Алматыда індеттің 3 088 ошағы бар
Алматыда індеттің 3 088 ошағы бар

Алматыда эпидемиялық ахуал күрделі. Қала 10 наурыздан бері «қы­зыл аймақта». Эпидемиолог­тердің айтуынша, ауру жұқтырудың көбеюі мутацияланған штамдарға бай­ла­нысты. Мутацияланған штам­дар өте жұқпалы екені анықталып отыр. 31 наурыздағы мәлімет бойынша, эпидемия басталғалы қалада корона­вирус инфекциясының 34 083 жағ­дайы тіркелді, ал жыл басынан бері – 15 562. Бүгінде КВИ-дің 3 088 бел­сенді ошағы медициналық ба­қылау­ға алынған.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінің деректері бойынша, 20 наурыздан бастап қабылданған эпи­демиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі іс-шараларға бағалау жүргізілді. Онда сауда нысандарында жұқтыр­ғандардың үлес салмағы 3%-дан астам (23,7%-дан 20,5%-ға дейін), сауда орталық­тары мен демалыс күндері сауда орталық­тарының базарларын тоқтата тұру нәтиже­сінде қоғамдық тамақтандыру кәсіпорын­дарында 3,5 есе төмендегені анықталды. Жұмыс орны бойынша науқаспен бай­ланыста болған кезде жұқтыруды 2%-ға, қоғамдық көлікте 1%-ға төмендету бойын­ша белгілі бір нәтижеге қол жеткізілді. 31 наурыз күні коронавирус ин­фек­циясының 515 жаңа жағдайы тіркелді. Оның 434-і – симптомдық белгілері бар және 81-і – симптомсыз. Қазір қалада жаппай вакцинациялау шаралары жүргізілуде. 1 ақпаннан сәуірге дейін вакцинаның 15 750 дозасы келіп түсті. Қалыптасқан жағдайға байланысты Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада 21 наурыздан бастап енгізілген күшейтілген карантин шараларын 12 сә­уір­ге дейін ұзарту туралы қаулы қабылдады. «Жаңа қаулыға сәйкес, 2020-2021 оқу жылының соңына дейін, яғни оқушылар IV тоқсанның аяғына дейін, студенттер II семестрдің аяғына дейін қашықтан оқуға жіберіледі. Мейлі мемлекеттік білім беру ұйымы болсын, мейлі жекеменшік болсын, барлығына тәртіп бір. Біздің қазіргі басты мәселеміз – балаларды қорғау. Себебі мектеп жасына дейінгі балалардың, оқушылардың арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейді. Мәселен, былтырғы наурыз айы мен биылғы наурыз айын салыстырғанда, індетке шалдыққан балалардың саны 4 есе артық», – деді Жандарбек Бекшин. Мемлекеттік бас санитар сондай-ақ қоғамдық тамақтану қауымдастығы тарапынан қаладағы тамақтану нысан­дарының жазғы алаңдарын ашып, жұмыс істеуіне рұқсат беру туралы ұсыныс түс­кенін айтты. Осыған орай, кәсіпкерлерге Ashyq пилоттық жобасы аясында жазғы алаңдарында қызмет көрсетуге рұқсат берілді. Алдағы күндері ауа райы жақсы болса, олар жұмыстарын бастай алады. Жазғы алаңдарға таңғы 7-ден түнгі 22.00-ге дейін меймандар қабылдауға мүмкіндік бар. Ал тамақты жеткізу қызметінің уақытына шектеу жоқ. Қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына 110 кәсіп­орын тіркелді. Олар Ashyq жобасы арқылы қызметтерін бастайды. Алматы қаласы Санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова коронавирус жұқтырғандар көрсеткішінің өсуіне қала тұрғындары арасындағы белсенді қарым-қатынас пен күн жылын­ғаннан кейінгі қозғалыстың көбеюі себеп болғанын айтты. «Наурызда көрсеткіштің өсу себептері – инфекция жұқтырған адамдардың қоғамдық көліктерде және қоғамдық орындарда отбасы мүшелерімен араласуы, отбасылық іс-шараларды өткізу көбейіп, мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін оқудың басталуына байланысты. Сондай-ақ ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткен адамдардың оқшаулану режимін жиі бұзуы себеп», – деді ол. Алматының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қаладағы барлық төсек-орын саны – 7 011, қазір оның 5 мыңы бос емес. Halyk Arena спорт кешенінде 1 000 төсек-орын дайындалған. Бірер күннен бері науқастар бұл орынға да жеткізіле бастады. Мұнда орташа ауыр жағдайдағы науқастар жеткізіледі. Спорт кешенінде коронавирус жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалып, заманауи жабдықтармен қам­тамасыз етілген. Өкініштісі, эпидахуалдың күрделі жағдайына қарамастан, қоғамдық көлік­терде бетперде тақпайтындар жиі кездеседі. Қазір мегаполисте 148 бағыт бойынша қатынайтын 1 850 қоғамдық көлік бар. Қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты мамандар автобуста барынша абай болуға шақырады. Сондай-ақ ережені еле­мегендерге 87 мың теңге айыппұл салы­натынын қатаң ескертеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, 31 наурыз күні Алматы қаласы әуежайына қонған 19 рейстегі 17 отандасымыз анықтамасыз ұшып келген. Анықтамасыз келгендер COVID-19-ға ПТР-тест тапсырып, стационарда өз нәтижесін күтуге тиіс. 26 наурызда Душанбе – Алматы әуерейсімен ПТР анықтамасыз ұшып келген Тәжікстан азаматы әуежайдан депортацияланды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың бизнес қауымдас­тықтығын қолдау және алдағы вакциналау науқанына дайындық мәселелерін айта келіп, Іскерлік кеңестің мүшелері кәсіп­керлік қоғамдастықты қолдау, қала тұр­ғын­дарын вакциналау жөніндегі кеңінен ақпараттандыру, кәсіпкерлік нысандар үшін «денсаулық паспортын» әзірлеу мәселелерін талқылады. Қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, сервис сала­сындағы ШОБ қызметкерлерін вак­циналау карантин шараларын сақтай отырып, олардың еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жаппай вакциналауға дайындық барысында бизнес логистиканы ұйым­дастыруға және вакцинаны сақтауға, әр аудандағы көрнекі орындарда екпе пункт­терін ашуға қатысатын болады. Қалада 300-ге жуық екпе пункттерін құру жос­парланған.

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ