Адамнан айла артылған ба? Көлденең табыс табу үшін түрлі әрекетке барады. Оның көбі ұрлықпен келеді. Бір кездері қарақшылар көліктің айнасын ұрлап, жеңіл ақшаға мәз болса, енді ұрлықтың жаңа түрі шықты. Оңай ақша табудың орайын тапқандар көліктің нөмірін ұрлауға көшкен.
Нөмір керек болса, ақша төле...
Әккі ұрылар Армения, Ресей, Қырғыз елінде тіркеуде тұрған көліктердің нөмірін шешіп алып, белгілі бір жерге тығып кетеді. Содан көлік иесіне қоңырау шалып, «нөмір қажет болса, осы есепшотқа пәленше мың ақша аудар» деп міндеттейді. Ал жәбірленуші нөмірін қайта қалпына келтіру үшін шекара асуға тура келетінін біледі. Әрі оған кететін шығын шаш етектен екенін түсінеді. Сөйтіп, «қанша сома болса да беремін» деп айлакердің айтқанына көнеді. 15 қаңтар күні Қарағанды қалалық Октябрь аудандық полиция бөлімшесіне көлігінің нөмірі ұрланғаны туралы көлік иесі шағым түсірген. Кейін одан қылмыскерлер ақша талап еткен. Жедел-іздестіру барысында криминалдық полиция қызметкерлері 22 және 23 жастағы күдіктілерді ұстады. Олар қылмысын мойындады. Осыдан-ақ мұндай қылмысқа жалғыз адам бара алмайтынын аңғаруға болады. Өзгелерге секем тудырмас үшін жанына сенімді серіктес ертетін болса керек. Бұл бағытта тәртіп сақшылары ұрлық деректеріне ден қойып, талдау жасады. Нәтижесінде, қаланың оңтүстік-шығыс аумағында мұндай оқиға жиі болатынын анықтады. Полиция қызметкерлерінің күнделікті кешенді іс-шаралары алғашқы нәтижеге қол жеткізе бастады. Былтыр 8 желтоқсанда таңғы сағат 05.00-дің шамасында полиция қызметкерлері Язев көшесінде орналасқан үйлердің ауласында тұрған көліктердің бірінен тіркеу нөмірін шешіп жатқан 18 және 20 жастағы екі ер адамды ұстады. Тексеру барысында олардан 9 нөмір тәркіленді. Осы уақытқа дейін олар 29 рет осындай қылмысқа барғанын мойындады. – Қазір аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік иелерін сақ болуға шақырамыз. Егер мемлекеттік тіркеу нөмірі қолды болса, бірден полицияға телефон соғып, хабарлаңыздар. Ұрланған нөмірлер үшін белгісіз біреулерге ақша беруге немесе аударуға болмайды. Біздің көмегімізбен қылмыскерлерді қолға түсіріп, жазасын беру қажет, – дейді облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин. Облыстық Ішкі істер департаментінің ақпаратына сүйенсек, былтыр Октябрь аудандық полиция бөлімшесіне 2 азамат, оңтүстік-шығыс полиция бөлімшесіне 5 жәбірленуші осындай шағым түсіріпті. Жәбірленушілердің айлакердің айтқанын істеуі қылмысты тоқтатуға айтарлықтай кедергі жасайды. Керісінше, полиция қызметкерлері олардың осы ісіне жол ашып, құнығуына септігін тигізетінін айтып дабыл қағады. Сондай-ақ сот төрінде кінәлілер нөмірмен талап еткен ақшасын иесіне қайтарып берсе, жәбірленушілер бастапқы жазған арыздарын қайтып алып жатады. Мәселен, Теміртауда 10 көлік иесін бопсалаған екі азамат ұсталыпты. Сотта екі жақ қол алысып, қылмыстық іс тоқтатылған екен...168 көлік қолды болды
Өткен жылғы есеп бойынша, облыста 168 көлік ұрланыпты. Оның 144-інің қылмысы ашылып, кінәлілер қолға түскен. Қалған із-түзсіз кеткен көліктерге облыстық Ішкі істер департаменті әлі де кешенді іздестіру шарасын жалғастыруда. Бұл есеп жылдан-жылға азайып келеді. Дегенмен осы жылдың алғашқы көлік ұрлығы да тіркелген.Бір күнде – 4 көлік...
Айтпақшы, жақында өңірдің бас полицейі Ерлан Файзуллин өзінің Facebook парақшасына бір күнде 4 көлік ұрлаған күдіктінің құрықталғанын жазды. Онда «17 желтоқсан күні Қарағанды қалалық Киров полиция бөлімшесіне 3 бірдей шағым түседі. «Ваз 2106» ( құны 400 мың теңге), «Мерседес» (700 мың теңге), «Фольксваген пассат» (3,5 миллион теңге) көліктерін қолды қылған. Арасына аз уақыт салып, көліктерді қаланың әр ауданына тастап кеткен. Құны 1,5 миллион теңге тұратын «Лексус» көлігін қала базарының бірінен айдап кетіпті. Абырой болғанда көлік иесі өзінің машинасын белгісіз біреудің тізгіндеп бара жатқанын көзбен көріп, бірден полиция көмегіне жүгінген. Оны сол сәтте 45 орамға жетпей қолға түсірген. Ол өз қылмысын толықтай мойындады. Соңғы көлікті елордаға алып қашпақшы болған екен» деп жазылған. Ішкі істер министрлігінің соңғы дерегіне назар аударсақ, былтыр осындай қылмыс жасаған 1 223 адам ұсталыпты. Олардың ішінде 45-і топ болып әрекет еткен. Мәселен, тамыз айында Қарағанды және Павлодар облыстарының аумағында Toyota Land Cruiser Prado маркалы жол талғамайтын көліктерді айдап әкетуді кәсіп еткен топ ұсталды. 6 адамнан тұратын бұл ұйымдасқан қылмыстық топ 2019 жылдың наурыз айынан бері көлік ұрлаумен айналысқан.Еске сақтар ескерту
Полиция департаменті ұрланған көліктерді немесе олардың бөлшектерін табу үшін, сондай-ақ осындай қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында жедел-профилактикалық және іздестіру іс-шараларын ұдайы жүзеге асырады. Соның ішінде гараж кооперативтеріне, ақылы тұрақтарға, ТҚТС, автомобильдерді бөлшектейтін жерлерге және автобөлшектерді өткізу орындарына тексеру жүргізеді. Осындай шаралардың нәтижесінде көлік ұрлау азайып келеді. Құқық қорғау органының қызметкерлері «көлікті барынша қараусыз қалдырмау керек», – дейді. Мәселен, дүкенге асығып кіріп кетсеңіз, жанар-жағармай бекетіне барсаңыз да, кілтті көлік ішінде тастамау керегін ескертеді.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы