Былтыр жөнделген жол жылға жетпей бүлінді
Былтыр жөнделген жол жылға жетпей  бүлінді
115
оқылды

Көкшетаудың дәл түбінде Садовое деген шағын ауыл бар. Ауыл дегенмен қалаға тиіп тұр­ғандықтан, көпшілік оны облыс орталығының бір шағынауданы деп те есептейді. Бірақ жұрт­шылық жолдың азабын жиі айтады. Жырым-жырым болған жол­дар­дың жайы әлеуметтік желі­лерде де талай көтерілген. Дегенмен былтыр ғана тегістеліп, ағым­дағы жөндеу жасалған тасжол қазір қайта таз қалпына түсіпті.

20 миллион теңге қайда кетті?

Садовое селосы Көкшетаудан 15 шақырым ғана қашықтықта орналас­қан. Мыңға жуық түтін тұратын ауыл тұрғын­дарының басым бөлігі Көкше­тауда еңбек етеді. Ауылда Milk Projekt жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі сүт зауыты бар. Тұрғындардың айтуынша, Көкшетау–Қостанай күре жолына шығатын бір жарым шақырым жолды осы кәсіп­орынға тиесілі үш-төрт жүк көлігі жырымдайды. Онымен қоса, әкімнің есебінде ауыз толтырып айтқан жөндеу жұмыстарының шын мәнінде бірі де жасалмағанын айтады тұрғындар. «Садовое селосындағы бұл жолға жоба­лық-сметалық құжаттамаға сәй­кес, 20 мил­лион теңгеге жуық, нақты айтсақ, 19 417 246,24 теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Садовое селосынан бастап Көкшетау–Қостанай күре жолына дейінгі аралықтағы жолдардың шұқырын тегістеу, сондай-ақ Садовое селосындағы ішкі көшелерді де жөндеу көзделген. Қағаз жүзінде өз есеп­терінде мұның бәрін толықтай көрсеткен. Бірақ жөндеу Садовое селосындағы кіре­берістегі алғашқы үйлерге дейін ғана жетті. Бізге келіп, жаңа асфальттың ең жақсы деген 50 метрдей учаскесін ғана суретке түсіріп кетті. Мұның бәрін сол жерде көлігіммен өтіп бара жатқанымда байқап, арнайы тоқтап, істеп тұрған тірліктерін көзіммен көрдім. 20 миллионға жуық қаражат құйып жасаған жұмыстары мүлде іске алғысыз болды. Екі апта өтпес­тен-ақ ойдым-ойдым шұңқырлар қайтадан сол қалпына түсті. Ал ауыл көшелеріне жөндеу мүлде жасалған да жоқ...», – дейді Садовое селосының тұрғыны Сафиолла Сапаров. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауыл­дық округ пен аудан әкімдері мұнда жылдам ауысады. Бірақ қанша әкім ауысса да, ауыл үшін еш нәтижесі бола қоймады.

Жолды сапасыз жасағаны үшін хат та жіберілмепті

Мәселені дереу аталған маман­дардың өз аузынан естімек болып, тиісті сала басшысымен тілдестік. Бірақ 20 миллион теңгеге салынған жол­ды сапасыз әлі толық аяқтамаған мер­дігер компанияға түзету үшін әлі хат та жазылмапты. «Ағымдағы жөндеу жұмыстарын «Каз Арм строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Қазір жолда қар жатқандықтан, әлі жаңа ери бастаған­дықтан, әзірге еш жұмыс жүргізе алмаймыз. Біз жақын арада мердігер компанияға жұ­мыстың дұрыс жүргізілмегеніне бай­ланысты акт әзірлеп, хат жібереміз. Олар жолға жөндеу жұмыстары бойынша кепілді бір жыл мерзім біткенше жолды қайта қалпына келтіруге міндетті. Сәуірдің 15-іне таман жұмысты қайта бастаймыз», – дейді Зеренді ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марат Жүнісов. Сапасыз салынған жол кепілдік мерзімі ішінде қайта қалпына кел­тіріл­еді дейді әкімдіктің тиісті сала бас­шылары. Ал есіл уақыт пен қара­жаттың, ауыл жұртын алаңдатқан басқа да жайлардың қашан шешілері бір Аллаға аян...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы