Ғылымға қаржы құйылсын десек...
Ғылымға қаржы құйылсын десек...

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қа­зақ­стан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қой­ды. Аталған құжат ғылым­ды қаржы­лан­дырудың ашық­тығын және ғы­лыми-зерт­теулердің деңгейін көтеру мен оның нәтижелерінің нақты тә­жіри­беде қолданылуын қам­тамасыз ету­ге бағыт­талған.

Жаңа заңнан күтер үміт үлкен

Қазір әлемдік саясаттың, эко­номи­каның, мәдениет пен ғылым­ның жедел өзгерістерге түсуі Қазақ­станның алдына жаңаша сын-те­геу­ріндерге сай болу міндетін қо­йып отыр. COVID-19 індетінен туындаған қатер ғылыми-зерт­теулер мен тәжірибелік талдамалық тәжірибелер – бұл экономиканың бір саласы ғана емес, адамзаттың қауіпсіздігі мен болашағын қам­тамасыз ететін міндетті талап еке­нін көр­сетті. Осы қатерге алғаш болып әлем ғалым­дары қарсы тұрды. Олардың қата­рына отандық ғылымды да қосқан абзал. Мемлекет басшысы ғылым ел эко­номикасы үшін қызмет етуі тиіс деп са­найды. Сондықтан да отан­дық ғылымның алдына іргелі және қолданбалы зерттеу­лерді, тәжіри­бе­лік-конструкторлық әзірлеме­лерді жаңа сапаға көтеру, ғылым мен өндіріс арасындағы байла­нысты нығайту, экономиканың болашағы зор салаларына инно­вацияларды енгізу міндетін қойып отыр. Осы бағыттағы мемлекет қолға алып отырған шаралар алғашқы нәтижелерін бере бастады. Ғылыми ұйымдарды озық жабдықтармен жасақтауға қатысты жаңа бюд­жеттік бағдарламалар ашылды, грант­тық және бағдарламалық-мақсаттық қар­жы­ландыру бойын­ша конкурстар саны көбейді, үміт күттіретін жастарды ынталан­дыру жөнінде шешім қабылданды, ҒЗТКЖ  (ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-кон­структорлық жұмыстар) бала­малы қаржы­ландырудың ашық механиз­мдерін енгізу, яғни жер қойнауын пайда­ланушылардың шикізат өндіруден түскен табысының 1%-ын бөлуге байланысты жұмыстар аяқталып қалды. –  «Мемлекеттік ғылыми-тех­ни­­калық сараптау ұлттық орта­лығы» АҚ тұрғысынан қарастырсақ, Президент қойған міндеттер ар­қылы нақты жетістіктерге қол жеткізілді. Сараптама жұмыстарын ұйымдастыру мен өткізу ережесі (МҒТС) өзгерді. Оның тех­но­логиялық тізбегіне жаңа буын – сұратылған қаржы көлемінің негіз­ділігін бағалау енгізілді. Сондай-ақ мемлекет басымдық беретін бірқатар жаңа бағыт пайда болды,– дейді Ұлттық орталықтың пре­зиденті Әділ Ыбыраев. Бәсекелестік заманында ғы­лым­ды, білімді дамыту, жоғары білікті мамандарды даярлау қоғам дамуының басты талабына айнал­ды. Ғылымды ұтымды ұйымдастыру мемлекеттің стратегиялық көз­қарасымен үйлесуі тиіс. Ғылым туралы заңға енгізілген өзгерістер ғалымның қоғамдағы мәртебесін бекітіп, осы саланы қолдаудың нақты шараларын қарастыруы тиіс.

Озық тәжірибеге сүйенсек

Іргелі ғылымды дамыту көп қаржыны қажет етеді. Сол себептен көптеген елдер озық техно­логия­ларды көшіріп алу арқылы үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Мәселен, Оңтүстік Корея мен ҚХР өзгенің өнер­табыстарын қолдана отырып, техно­логиялық тұрғыдан биік дең­гейге жетті. Осы жерде Қазақстан­ның көп ақшаны қа­жет ететін күр­делі зерттеулерді жүргіз­бей-ақ, шетелдік технологияларды транс­ферттеу арқылы экономика­лық жетіс­тіктерге қол жеткізуіне бола ма деген сауал туындауы мүмкін. Әлбетте, бастапқы кездері озық технологияларды көшіріп алуға болады. Бірақ ешбір мемлекет жаңа технологиясын сатқаннан гөрі, оны өздері қолданып, соның жемісін толықтай көруді қалайды. Инновацияның түпкілікті мақса­ты­ның өзі сол – неғұрлым бәсеке­лестік артықшылық­тарға қол жет­кізу. Сондықтан Қазақстан өзінің ноу-хауы болмай, озық елдердің қатарына кіре алмайды. Оңтүстік Кореяның дамуы 50-жыл­дардан басталады. Оған екі жайт серпін берді: біріншісі – технологияларды трансферттеу (негізінен жапондық), екіншісі – бұл салаға көп қаржының құйылуы (негізінен америкалық). Соның арқасында мемлекет қарқынды дамыды, Азия нарығында элек­троника саласы бойынша көшбас­шыға айналды. Алайда 90-жылдары өзгеден көшірген техно­логиялар ескірді, ал жаңадан ойлап та­былған озық технологияны енді оған еш­кім бермейтін болды. Сол себептен Сеул іргелі ғылымдарды дамытуға бар ынта-сымен кірісті, бү­гінгі жетістіктер – соның нәтижесі. Бүгінде Samsung өнімдері Apple-дің басты бәсекелесіне айналып отыр. ғылым Қытайдың жағдайы – осы. Қытай елі көп жылдар өзгенің озық дүниелерін көшірумен болды, сонымен қатар өзінің ғылымын дамытуды естен шығарған жоқ. Бүгінде 5G саласындағы жоғары техно­логия бойынша Huawei компаниясы әлемде көш басында тұр. Тағы бір айта кетерлігі, іргелі зерттеу­лерге салынған қаржының қайтарымы ұзақ күттірмейді. Дамыған елдер үлгісінде оған мысал жетерлік. Әлбетте, ғылымды академия­лық және жоғары оқу орындарының ғылымы деп бөлу – шартты нәрсе. Дегенмен іргелі және қолданбалы зерттеулерге сүйене отырып, берілген жаңаша білім беру үрдісі ғылыми дамудың негізі болады. Жоғары дамыған елдерде іргелі зерттеулердің басым бөлігі университеттерде жасалады.

Ғаламдық инновациялық рейтинг

БҰҰ-ның Бүкіләлемдік интел­лек­­туал­дық меншік ұйымының (БИМҰ) есебі бо­йынша Ғаламдық инновациялық индек­сте (ҒИИ) 2020 жылдың рейтингісі келесі­дей:  Таиланд – бизнес тарапынан ғылыми-зерттеулерге ең көп қаржы салған мемлекет. Малайзия – жо­ғарғы техно­логия­ларды ең көп экспорттаушы. Бот­свана – білім инновациясына ең көп қаржы жұм­саған. Сараптама 131 ел бойын­ша жасалынған. ҒИИ елдердің инновацияны қолдау, адам капиталы және ғылы­ми-зерттеулерге бөлінген қаржы, нарық пен инфра­құры­лым­ның дамуы, берілген білім мен техно­логия көлімі, креативті индус­трияның ілгерілігі өлшемдері бойынша жасалады. Инновация бизнес пен экономиканы алға сүйреуші серпінді күшке айналды. Тіпті, қазіргі індеттің өзі оның дамуына кесірін тигізе алмады: ірі компаниялар ғы­лыми-зерттеулер мен талдамалық тәжі­ри­беге бөлген қаржыларын қысқартқан жоқ. Өйткені олардың табысы бәсекеге қабілет деңгейіне байланысты, ал оны іргелі ғылым ғана бере алады. Қазіргі жағдайда кейбір салаларда (денсаулық сақтау, биотехнология, фармацевтика) инновациялық шығын тіпті ұлғая түсуі де ғажап емес. Энергетика, көлік және ло­гис­тикаға да жаңа талдамалық тәсіл қажет. Сарапшылардың пікірінше, коронавирус «жасыл технологияның» дамуына қозғау салған. Туризм, білім беру, ретейл – сала­ларын да алапат өзгерістер күтіп тұр. Мем­лекет пен бизнес бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарып, тізе қосып жұмыс істемесе болмайын деп тұр. ҒИИ рейтингте Орталық және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасында Қазақстан Үндістан (48-орын) мен Ираннан (67-орын) кейін үздіктер үштігіне жайғасқан (жалпы тізімде – 77). 2020 жылы ҒИИ рейтингісіне алғаш рет Өзбекстан (93-орын) мен Қырғыз Республикасы (94-орын) да енді. Дегенмен республиканың ғылымға бөлген қаржысы әлі де мардымсыз екенін мойындаған дұрыс – ІЖӨ-нің 0,12%-ы. Салыстыру үшін: АҚШ – 3-5% ($502,9 млрд), Қытай – 2% ($408,8 млрд), алғашқы ондықта Ресей де бар – 1%( $37,3 млрд) . Үз­діктер қатарында Жапония ($170 млрд), Германия ($114,8 млрд), Оңтүстік Корея ($74,1 млрд), Франция ($60,8 млрд), Үндістан ($50,3 млрд), Ұлыбритания ($46,3 млрд) және Бразилия ($38,4 млрд) елдері тұр.

Көш жүре түзеледі

Қазақстанның кейінгі жылдары отан­дық  ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуға және жаңа ақпараттық техно­логияларды игеруге бет бұрғаны байқалады. Бұл елімізде өндірілетін өнімнің бәсеке­лестік қабілетін арттырып, ұлттық эко­номиканың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге игі әсер ететіні сөзсіз. Осы жағдайда инно­вациялық процестер қарқыны артып, қолданысқа жаңа технологиялар енгізілуде, сондай-ақ өндіріс пен ғылымның арасы жақындай түскен. Заңға ғылымды дамытуға қатысты өзгерістердің енгізілуі осы мақ­сатты көздейді. Заң жобасы бастама­шыла­рының бірі, Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова бұл туралы келесідей пікір білдірді: «Заңның басты мақсаты – ғылым, ғылыми-техникалық қызмет және оның нәтижелерін коммер­цияландыру бағытын­дағы заңды жетілдіру. Бұл осы саладағы сыбай­лас жемқорлық әрекеттерін төмен­дету­дің қосымша құқық­тық негізін қалып­тастырады. Аталған құжат бойынша Ұлт­тық ғылыми кеңеске коммерцияланатын жобаларды мемле­кеттен қаржыландыру құ­зіреті берілген. Бұл процедура кеңес мүшелерінің ашық дауысқа салу тәсілімен шешіледі»,– деді. Сондай-ақ заңның жаңашылдығы деп үздік ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету және оларды ынталандырудың түрлерін айтуға болады. Жаңа заң отандық ғылым­ның дамуына серпін береді деген үміт мол.

Дәулет АСАУ