Халықтың тұрмысын жақсарту басты міндет
Халықтың тұрмысын жақсарту басты міндет
172
оқылды
«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша бес жылға арналған жол картасын бекітті. Бағдарламада 7 басым бағыт айқындалды. Негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту үшін жағдай жасау. Бағдарламада нақтыланған міндеттер туралы партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаевпен өзінің сұхбатында айтып өтті. – Мұрат Рахметұлы, партияның сайлауалды бағдарламасында өңірді дамытудың  жеті басым бағыты айқындалды. Соның бірі, әлеуметтің өмір сүру деңгейін арттыру мақсатындағы – «Экономикалық тұрақты аймақ» бағыты. Өңірімізді осы деңгейге жеткізуде облыстық партия филиалы бағдарламада  қандай индикаторларды белгіледі? –  Ия, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы жасақталды. Ол жеті бағыттан тұрады. Республикада «Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарлама қабылданды. Бұл сайлауалды бағдарма өзге науқандардағы бағдарламалардан ерекше. Себебі бірінші рет елімізде «Праймериз» өткізілді. Бұл ішкі сайлаудан өткен азаматтар ғана сайлауға қатыса алды. Сол сайлауға қатысты бағдарлама да жасақталды. Яғни бұрын мемлекет бойынша бір сайлауалды бағдарлама дайындалатын еді. Онда көрсеткіштер, межелер жалпы түрде көрсетілетін. Ал бұл науқанда әр облыс, әр аудан үшін бағдарлама қабылданды. Бұл 2019 жылы 21 тамызда өткен партияның кеңейтілген кеңесіндегі Елбасының қайта жүктеу тапсырмасына сәйкес орындалған міндет. Қазір республика бойынша 216 сайлауалды бағдарлама бар. Үш қала мен 14 өңірдің және әр өңірдің өз ішіндегі аудандары бойынша сайлауалды бағдарламалары әзірленді. Бұл үлкен қажырлы жұмыс болды. Экономистермен экономикалық сараптама жасап, қаржы органдарымен бірлесіп, сайлауалды бағдарламаны жасақтадық. Біздің өңірде 14 сайлауалды бағдарлама қабылданды – облыстық, қалалық және 12 аудандық. Осы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру барысында 2,8 трлн. теңге қаражат тартылады деп есептелді. Оның басым көпшілігі – жеке инвестициялар. Республикалық бюджеттен – 370 млрд. теңге, облыстық бюджеттен – 165 млрд.теңге қарастырылған. 2,2 трлн. теңгесі – жеке инвестиция. Бұл өте дұрыс деп есептейміз. Өйткені дамыған мемлекеттерде мемлекеттік қаражат үнемделіп, бизнес саласына жеке инвестициялар тартылады. Мемлекеттің  қаражаты – әлеуметтік салаға бағытталатын болады. Ал бизнес өзін дамыту керек. Енді сіздің тікелей сауалыңызға тоқталсам, бұл – сайлауалды бағдарламадағы бірінші бөлім. Экономикалық тұрақты аймақ – облыстың экономикалық даму жоспары. Алдағы бес жылда біз 177 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде мұнайды терең өңдейтін зауыт, индустриялық аймақ құру, метанолл өндіру зауытын салу, үш сауда және көлік логистика орталығын салу сынды ірі жобалар жоспарланған. Жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өнім түрлерін одан әрі шығару мақсатында халықаралық сапа стандарттарын алу жолымен жұмыс істеп тұрған 10 кәсіпорынды жаңғырту көзделіп отыр. Жыл сайын кемінде 5 өнеркәсіптік кәсіпорынға экспорттық шығындарын өтеу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету қарастырылуда. Жалпы бес жыл ішінде осы шараларды іске асыру арқылы 58 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл өңірімізде  жұмыссыздықты азайтуға зор септігін тигізеді. Бүгінде  облыста 670 мыңға жуық тұрғын бар, соның 300 мыңнан астамы – еңбекке  қабілетті жастағылар деп санасақ, 58 мың азамат солардың 20 пайызын құрайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына үлкен көңіл бөліп отырмыз. Агроөнеркәсіптік кешенде 34 инвестициялық жоба бар. Осы инвестициялық жобаның ішінде сүт өндіру кешені, үш жылыжай кешені, 4000 тоннаға арналған көкөніс қоймасы, жалпықуаттылығы 54 мың ірі қараға арналған 27 бордақылау алаңын салу көзделді. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде бірқатар бордақылау алаңдары қазір іске қосылуда. Ең маңызды мәселе –   жылыжай. Бұрын шағын жылыжайлар ғана болатын. Қазіргі замануи жылыжайлар голландиялық технологиямен салынып жатыр. Ақсай қаласында жақын күндері 8 гектарлық замануи жылыжай іске қосылады. Орал қаласында екі жылыжай салынуда. Бұл экспортқа 250 мың АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылық өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Осы шаралар арқылы агроөнеркәсіптік кешендегі  еңбек өнімділігі 1,5 есеге артады. Өңіріміздің климаты – ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы саналады. Сондықтан бұл саланы дамыту назарда. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жылына 270-тен астам жоба мемлекеттік қолдаумен қамтылатын болады. 5 мыңнан астам шағын несие, жаңа бизнес идеялар үшін 3 мың грант беріледі. 281 гектар алаңға  индустриалдық аймақ құру жоспары бар. Индустриалдық аймақ Теректі ауданы аумағында, Оралдың Деркөл, Зашаған кенттері аумақтарынан жоспарланып отыр. Бұл шаралар 2025 жылға дейін кәсіпорындардың санын 45 мыңға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Жалпы өнім шығару 1,5 трлн. теңгеге дейін ұлғайтылады деген жоспарымыз бар.   – Шағын және орта бизнес өкілдеріне коронавирустық пандемияның салқыны тиді. Партия кәсіпкерлерді қолдауда қандай бастамалар көтере алды, қандай жоспарлар бар? – Әлемдік коронавирус пандемиясы еліміздің экономикалық жағдайына кері әсерін тигізді. Сондықтан 2020 жылы мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы шаралары әзірледі. Бұл партияның ұсынысы болғанын атап өту керек. Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті қолдау – партияның басты мақсаттарының бірі. Өңір бойынша 12 мыңға жуық кәсіпкер салық жеңілдігін алып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде алынған несиелер бойынша 171 кәсіпорынға төлемдер уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар кәсіпкерлер «Бизнестің  жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары арқылы 149 млн. теңгеге қолдау тапты. Кәсіпкерлер субсидиямен, жеңілдетілген несие түрінде қолдау алып отыр.     – Өңірдегі жолдардың сапасы туралы айта кетсек. Бүгінде облыстағы жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайы жиі сынға қалып отырғаны жасырын емес.  Бұл олқылықтың орнын толтыруда қандай нақты істер, жобалар бар? – Жол туралы айтсақ, біздің ойымызға бірден Жәнібек пен Бөкей ордасы ауданы түседі. Партия төрағасы, Елбасы осы екі ауданға жол салуды тапсырған еді. Бастапқыда қаражат бөлінді. Мердігерлері анықталып, жол құрылысы басталды. Бірақ, бюджет жағдайына байланысты былтыр жол мәселесі тұрып қалды. Өйткені, өкінішке орай, пандемияға байланысты қаражаттың көпшілігі әлеуметтік салаға жұмсалды. Ал биыл қуантарлық жағдай – 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр. Қыс бойы құрылыс материалдарды жеткізілді. Әрине, бір жылда бітпейді бұл жоба. Дегенмен, «Nur Otan» осы екі ауданның жол құрылысын назарда ұстайды. Біз бағдарламада бес жылдың ішінде жолдың сапалық деңгейін көтеруді көздеп отырмыз. Бүгінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 31 пайыз ғана. 2025 жылға дейін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Айта кету керек, облыста елдімекендер саны өте көп. Әр елдімекеннің жолы есепке алынады. 2021 жылы – 143 шақырым автожолды жөнделеді. Бұл – облыстық және аудандық маңыздағы жолдар. 2022 жылы – 224 жол асфальтталады. Жалпы, бес жыл ішінде 800 шақырымдай жол салынады деген жоспар бар. Осылайша, әр ауданға асфальтталған жол салынатын болады. Әрине, өмір бір орында тұрмайды. Болашақтың қаражаты мүмкіндік берсе, ауылдық окургтердің жолдары да жасалады.   – Өңірде кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен, кезекте тұрғандардың саны да жыл санап артуда. Алдағы бес жылда қанша отбасының баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік бар? – Тұрғын үй мәселесі елімізде, қаламызда, әр ауданымызда қарқынды жүруде. Цифрларға тоқталар болсақ, қазіргі таңда облыс бойынша 26 200 адам кезекте  тұр. Оның ішінде  облыс орталығында 20 мыңға жуық азамат бар. Жыл сайын тұрғын үй құрылыстары тапсырылып, 1000-ға жуық адам баспана алғанымен, бұл цифр азаймайды. Бұл урбанистика, кеңею сынды бірнеше себептерге байланысты. Әрине, мемлекет тарапынан азаматтарды баспанамен қамтуда үлкен жұмыс атқарылуда. «Nur Otan» партиясының бағдарламасында бес жыл ішінде мемлекеттік  бюджет есебінен салынатын тұрғын үйлер арқылы 8000-ға жуық отбасыны пәтермен қамтамасыз ету жоспары көзделген. Бұл ретте «7-20-25» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жобаны іске асыру жалғасып,  жеке және коммерциялық тұрғын үйлер салынады. Тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарту арқылы 10-нан астам апатты және тозығы жеткен үйлер бұзылып, орнына жаңа үйлер салу көзделіп отыр. Осыдан үш жыл бұрын қаламызда қолға алынған бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы – өз тиімділігін көрсетті. Аудан орталықтарында да тұрғын үйлер құрылысы қарқынды. Күні кеше жеті ауданды айналып келдім. Мәселен, Қаратөбе ауданында бір мезгілде  67 тұрғын үй берілді. Кейінгі жылдары Жәнібек ауданында 150-ге жуық жаңа үй салынды. «Nur Otan» партиясының мақсаты – осы қарқынды азайтпай, арта түсуін қадағалау. Тағы бір айта кетерлігі осыдан 5-10 жыл бұрын ауылда жағдай жоқ, жол жоқ деген сынды мәселелерді алға тартып, ауылдан қалаға ағылғандар көп еді. Ал қазір ауылда барлық мүмкіншілік бар. Елдімекендерге газ тартылып, әр үйге ауыз су жеткізілді. Жол салынуда. Ауылдан қалаға көшу тенденциясы – әлемде қалыптасқан жағдай. Дегенмен, ауылда тұрақтанған дұрыс. Партия да ауылдың көркейіп, ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөледі.  –   Білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы сапалы қызметтерге қол жеткізуде қойылған міндеттер қандай? – Білім сапасын жақсарту, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер жол картасында қарастырылған. COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау жүйесіне үлкен қауіп төндірді. Шешілуі қажет бірқатар мәселелер де туындады. Ең біріншіден, материалдық-техникалық базаны жақсарту қажет. Партия бағдарламасында кемінде 50 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеу мәселесі тұр. Сонымен қатар ауылдарға мамандар тарту – өзекті. Бұл мәселеде қозғалыс бар. Білім саласын айтқанда, бірінші мектеке  дейінгі  ұйымдардан бастаймыз.  Облыс бойынша 516 балабақша бар. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызды құрайды. Кейінгі жылдары өздеріңіз білетіндей, мемлекет тарапынан балабақша салынбайды. Жеке кәсіпкерлердің балабақша ашуына мемлекет қолдау көретуде.  1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 74 пайызға дейін ұлғайды. Білім сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы басты міндеттерапатты мектептерді жою және үш ауысымды оқытуды қысқарту. Осы мақсатта 11 жалпы білім беретін мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның  алтауы – Орал қаласында салынады. Қазіргі заманғы технологияларды енгізу, шебер, зерттеуші, сарапшы және модератор деңгейі бар педагог кадрлардың үлесін 50 пайызға дейін арттыруды – партия міндет етіп қойды. Қазіргі уақытта білім ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен қамту маңызды. Осы орайда бес жыл ішінде өңірдегі мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйелерімен жарақтандыруды 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарда. Мектеп асханаларын жөндеу және жабдықтармен ауыстырылуы біздің назарымызда. Бұл да қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Яғни, балалардың  жайлы орында білім алуына ықпал ететін боламыз. Сонымен қатар педагогтарды қолдау жалғасады. Өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Осы заңнаманың бастамашысы болған – «Nur Otan» партиясы. Біз ұсыныстарды жинап, талқылау кезіндегі барлық деңгейдегі ұстаздардың пікірлері заңға енді. Нәтижесінде ең көп өскен жалақы – педагогтардың жалақысы болып отыр. Мәселен, кейбір педагогтар санаты, тәжірибесіне байланысты кейбір аудан әкімдерінен де жоғары айлық алады. Осы орайда мұғалімдерге, болашақ педагогтарға жуапкершілік те күшейтіліп отыр. Енді партия педагогикалық мамандыққа үздік талапкерлердің қабылдануына мониторинг жүргізуді қолға алады. Яғни мәртебелі мамандықтың иелеріне талап та қатаң.              – Елдің болашағы – жастар. Партияның жастармен жұмысы қалай жолға қойылып отыр? – Мәселен, оқу орындары студенттерінің тұрмыстық жағдайы тоқсан сайын тексеріледі. Студенттердің  тұратын орны, санитарлық талаптардың сақталуы немесе басқа да жағдайлар – «Жас отан» жастар қанатының үнемі бақылауында. Егер кемшіліктер анықталса, қорытынды жасалып, хаттама жасалады. Сәйкесінше, оқу орындары жіберілген кемшіліктерді қалпына келтіріп, есептерін жолдап отырады. «Жастар – Отанға» бағдарламасы қабылданды. Бұл жобаны жүзеге асырудағы басты мақсаттардың  бірі – жастарды қолдау. Оның ішінде  студенттердің білім сапасын арттыру және жастарды жұмысқа орналастыру, бизнес-жобаларға тарту. Мемлекеттік бағдарламалардың тетіктері арқылы іс бастауға бағыт беріліп келеді. Сондай-ақ аудандарды аралау кезінде әр аудан орталықтарында жастарға арналған коворкинг орталықтардың жұмыс жасап жатқанын көрдім. Ол жерлерде тіл үйрену, жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер бар. Жуырда депутаттарымыздың бірі – ауылдық окургтерде осындай коворкинг бөлмелер ұйымдастыруды ұсынды. Бұл сол ауылдардағы NEET санатындағы жастарды бір орталықта шоғырландырып, жұмысқа үйретуге, бизнеске бағыттауға қолдау көрсетуге қолайлы орта болар еді. Бұл ретте барлық аудандарға ауылдық окургтерде бос орын-жайларды коворкинг ретінде жайластыруға ұсыныстар берілді.  – Бес жылдықтың Жол картасы талқыланған облыстық филиалдың фракция отырысында әр депутаттың тұрғындарды мазалап жүрген мәселелерді ескере отырып, ұсыныс енгізуі және сол бағытта жұмыстануы тиістігі айтылған еді. Бүгінде бұл бағытта қандай қозғалыс бар? – Иә, бұл облыстық партия филиалының төрағасы Ғали Есқалиевтың ұсынысы болған еді. Әр халық қалаулысына өзі жақсы игерген, өзі білетін сала бойынша халықты мазалаған игі істерді  қолға алып, жоба ретінде жүзеге асыруды ұсынды. Оны біздің депутаттар қолдады. Қазіргі уақытта облыстық мәслихаттағы депутаттардың  25-і – «Nur Otan» партиясының мүшесі. Біреуі – мәслихат хатшысы. 24-і – фракция мүшелері. Әрқайсымыз бір жоба, кейбір депутаттар 4-5 жобадан қолға алдық. Ол – әр түрлі бағытта. Әр депутат алдағы уақытта өз жобаларын толығырақ жария етер. Жалпы бұл жобалар кейбір бюджет тарапынан, мемлекет тарапынан шешілмейтін мәселелерді заңнама бойынша тетіктер тауып, соны жүзеге асыруды көздейді.  Атап өтсек, медицина кадрларының тапшылығын шешу – үлкен жоба. Депутатымыз Қ.Ирменов осы бағытта жұмыстануда.  Асфендияров атындағы ЖОО-мен келісімшарт жасады. Сонымен қатар Г.Батпақұлова мүгедек жандарды қолдау мақсатында бейімдеу жүргізумен айналыспақ. Қатарымыздағы ірі бизнес өкілдері халықты мазалайтын мәселелердің шешімін табуға көмек көрсетпек. Мәселен, Ақсай қаласына мешіт керек. Мешіттің құрылысын депутатымыз Т.Шектібаев бастағалы отыр. Бұдан бөлек мал бағу, жол қауіпсіздігі, абаттандыру, жастарды қолдау, спортты дамыту бойынша депутаттар өз жобаларын ұсынуда. Бұл депутаттық міндеттен тыс, қоғамдық жұмыс және бұл бір жылдың ішінде жүзеге асырылады немесе жалғасуы да мүмкін.   – Партияның қоғамдық қабылдауына жүгінетін тұрғындар аз емес. Әр түрлі адамдар көмек сұрап келіп жатады. Осы ретте қоғамдық қабылдау жұмысы айтып берсеңіз. Сондай-ақ халықтың сенімін арқалаған партия көпбалалы отбасыларға қандай қолдау жасауға ықпал ете алады? – Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға қолдау бар. Бізге жүгінген әр адамға біз көмек көрсетуге тырысамыз. Бірақ, екінші жағынан бұл масылдық тудырады. Оны байқап та жүрміз. Көптеген көпбалалы аналардың жолдастары жұмыс жасамайды. Жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысқа әр түрлі себептерді алға тартып, барғысы келмейді. Солармен қатар жары үйде балалармен отырғанда, екі-үш жерде жұмыс жасап, жеткізе алмай жүрген еңбекқор азаматтар да бар. Осындай мәселелерді есекере отырып, «Nur Otan» партиясы шын мұқтажға көмектесіп келеді. Әсіресе, пандемия кезінде партия төрағасының ұсынысымен партия мүшелері қаражат жинадық. Партия мүшелері болып табылатын ірі бизнес, орта, шағын бизнес өкілдері қаржылай көмектесті, қарапайым қызметкерлер 1-2 күндік жалақыларын аударды. Осылайша, біздің облыс бойынша 1,5 млрд. теңге қор жиналды. Облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған 30 мыңға жуық отбасыға көмектестік. Науқас балаларға қолдау көрсетуге де қолдан келгенше  көмек жасалуда. Әрине, қоғам болғандықтан проблемалар жеткілікті. Әрқайсысына көмектескіміз келеді. Бірақ, 100 пайыз қамту мүмкін емес. Десек те, көмек алуға әбден үйреніп алғандар, міндетсініп талап ететіндер де бар, өкінішке орай. Қарапайым тұрғындармен қатар шағын және орта бизнес өкілдері де қолдауды қажет етеді. Пандемия әбден қысып, зардап шеккендер аз болмады.  Кафе-мейрамхана, саудада жүрген кәсіпкерлердің мойындарына өтеуі тиіс несиелері бар. Оларға да қолдау жасауымыз керек. Біз үшін үлкен немесе кіші проблема жоқ. Көмек сұрап келген әр адамның мәселесін оң шешу біз үшін маңызды.
  • Өткен жыл барлық жағынан да ерекше жыл болды. Соның бірі партияішілік сайлаудың өтуі, яғни Праймериздің өтуі. Сол іріктеудің арқасында алғашқы рет мәслихат қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да табылды. Осыған байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобалар жөнінде бірер ауыз айтып өтсеңіз.
Елбасымыз мүгедектерге елімізде басқа азаматтармен бірдей жағдай жасау туралы айтқан болатын. Мүгедектігі бар жан­дар қа­зіргі таңда қоғамға, ортаға белсен­ді түрде араласып, жұмысқа орна­ласып, білім алып, жақсы өмір сүруі керек. Мү­гедектігі бар адамдарға немқұ­райлы қа­рамай, оларға көмектесіп, қоғам­ның бел­сенділік танытуымыз керек. Азаматтардың әлеуметтік әл – ауқаты-өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші екендігін естен шығармауымыз қажет. Облыс бойынша бүгінде 1 122 нысан бейімделді (99,4%). Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің үлесі 72% – ға, балаларды инклюзивті біліммен қамту 68% - ға дейін жеткізілді. Өңірде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кедергісіз орта құрылатын болады. "Бақытты отбасы", "Ардагерлерді ардақтайық" партиялық жобалары көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға, олардың азаматтық ұстанымын жандандыруға бағытталатын болады. Диспансерлік есепте тұрған мүгедек адамдар мен отбасыларға арналған 150 орындық оңалту орталығын салу, өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ өмір сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік осал отбасылар үшін "Жанұя" орталығын ашу жоспарда бар. 2021 жылы әлеуметтік қызметтердің бірыңғай порталы енгізілуде, ол қажетті қажеттіліктері бар адамдарға олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, онлайн режимінде көмекші, компенсаторлық құралдар мен әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін болады.  – Мұрат Рахметұлы, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет айтамыз. Партия филиалының жұмысына сәттілік тілейміз. – Осы сұхбатты пайдалана отырып, өткен сайлауда бізге дауыс берген сайлаушыларымызға алғыс айтамын. Көктем жақсылығымен келсін. Үстіміздегі жыл жақсылыққа толы болсын. Аты жаман індеттен аман-есен құтылайық.   – Айтқаныңыз келсін!