Мемлекеттік гранттардың тиімділігі жоғары
Мемлекеттік гранттардың тиімділігі жоғары
117
оқылды

Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында бір­қатар игі жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, былтыр «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасымен 5 мыңнан астам азамат 200 айлық есептік көрсет­кішті құрайтын қаржылай қолдауға ие болған. Мемлекеттік грант негізінде қай­тарымсыз қа­ражат алған қала тұр­ғындары бү­гінде өз істерін дөңгелетіп, мемлекетке алақан жай­май, нәпақасын тауып отыр. Грант­ алғандар негізінен қаржы­сына тігін, қолөнер шеберханасы, кондитерлік өнім­дер әзірлеу орындарын ашқан. Мал шаруа­шылығына қызы­ғушылық таныт­қандар да бар.

Сандықтан түсер пайда көп

Солардың бірі – жас кәсіпкер Бек­жан Ерназаров мемлекеттің қолдауының арқасында сандық жасайтын шеберхана ашыпты. Шағын және орта бизнесті да­мыту аясында беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың, жұмыс­сыз жандарға, әсіресе қолынан іс келе­тін, бірақ қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр­ғандарға пайдасы орасан зор. Соңғы жыл­дары беріліп жатқан қайтарымсыз грант талай жастың шабытын шыңдады. 32 жастағы Бекжан әу бастан ағаш ұсталығына ебі бар, ағаштан түйін түйіп, бұйым жасауға бейім жігіт болып өседі. Шамасының келгенінше той-жиындарға тойбастарға арналған бұйымдар мен құдалықтың кәдесіне арналған қобди­шалар жасап жүрген. Алайда кәсібін одан әрі дөңгелеткісі келсе де, ірі жиһаздар жа­сауға қажетті құрал-жабдықтарға қолы жетпей жүрді. Бірде танысы мемлекеттен қайтарымсыз ақша беріп жатқаны туралы айтады. Ол жаздыкүні «Бастау бизнес» кә­сіп­­кер­лік негіздері жобасымен оқып, серти­фикат алады. Қайтарымсыз мем­ле­кеттік грантқа құжат өткізіп, қазан айында «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы шең­берінде 555 мың теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізеді. «Алған қаржыма жиһаз жасауға қа­жетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Қараша айында жұмысымды бастап кеттім. Бүгінде інім екеуміз шеберханаға арналған орынды жалға алып, тапсы­рысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнек­телген сандықтарды жасап жатырмыз. Тапсырыс берушінің қалауынша МДФ мате­риалынан және сырты матамен қапталған сандықтар да істейміз. Тап­сырысты өзіміздің Instagram парақ­шамыз арқылы қа­былдаймыз. Еліміздің барлық қала­ларына жеткізу қарас­тырылған. Қазір той көп емес, бірақ соған қарамастан, қыз жасауына қажетті сандықтың саудасы тоқтаған жоқ. Тіпті, әрбір қазақтың үйінде осындай ою-өрнегі бар сан­дықтардың болуы тиіс», – дейді жас шебер. мемлекеттік грант Бекжан келешекте асүйге, жатын­үйге арналған және басқа да үй жиһаз­дарын, дивандар жасауды қолға алмақ.

Логопедиялық кабинет ашқан

Шымкенттік Сана Мамырова да «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты бойынша қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған жанның бірі. Ол өткен жылы жұмыспен қамту ор­талығында жұмыссыз ретінде тірке­ліп, маусым айында 21 күндік «Бастау бизнес» оқу курсын оқып, сертификат алды. Кейін өзінің жеке бизнесін ашуды ойлап, бүгінде сұранысқа ие лого­пед-дефек­тология кабинетін ашу­ды жөн көреді.Қайтарымсыз грантқа ұсынған бизнес жобасы комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, мақұл­данады. Қыркүйек айында көптен күткен 200 АЕК көлемінде грант қаржысы қолына тиген соң Темірлан тасжолы бойында ор­наласқан Jak-med медицина орталығының ішінен логопедиялық кабинет ашады. Сана Ердәулетқызы медицина ака­демиясын тәмамдаған дефектолог-ло­гопед. Сонымен қатар Ресейдегі Ека­теринбург қаласында мемлекеттік меди­циналық университетте микро­поля­ризация әдісі бойынша білім алған жас маман.Былтырдан бері қаладағы дефек­тологиялық кемшіліктері бар балаларға логопедиялық сабақ үйретіп жүр. Одан бөлек, кәсібін одан әрі дамыту мақсатында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айына бір рет арнайы конкурс ұйым­дастырып, жеңімпазға микрополяризация курсын, логопедиялық сабақты да тегін үйретеді. Енді оның жеке кабинеті бар. Ол қыз­метін сапалы жүргізуді мақсат етеді. Айта кетейік, аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өткен жылы Шымкент қаласындат 7 722 адам жап­пай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысқан. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4 828 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ал «Бастау бизнес» жобасы аясында 2 820 адам қосымша білім алыпты.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы