Топарда балық қырылып жатыр
Топарда балық қырылып жатыр
96
оқылды

Еліміздегі кезекті су қоймасына нәубет келді. Топар көлдерінде балық жаппай қырыла бастады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Мағзұм Мырзағалиев басқаратын ведомство осының алдында Шымкент пен Түркістан облысы аумағында ағатын Бадам өзеніндегі апатты да «айрықша назарға» алған еді.

«2021 жылғы 1 сәуірде Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Алматы облысының Балқаш ауданындағы Топар көлдер жүйесінде балықтардың қырылу фактісіне кезікті. Осы көлдер жүйесінің су айдындары «Заготпушнина» ЖШС балық шаруашылығы мен «Патриот» АБҚБ субъектілеріне бекітілген. Мұндай жағдайда өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, жануарлардың қырылу қаупі немесе өлімі анық­талған кезде барлық мүдделі орган жедел хабардар етіледі», – деді министрлік. Балықтың қырылу мән-жайын анықтау мақсатында оқиға орнына Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары мен аталған екі компанияның қорықшылық қызметінің қызметкерлері шықты. Бұдан басқа, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, Алматы облысы бойынша Экология департаменті, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясы қызметкерлері зертханалық зерттеулер жүргізу үшін су мен балық сынамаларын алу мақсатында көл жаққа аттанбақ. Министрлік осы іс-шаралардың нәтижелері туралы қосымша ақпарат келіп түсуіне қарай алда хабарлауға уәде етті. Өңірдегі жағдай ерекше бақылауға алынды.  

Елдос СЕНБАЙ