Газ баллон неге қауіпті?
Газ баллон неге қауіпті?

Еліміздің барлық аймағында болмаса да, көп облыста Төтенше жағдайлар департаментінің музейлері бар. Сол мұражайларды аралаған шақта ең есте қалатын экспонаттардың бірі – жарылған газ баллондары. Шүмегі жұлынған, бүйірі ырсиған, бір жағына қисайып бүктетіліп қалған баллондар – жазатайым оқиғалардың куәгерлері.  Сол оқиғаларда қаншама адамның өмірі қыршын кетіп, қаншама адам жарақат алды десеңізші. Ендеше мұндағы ахуалға да бір көз жүгіртіп көрелік.

Тұрмысқұраушы тауар

Ыңғайлығына және тиімділігіне, ал ең бірінші кезекте тұрмыста қажеттігінің жо­ғарылығына қарай газ баллонын әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына жатқызуға болады. Ресми түрде тұтыну корзинасында жоқ болса да, оның коммуналдық ресурс ретіндегі мәні өте зор. Сондықтан да ол тұрмысқұраушы тауар деп атауға толық лайық. Оны кез келген елсіз жерлерде алып жүріп пайдалану ыңғайлы. Асың да тез дайындалып, лашығың да тез жылиды. Осы мобильдігінің арқасында 5 литрден 75 литрге дейінгі газ баллондар бүгінде елімізде орасан зор сұранысқа ие. Оны еліміздің шығысы да, батысы да, теріскейі мен күнгейі де түгел пайдаланады. Маңғыстау облысы ғана елімізде газ баллонынан толықтай бас тартқан болар. Өйткені бүгінде онда елді мекендер 100% газдандырылған. Бірақ сонда да газ баллондары қолданыстан мүлдем шығып қалған жоқ. Ғимарат салып, тоқ тар­тып, жол жүргізіп, тағы да басқа құрылыс жұ­мыс­тарын жүзеге асырған немесе ин­фрақұрылымдардан жырақ отырған малшы ауылдар газ баллонын ұстайды. Жаңадан салынып жатқан, газ тартылмаған тұрғын үй алаптары да соны пайдаланады. Автокөліктер газға ауысып, сұйытылған газ құю бекеттері ашылғалы оларға тіптен жақсы болды. Бұ­рынғыдай қабылдау-тарату пунктіне жү­гірмей, кез келген жерден қажетінше құйып ала салады. Бір баллонды қаншама жылдар бойы пайдаланып жүре береді. Ал негізінде, баллонды уақытымен тиісті орындарға тапсырып отыру керек. Олар орнына тексе­рілген, қауіпсіз, тегін баллон береді. Бірақ қазір оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Бұл ахуал өзге өңірлерде де осындай деуге бо­лады. Ал оның соңы әйтеуір бір күні жаза­тайым оқиғаға алып келмесіне кім кепіл? Мә­селен, жеке сектордағы баспанадан бө­лек, көпқабатты үйлерде де әлі күнге дейін газ баллонын қолданып отырғандар жоқ емес. Заң бойынша екі қабаттан жоғары үйлерде оны пайдалануға тыйым салынған. Төтенше жағдай қызметі мұндай деректерді тексерейін десе, жекеменшік үйлерге кіре алмайды. Ал әкімдіктегі газ инспекциясы тек газголь­дерлерге ғана тексеру жүргізеді. Газ бал­лондарды тексеру жеке компанияларға бе­рілген. Баллонның жарамды-жарамсыз­ын, пайдалану тәртібін газ құю стансалары тексереді. Тозғаны болса, жарамдысына ауыстырып береді. Жаңа газ баллондарының қызмет мерзімі – 5 жыл. Әйтсе де оны әрі кеткенде 3 жыл сайын тексертіп тұру керек. Десе де, оған автогаз құю бекетіндегілер де, баллон иелері де мән бермейді.

3 жылда 25 адам ажал құшты

Елімізде былтыр ғимараттарда газ баллонды қондырғылардың жарылысы мен тарсылының 32 оқиғасы тіркеліпті. Ең көбі Қарағанды облысында (6 оқиға), Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында (4 оқиғадан) болған. Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 3-еу,  Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 2-еу, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында 1-еуден дерек тіркелген. Салдарынан 11 адам ажал құшқан. Мәселен, Нұр-Сұлтан қала­сында – 3, Атырау облысында – 2, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарында 1-еуден. 68 адам жарақат алған. Нұр-Сұлтан қаласын­да – 26, Ақмола, Алматы облыстарында – 8, Қараған­ды облысында – 7, Ақтөбе облы­сында – 5, Шымкент қаласы мен Павлодар облысында – 3, Алматы қаласы мен Түркіс­тан облысында – 2, Батыс Қазақстан, Жам­был, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыс­­тарында – 1. Бұл статистикада астана­мыздың 1-орында тұрғаны қараша айындағы дәмханадағы оқиғамен байланысты. Ал бұ­рынғы жылдарға көз жүгіртсек, ахуал осы қарайлас. Мәселен, 2019 жылы 27 жарылыс болып, 10 адам қаза тауып, 41 адам зардап шексе, 2018 жылы 39 газ баллоны жарылып, 4 адам қаза тапқан, 68 адам жарақат алған. Осылайша, соңғы 3 жылда 25 адам ажал құшып отыр. Адамдардың қаза болуының негізгі себебі тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талабының сақталмауы, түтін және желдету арналары­ның ауа тартпауы, газ жабдығының мұржа­сы­мен жалғасқан құбырларының герметика­лық нашарлығы, ауа жапқышының жабық қалуы, ақауы бар пештер мен газ қазандығын пайдалану, үй-жайларды жылыту үшін газ плитасын пайдалануы болып отыр.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ