Жұмабектің тағы бір «бажасы» ұсталды
Жұмабектің тағы бір «бажасы» ұсталды
174
оқылды

Қазақстанда жаңа фра­зео­логизм пайда болып, ел ара­сында жайылып барады. Бәрі Түркістан облысының Отырар ауданында басталды: 8 нау­рызда жолдың қарсы жола­ғына шығып келе жат­қан кө­лікті тоқтатқан по­­ли­цей­лер­ді жүргізуші «Жұма­бектің ба­жасымын!» деп үр­кітіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ізінше тәр­тіптік ко­мис­сия Оты­рар аудандық По­лиция бас­қар­масының әкім­­шілік по­лиция бөлімінің бас­тығы Жұмабек Төлегенді қыз­метінен шет­тетті.

Ал әлгі жүргізушіге қатысты бейнежазбаның «вирусты» сипат алғаны сонша «Жұмабектің ба­жасымын» деген ән жазылып, әлеу­меттік желіде таратылды. Белгілі вайнер Мейіржан Төре­беков оны лақап аты етіп алды. Енді азаматтар көлігіне осы сөзді жазып алатын болған. Павлодарда нөмірсіз көлігіне «Жұмабектің бажасы» деп жазып алған жүргізуші ұсталып, қал­жыңдағаны үшін оған айыппұл салынды – Адамдар ережелерді нақты сақтау жолдағы заң және міндетті шарт екенін ұмытып кетеді. Жол ақталуды қажетсінбейді, ол кіші­гірім құқық бұзушылықтарды да кешпейді, қырағылық сақтауды және ұдайы мұқият болуды мін­деттейді. Жыл басынан бері Пав­лодар қаласында поли­цейлермен әртүрлі бұзушылықтары үшін ав­тотұраққа 535 көлік құралдары қойылды, – деп атап өтті Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы Данияр Бек. Биыл патрульдік полиция ба­тальоны жол қозғалысы ере­желерін бұзудың 7 712 фактісін анықтады. Бі­рінші орында қауіп­­сіздік бел­беуін пайдаланбау (1 086), одан кейін бағдаршамның қызыл көзіне жүру, жаяу жүр­гін­шілерге басым­дылық бермеу (392), мас күйде көлікті басқару (110) тұр. Ал мем­лекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік жүргізген 20 жүргізуші жауапқа тартылды.

Елдос СЕНБАЙ