Аутизмнің терапиясы аз емес
Аутизмнің терапиясы аз емес

Кейіпкеріміз Мирас қазір 4-сыныпта оқиды. Инклюзив білім беру бағдарламасымен мектепке барып жүр. Оған ау­тизм диагнозын 3,5 жасында Израильде қойған. Елімізде нақты диагнозын 8 жасында бекіткен. Анасы Жанна Қайратқызы – елдегі инклюзив қоғамның сатылай дамы­ғанының куәгері. Өйткені  2012 жылы Қазақстанда аутизм ту­ралы тек түсінік болған. Аталған жылдар ішінде Мирас түрлі терапия қабылдаған. Кей емнің пайдасы болса, келесі терапия жақпаған екен. Сондықтан мамандар терапия қабылдарда жан-жақты зерттеу керегін айтады.

50 шақты логопедке бардық

Аутизм симптомдарын ата-ана бала үш жасқа толғанға дейін байқайды. Бұл белгілер біртіндеп дамиды. Сол үшін Америка пе­диат­рлар қауымдастығы баланы 18-24 айлығында  аутизмдік спектр бұзылулары (АСБ) бойын­ша скринингтен өткізуге шақы­рады. Одан кейін емханаға әр келген сайын баланың дамуы ту­ралы сауалнама толтырып, аутизмге тән белгілер жайында то­лық ақпарат алу керек. Өйт­кені АСБ бар-жоғын ерте жастан анық­тауға болады. Ал бәрінен ер­терек хабардар болу баланың болашағын жарқын етуге көмек­теседі. Зерттеушілер әлі күнге АСБ-ның неден пайда болатынын анықтай алмағанымен, қалай көмек көрсету керегін жақсы біледі. Иә, Жанна Қайратқызы Ми­рас­тың дамуында өзгеріс барын бірнеше рет байқаған. Баласының көліктерге қарамастан жүгіре жө­нел­етіні, тілі шықпағаны күмән тудырған. Артынша дәрігерлерге апарса, «балаңызда бәрі дұрыс. Тек тілі кеш шығады» деп жауап берген. Ана жүрегі бір оқыс жағ­дайды сезгендей, диагнозды шетел­де анықтауды жөн көрген. Израиль, Грузия, Түркия сияқты елдерде ем қабылдаған. Осынша жыл ішінде ол терапия сырына, дәрігерді таңдау мен инклюзив білім беру ісін жетік біледі. «9 жыл ішінде түсінгенім – ау­тист баланы үнемі дамыту ке­рек. Яғни, жаңа нәрсеге бейімдеп, үйреткен жөн. Мұны маған Гру­зиядағы мамандар түсіндірді. Бұ­рын Мирасты бассейнге апа­руға жүрексінетінмін. Мамандар­дың сөзінен кейін, оған міндет жүктеп, бір нәрсені талап ете ала­тынымды ұқтым. Үнемі тера­пия көмегіне жүгінеміз. Бірінің пайдасы болса, екіншісі әсер ет­пей жатады. Әсіресе, бәрі ау­тист баланың түрінде жазулы. Мысалы, бірде иппотерапияға бардық. Сеанс барысында балама атқа отырған ұнамағанын түсін­дім. Қанша терапия болса, соның бәрі балаға ем болуы мүмкін емес. Мәселен, баламның тілі кеш шықты. 50 шақты логопедке қаралдық. Гру­зия­дағы маман жақсы көмектесті», – дейді Жанна Қайрат­қызы. Бастапқыда елімізде АСБ-ға ем-шара жүргізіп, терапиядан өт­кізетін орталық аз болған. Ару­жан Саинның бастамасымен «Ау­тизмді жеңуге болады» қоры оңал­ту шараларын өткізген. Ми­рас­тың ата-анасы сондай мүм­кіндіктерді қалдырмай, бәріне қатысқан. Қазір ол сөйлейді, оқиды, жазады әрі адамға тік қарауды үйренген. Ата-анасы мұның бәрі үздіксіз емнің арқасы деп отыр. Әсіресе, балаға инклю­зивті білім беретін мектепке барғаны қатты әсер еткен. Ел­орда­дағы №71 мектепте баламен тютор, куратор, сынып жетекшісі жұмыс істейді. Мұндай орталық­танған жүйе аутист балаларға жақ­сы көмектесетінін мамандар да жоққа шығармайды.

Терапияның түрі көп, бірақ...

Ендігі мәселе  – ата-аналар­дың естіген нәрсесіне әуес екені. Түрлі чат, интернет арқылы тера­пия түрінің ем болғанын көреді де, баласын да соған апаруға жү­гінеді. Зерттеушілер тек ғылы­ми негізі бар ем-шара қабылдауға шақырады. Мәселен, маман Айнұр Нұрова терапия түрлерін қабылдамас бұрын жан-жақты зерттеуді ұсынады. Сондай-ақ мамандар аутизм­ге келгенде де «артық білім – кі­тап­та» екенін айтады. Ата-аналар ғы­лы­ми дәлелдемелері бар эн­цик­лопедия, кітап пен газет-жур­налды жиі оқығаны жөн. Мы­салы, Америка ғалымдары «Аути­зм, бар балаларға білім беру» кіта­бын ата-аналар оқуға міндетті деп есептейді. «Қазір ата-аналар интернет ар­қылы түрлі дәрумендерге тап­сырыс береді. Ал оның құрамы мен тиімділігі жайлы әдебиетті оқи ма? Жоқ. Мұның дәрілерге де қатысы бар. Ненің тиімділігін естісе, соны сатып алуға құмар. Тера­пияға келсек, биомед, арт­тера­пия, музыкотерапия, шаңғы­мен жүру, сенсорлы интеграция, хелаттау сияқты түрлері көп. Емделушілерге алдымен ғылыми тұрғыдан дәлелденген терапия қабылдауын ескертемін. Мә­селен, хелаттау – агре­сивті терапия түрі. Зерттеушілер мұның пайдасынан гөрі зияны бар екенін дәлелдеген. Сенсорлы интеграцияны қабылдарда да абайлау керек. Томатис пен терапиясына да ата-аналардың таңдауы түседі. Бірақ қабылдауға «туысымның баласы осы тера­пия­ны қабылдапты. Оған жақсы әсер етіпті» деп жазылмау керек. Қайта бір терапияның оң әсерін естідіңіз бе, оны ары қарай зерттеңіз. Кері әсері бар-жоғын, балаңыз терапия түріне мұқтаж ба, жоқ па, білу қажет.  Алдымен  балаға не керегін анықтап алы­ңыз», – дейді маман Айнұр Нұрова. Сондай-ақ аутист баланы бі­лік­ті маманға көрсетудің ма­ңызды екенін бәріміз білеміз. Өйткені білікті маман ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Оның үстіне кейінгі бес жылда елімізде аутист балалардың саны 2,6 есеге өскен. Аутизм диагнозы қыз балаларға қарағанда ұл балаларға 5 есе жиі қойылады. Терапия курсы мен оңалту орталықтарын­дағы баға да қымбат. Мәселен, жоғарыдағы кейіпкеріміз бала­сын Грузияда емдеткенде айына 1 000 доллар төлеген. Бұл – сол кездегі әрі тек емнің ғана бағасы. Кей ата-ана әсер етеді деп ести сала шетел асуға тырысады. Бірақ мамандардың айтуынша, шет­елде өткен 2 аптада дәрігер аутист баланы енді ғана тани бастайды. Оған не керегін түсіне­ді. Сондық­тан шетел аспай тұрып, ем-шараның эффектін топшылап, нақты тексеру қажет. Жоғарыда аутист балаға мек­теп­тегі сабақтың жаққанын жаз­дық. Алайда өңірдегі кез келген АСБ есебіндегі балада мұндай мүмкіндік жоқ. Инклюзив білім беру үшін мінез-құлық маман­дары қажет. Деректерге сүйенсек, қазір елімізде 15-ке жуық мінез-құлық маманы бар. Олар мінез-құлық бағдарламасы бойынша куратор болып жұмыс істейді. Еліміздегі инклюзивті білім беруді қажет ететін балалар санын ескерсек, куратор болуға 200 мінез-құлық маманы керек.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ