Түлектерді жұмыспен қамтудың жаңа тәсілі
Түлектерді жұмыспен қамтудың жаңа тәсілі
330
оқылды

Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанындағы Жолдауында: «Жоғары оқу орнының табыстылығын ба­ғалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы болмақ» деп атап өткен болатын. Жұмыс берушілер та­ра­­пынан жас мамандарға бітіріп шыққан жоғары оқу ор­ны­ның беделіне және маманның біліктілігіне қарай сұраныс та болатыны рас.

Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 42 мектеп салынбақ. Демек, білікті педагог мамандарға деген сұраныс едәуір арта түсетіні сөзсіз. Оңтүстік Қазақстан мем­­­­лекеттік педагогикалық уни­вер­ситеті – еліміздің күнгейіндегі педагог мамандарды даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны. Сондықтан биылғы оқу жылы­ның басында «Кәсіптік бағдар және мансап орталығы» құры­лып, білім алушыларға сапалы білім берумен қатар талап­кер­лерге кәсіби бағдар беріп, біті­руші түлектерді жұмыспен қам­тудың кешенді жоспары жа­сал­ды. Осылайша, университет пандемия кезінде түлектерді жұ­мыспен қамтудың заманауи жаңа форматына көшті. Атап айтар болсақ, 2020 жыл­дың 9 қазанында Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагоги­калық уни­­­­­верситетімен жасалған екі­жақ­­­ты ынтымақтастық меморан­­­думының негізінде Білім және ғылым министрлігі мен Абай атындағы ҚазҰПУ бірлесе құрған «МАНСАП-ҚР аумағындағы бос орындар туралы ақпараттар қо­ры» мобильдік қосымшасына қосылып, 2021 жылғы бітіруші тү­лектер Қазақстан аумағы бойын­­­ша онлайн форматта жұ­­­­мысқа өтініш беру мүмкіндігіне ие болды. Шымкент қаласы әкім­­дігінің тікелей бастамасымен 2020 жылдың 20 тамызында іске қосылған «HR Process білім са­­ласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпарат­тық-талдау жүйесін» тиімді пай­­далану мақсатында қараша айында Шымкент қаласы Білім басқармасымен екіжақты мемо­рандум жасалып, университе­тіміздің 2021 жылғы бітіруші түлектері Шымкент қаласы бойын­ша бос орындарға онлайн өтініш беру мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазір аталған жүйе негізінде жүзеге асырылып жат­қан Tech For All – Tech For Shymkent жас мамандар экспери­менттік пилоттық қысқамерзімді жобасына университетіміздің 185 студенті құжаттарын тап­сырып, конкурсқа қатысып жатыр. Алайда «HR Process білім сала­­­­сының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпа­рат­тық-талдау жүйесі» еліміздің әрбір өңірінде құрылған өңірлік бағдарлама болғандықтан «HR Process – Алматы», «HR Process – Тараз», «HR Process – Шымкент», «HR Process – Қызылорда» өңір­­­лік бағдарламаларын үй­лестіре отырып, өзара әрекеттесе пайда­­­лану мақсатында жуырда осынау өңірдегі универ­ситет­тер­мен ме­­­морандумдар жасалып, түлек­­­терді жұмысқа орналас­тырудың Алматы – Тараз – Шымкент – Қызылорда дәлізі құрылды. Еліміздің жетекші төрт жо­ғары оқу орны арасында жасалған меморандум бірқатар мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ең алды­мен өңірлік HR-Process білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпарат­тық-талдау жүйесі бойынша ор­тақ келісімге келген оқу орын­дары бір-бірінің түлектерін өзінің өңірлік базасына тіркей алады. Сонымен қатар ортақ келісімге келген ЖОО бір-бірінің түлек­терін магистратураға түсуге ба­­­ғыттайды. Сондай-ақ қабылдау комиссиясы кезінде талап­­­­кер­лерге келісімге келген ЖОО-ын таңдауға кеңес береді әрі жұмыс берушілер форумын өңірлік Бі­лім басқармалары өкілдерінің және жұмыс беруші тұлғалардың қатысуымен бірлесе өткізу мүм­­кіндігіне жол ашылады. Пандемия кезінде бітіруші түлектеріміз ешбір мекемеге ба­рмастан жоғарыда аталған ба­ғыттар бойынша 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап «МАНСАП-ҚР аумағындағы бос орындар туралы ақпараттар қоры» мо­бильдік қосымшасына және өңір­лік HR Process білім сала­сының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпарат­тық-талдау жүйесіне тіркеліп, Қазақстан аумағы және өңірлер бойынша онлайн тәртібімен өтініш бере алады.

Гүлжан СҮГІРБАЕВА, ОҚМПУ Басқарма төрағасы – ректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент