қайталанады. Әкімдер қайда қарап отыр? Егер бөгет қажет болса, оны салайық. Неліктен жаңбыр жауып, қардың ерігенін күтіп отыруымыз керек? Төтенше жағдай­лар департаментінің жұмысы сылбыр. Егер осылай жалғаса берсе, мен тиісті министр­лікке облыстағы департаменттің басшы­лығын ауыстыру туралы мәселе қоямын, – деді аймақ басшысы әкімдікте өткен жиында. Ал Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев 164 шақырым арықтың 72 шақырымы жеке секторда орналасқанын алға тартып,  көптеген арық бітеліп, үстіне үйлер салынып кеткенін және  дренажды құбырлар жоқтығын мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ шаһар басшысы каналдар мен арықтарды қоқыстан тазарту үшін ме­ханика­лық жасақты жұмылдыруды ұсын­ды. – Жауын бірнеше күн ғана жауғанның өзінде көптеген қиындық туғызды. Ал күн жылып, тауда қар ери бастағанда не болады? Сонымен қатар біз су жинауды үйренуіміз керек. Қазір судың мөлшері мол болып тұр, алайда суғару кезеңінде тіршілік нәрін таппай  қаламыз. Бізге тоғандар салу керек, арықтарды тазарту қажет, – деп облыс басшысы қала әкімінің ұсынысын қолдағандай болды. Қалай дегенмен мәселенің себебімен емес, салдарымен күресу  әдетімізге айналды. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін барып жауаптыларды іздеп, жазалап жатамыз. Ешкім табылмаса, бар кінәні елге аударамыз. Әрине, қара халық өз айна­ласын таза ұстап, арық-атыздарды тазалап тұруы міндетті. Алайда каналдардағы қоқыстарды шығаруға  қара халықтың күші жетпейтіні белгілі. Неге осы каналдар мен арықтардың жағдайы күні бұрын зерде­ленбеді?  Міндетті түрде жауын жауып, аулалардың су астында қалуын күту керек пе? Одан бөлек, каналдар мен арықтардың үстіне заңсыз нысандар биыл тұрғызыл­мағаны белгілі ғой. Әлемдік пандемия басталмай жатып, аталған нысандар құры­лысы­ның заңдылығын құзырлы мекемелер неге тексермеді екен? Сұрақ көп, жауап жоқ. Кеше Тараз қаласына қар түсті. Енді бұл «жығылғанға – жұдырық» болатыны анық. Ертең ол қар ерігенде енді кімді кінәлап, кімнен жауап алар екенбіз?

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы